№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » КӘСІПКЕР ӘЙЕЛ ҚАТАРЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

КӘСІПКЕР ӘЙЕЛ ҚАТАРЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ


«Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес». Бұл Елбасының әйелдердің қоғамдық істердегі белсенділігіне берген бағасы. Расында бүгінде нәзік жандылар кәсіпкерлік саласында ерлермен иық тіресе жұмыс жасап жүр.

Қазіргі таңда республика бойынша кәсіпкер қыз-келіншектердің үлесі 50 проценттен асқан. Мұндай жоғары көрсеткіштер әйелдер кәсіпкерлерлігінің дамуы әлеуетінің артқанын көрсетеді. Ал, шағын бизнес кәсіпорындарының 60 процентін әйелдер басқарып отыр екен. Мұндай көрсеткіш Сыр өңірінде де көңіл қуантарлық. 2018 жылы облыс бойынша «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына 27741 қатысушы енгізілсе, соның ішінде әйелдердің меншікті салмағы 47,4 процентті құраған. Яғни, 13151-і нәзік жандылардың үлесінде. Ал, «Өңірлік инвестициялық орталық» ЖШС арқылы облыстық бюджеттен шағын несиеге 1 млрд теңге бөлініп, 258 жоба қаржыландырылған. Соның 112 жобасын әйел кәсіпкерлер алған. Осыдан-ақ өңірдегі кәсіпкер қыз-келіншектердің белсенділігін байқауға болады.
Әрине, мұның қатарында жаңақорғандық кәсіпкер әйелдердің де салмағы басым. Аудан бойынша 3 мыңның үстінде кәсіпкерлік субьектісі тіркелсе, оның 30 процентін бұрымдылардың бизнесі құрайды. Жергілікті әйел кәсіпкерлердің бейім кәсібі: ол – сұлулық салоны, наубайхана, тігін ісі, сауда-саттық, жекеменшік балабақша, тіс емханасы сынды салада белсенді жұмыс жасауда.
Соңғы жылдары жеке балабақша санының артуы – әйел кәсіпкерлердің көбейгенін айғақтайды. Десе де, ауданда тұңғыш болып, кәсіпкерлікті қолға алған нәзік жандыларды айтпай кетуге тағы болмас. Олардың қатарында: «Баян сұлу» тіс емханасының басшысы Баян Божбанбаева, наубайхана ісінің көшбасшысы Ғалия Тұрабаева, «Май зауыты» ЖШС төрайымы Гүлнар Мансурова, «Өтеміс»» ЖШС директоры Сара Хусейнова, «Нұр-әділ» сауда орталығының басшысы Аманкүл Сауранбаева, «Марат» шаруақожалығының төрайымы Рәйлаш Сәруарова, «Сәдуова» қожалығының жетекшісі Қалмаш Сәдуова, «Жан» шаруа қожалығының төрайымы Жұмакүл Әжібекова бар. Оған қоса, жеке кәсіпкерлер Әлима Әбілқасымова, Айымтай Әжібекова, Сайлаукүл Есенбекова, тағы да басқа кәсіпкер әйелдер бар.
Сондай-ақ халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында кәсіпкер қыз-келіншектер қауымына жағымды жаңалық. Осы аптада кенттегі «Ордакент» үйінде Қазақстанның Іскер Әйелдер қауымдастығының облыстық филиал төрайымы Манат Алмашованың бастамасымен басқосу өтті. Жиын барысында қауымдастықтың мақсат-міндеті, бағыт-бағдары түсіндірілді. Соңыра, басқосуға жиналған барлық әйел кәсіпкерлердің бірауыз қолдауымен Жаңақорған аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы қызметіне белгілі кәсіпкер Баян Божбанбаева сайланды. Алдағы уақытта бұл қауымдастық кәсіпкерлікке ынталы қыз-келіншектер мен бизнесін бастаған бұрымдылардың кәсібін одан әрі дамытуға құқықтық һәм үйлестірушілік қызметіне демеу болады. Бұл жөнінде бізге толығырақ Баян Божбанбаева айтып берді.
– Негізі Қазақстанның Іскер Әйелдер қауымдастығы – республикалық қоғамдық үкіметтік ұйым