№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жаңақорғандағы «Баян сұлу» күлкіңізді көріктендіреді

Жаңақорғандағы «Баян сұлу» күлкіңізді көріктендіреді

Тумысынан табанды, турашыл, алатаудай тірлікті ауырсынбай атқара алатын аруларға "ер мінезді" деген теңеуді теліп жатамыз. Мұның астарында біріншіден, ер-азаматтарға деген асқақ құрмет жатыр, екіншіден, қаракөздің нағыз ерге лайық қадір-қасиетін осы бір-ақ ауыз салмақты сөзбен түйіндегенде табиғатын танығандай болатын тәріздіміз. "Нар жолында жүк қалмас" жауапкершілікті нәзік иығымен көтеріп, көпке үлгі болып жүрген осындай әйел-аналар қатарында, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Баян Божбанбаеваны айрықша атауымыздың жөні жоқ емес.
Көзін тапқан қазынаға кезігеді. Қандай кәсіптің болмысын тамырын дөп басып, табиғатын танып, тылсым сырына тереңдеген сайын болмысыңмен біте қайнасып, бір бүтін тағдырға айналары рас. Содан соң ол саған, сен оған таяныш болып, таудай мақсаттарды бірге бағындыруға бағыт түзейсің. Ең бастысы, жаның сүйген кәсіпті жаңылмай таба білуің. Ал бұл жеке тұлғаның ерекше мүмкіндіктеріне-шеберлігіне, дарынына, білі­гіне, құзіретіне, тәжірибесіне негізделеді. Бұл бір сөзбен сипаттағанда, іскерлік деген­ге саяды. Елбасы атап көрсеткен "Адам капиталына арқа сүйеу қағидаты мем­лекеттің прогрессивті көзқарасын ғана емес, жеке адамның өзіне деген жауапкершілігін де айқындайды.
Өздері өмірге келген Қосүйеңкінің қоңыр тіршілігінен мүлде бөлек, ғажайып бол­­мыспен қауышып, ғылым жалына жар­масқан жас кеуденің арман-тілегі туған бауы­рының бойынан буған да ауысқандай. Ерекше ағасы Керімханға көп еліктеді. Оқушы кезінен өз қатарынан оқ бойы озық таныла білді. Сол кездің өзінде қоғамдағы кереғарлықты өзінше қорытып, «мендік» көзқарасын дәлелдеп жүретін көшбасшылық қасиетімен сыныпты, есейе келе комсомол ұйымын басқарып, жастарға жетекші бола білді. Керімхан ағасы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, алдымен Келінтөбе совхозында гидротехник, одан әрі Түгіскенде бас агроном, аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып ауысқанда қызмет бабымен отбасы қай жерге көшіп барса ағасынан бір елі қалмай, тәлімін көріп, тәрбиесін алған Баянның Бірлік ауылында 7-сыныпқа дейін, одан әрі Келінтөбе, Түгіскен мектептерінде оқып, аттестатты аудан орталығындағы №51 орта мектебінде алуының мәнісі сонда.
Баян оныншыны бітірген соң жүрек қалауымен Алматы медициналық институ­тының стоматология факультетіне оқуға түсті. Еңбек жолын облыстық ауруханада стоматолог болып бастады. Одан әрі туған жерге оралып, атамекен халқына дәрігерлік қызмет көрсетті.
Жекешелендіру саясаты қарқын алған 1999 жылдары кент орталығынан «Баян Сұлу» тіс емханасын ашып, жұмысын жолға қоюға бел буып кірісті.
Нарық билеген қоғамда кәсіпкердің ең басты ұстанымы кәсіби стандарттардың талабын ескеріп, бағдарламаларды жаңар­туға тиіс. Әрбір адамның өз әлеуетін іске асыруы үшін жағдай жасау маңызды. Бұл үшін емдеу кешенін қажетті құрал-жабдықтармен қамту жеткіліксіз. Бұл жолда білікті дәрігерге менеджерлік те қасиет қажет.
Кәсіпкер ханым жұмысын бастаған жыл­дары Америкаға барған сапарында өз кәсібін аяқтан нық тұрғызудың әдіс-тәсілдеріне көңіл қанықтырып оралды. Ол содан бері осындай ізденістерден танған емес. Жақында ғана Алматыда өткен стоматологтардың халықаралық конгресіне қатысып, заманауи жаңалықтардан оң жамбасқа келетін тұста­рын әріптестерімен бөлісуден танбай келеді.
Біз жеке кәсіпкер Баян Божбанбаеваны әңгімеге тартып, өзінің төл кәсібі бойынша жүрек сөзімен бөлісуді жан көрген едік. Маман дәрігердің елдің саламаттылығы жолындағы салмақты талабынан тек қана шынайы жанашырлықты аңдап, жеке бас саулығына енжар көзқарасынан арыла алмай келе жатқан қазақы менталитетімізді шын мойындағандай болдық.
– Әр ата-ана баласының тіс күтіміне сәби кезінен салғырт қарамауы тиіс. Бүлдіршіннің тісі зақымданды дегенше он екі мүшесі сау баланың денсаулығына кінәрат түсті дей беріңіз. Тіпті мүгедек деп санауға бола­ды. Өйткені барлық дерттің ошағы осы опырылған ауыз қуысынан басталады. Бұған Кеңес үкіметі кезінде қатты мән бері­летін. Мектептердің барлығында тегін көру, емдеу шаралары өтіп, тіпті тіс тазалау құралдарын тегін тарату акциялары жиі ұйымдастырылатын. Мұны зақымданған мүшені емдегеннен гөрі арзанға түсетін іс-қимыл шаралары деуге болады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген принциптің астарында үлкен философия тұнып тұр. Осыны терең түсінсек екен, – дейді ол.

Кәсіптің бағы – ғылымда

Стоматология – үлкен бір сала. Оның өзі терапия, хирургия, ортопедия, имплан­тация сынды ірі-ірі жүйелерді құрайды. Зақымданған тісті диагностикалық құрал­мен анықтау мәселесі деген тағы бар. Осының барлығымен кешенді түрде айна­лысып, тіс стоматологиясының әлеуетін арттыру – білікті мамандардың міндеті. Бұл жерде ең бастысы – адамның даму мәселесі. Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл күйінің аса маңызды компоненті. Кәсібіне көзсіз берілген тұлға осы талаптан шығу үшін бар қолдан келген мүмкіндігін сарқа жұмсары кәміл. Баян Божбанбаева үнемі осы тұғыр­дан танылып келеді. Өзі басқаратын стоматология орталығын соңғы үлгідегі аппаратуралармен жабдықтап, халыққа ыңғайлы, әрі қалтаға қонымды етуге тыры­сумен қатар тиімді әдістермен емдеуге ерекше ден қойып келеді.

Іскерлік – ізгілікке бастайды

Біздің елімізде іскер әйелдер қауымдас­тығының негізі қаланғанына ширек ғасырға жуықтапты. Осы бастаманы облыс бойынша негізге алып, аудандарда филиалдарын ашу талабы туындағанда таңдау осы Баян апайымызға түсті. Бірауыздан қолдаумен ол аудандық іскер әйелдер қауымдастығының жетекшілігіне сайланды. Осы жарты жыл ішінде Баян Божбанбаеваның ауданда атқарған игі істер көп. Соның бірі – Наурыз мейрамында облыс орталығында өткен шараға қоғамдастық атынан үлкен демеу көрсетті. Қаржылай көмектен басқа қырыққа жуық спортсмен жарыс алаңында ойын көрігін қыздырып, шаттық мерекесіне бұқаралық мәдени көпшілік мазмұн сыйлады. Аудандар бойынша бас құраған іскер әйелдер тобы жаңадан ашылған сауда нүктесі алдында жиырма тұрмыс күйі төмен отбасына тегін азық-түлік түрлерін тарту етті. Сол күні қолдарына жалауша ұстаған іскер әйелдер қатары қаланың орталық көшесімен шерулетіп жүріп өтіп, қандай да бір жақсы іс, жарқын бастамада өздерінің қуатты құрылым сапынан табыла алатындықтарының қоғамдағы көрінісіне көпті куә етуі көңілдерге үлкен сенім сыйлады.
Ия, нәзік жандылар қатары қандай іске шын ниеттеніп, қолға алса одан биік нәтиже шығаратыны жөнінде тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та мінбелерде жиі айтып, олардың құнттылығына, ұқып­тылығына ықыласты бағасын беріп жүретінін ұмыта қйоған жоқпыз.
Әлгінде айтқанымыздай, сүйегі жаңа­лыққа құмар, үнемі өсуді, өрлеуді өзіне мұрат еткен жанның алмайтын асуы болмайды екен. Ғалым ағамыз – Керімхан Егізбаевтың ауылда тұрып-ақ патенттік рекордты меншіктеп, күріштің жаңа сортын тәжірибеге еңгізгеніне ел куә. Ал бауыры Баян да үнемі ізденісте болып, өз мақсат жолында мезгіл мінберінен қалыс қалмауға қайрат қылудан танбай келеді.
Ол қазірде ЭМБиА мектебінің тұрақты тыңдаушысы. Экономикалық бизнес менедж­ментін игеруге талап қылып отыр­ған қазақ қызының бизнес-жоспарын алда­ғы уақыттың сәті көрсететін болады. Ал әзірше ол оған қажетті алғышарттарды анықтап, оған моральдық та, материалдық та тұрғыдан үлкен әзірлік үстінде екен.
– Жақында осындай мақсатпен Швейца­рияға барып қайттым, – дейді ол. Бұл озық елді көріп, тамашалап қайту ғана емес, бір мемлекетті екінші мемлекетке танытудың да тәсілі, барған заматта Қазақстаннан барған сегізіміз де ұлттық киімімізбен жүріп-тұрып, өзге елде ұлтымыздың келбе­тін ұлықтай білдік.
Женевада өткен жаһандық Саммит­ке жетпіске жуық мемлекеттен іскер әйелдер келіп қатысты. Оның ішінде мемлекет басқарған әйелдер, планетадағы бейбітшілікті жақтайтын халықаралық ұйымдар жетекшілері, түрлі компания, қоғам бірлестіктерінен өкілдер қатысты. Келесі жылы Тайландта өтуге жоспарланған Саммит төрағалығы Қазақстанға беріліп отыр. Саммитте барлық салада жүрген әйел қауымының іскерлік жобаларын ашу, өркендету талабынан туындайтын мәселелер талқыланып, іс-тәжірибелер алмасылды. Сонда көргенімді, білгенімді өз әріптестеріммен бөлісіп, тың идея, ұсыныстарымды жасап келемін. Келесі Саммитте медицина тақырыбы бойынша баяндамама дайындалып, осындай ісса­парға барлық салалардағы белсенді қыз­дарды үндеп келемін. Мұны өсудің, өркен­деудің, тіпті, өзіңді өзің танудың шынайы мектебі деп санаймын.
Кәсіпкер ханым осылай дейді.
Қолында кәсібі бар, әлеуеті жеткілікті тұлғалардың кем-кетікке қарайласып, қол ұшын созуы, табиғи тәуекелге айналғанына жаңа ғасыр табалдырығында айрықша куә болып келеміз. Адами болмыстың бәтуасы мен жүректің әміріне бағынып әр қадам алға аттаған сайын әлеуметтің де жағдайын көңілінен шығармай, ойы онға, санасы саққа бөлінетін де тұратын елжанды тұлға, төрт баланың анасы Баян апамыз өзі қатарлы кәсіпкер әйел-азаматтардың басын қосып, күшін біріктіріп, баспанаға өте мұқтаж бір бауырға тұрғын үй салып берсек деген ізгі талабын ортаға салған еді. Ұсынысы қызу қолдау таба кетті. Сөйтіп Баян Божбанбаева бастаған аудандағы 42 жеке балабақшаның құрылтайшылары кент орталығынан соғылатын бес бөлмелі жаңа үйдің құрылысына кірісіп кетті.
Талапты топ құрылыстың қазығынан бас­тап, толық аяқтап, егесіне үйдің кілтін тапсырғанға дейін жұмыстың бар тауқыметін, қаржы-қаражатын мойын­дарына алып отыр. Бұған үлкен ризашылық танытқан аудан басшысы тұрғын үйдің суы мен газын кіргізіп беруді өз міндетіне алыпты. Кеше елге сапарлап қайтқан аймақ басшысы да бұл қайырымды қадам – қанатты жобаның қалың елге жарқын үлгі екеніне ерекше тоқталып, ықыласты қолдау танытты.
Халқымызда «Бірдің жарығы мыңға түседі» деген мақал бар. Қара бастың қамынан гөрі мемлекеттік мүддені жоғары қоятын көпшіл де, көрікті мінезді Баян Божбанбаева сынды жалын жүрек, қайсар жандар біздің қоғамға осындай қадір-қасиетімен қымбат.


Баян ҮСЕЙІНОВА.
20 тамыз 2019 ж. 870 0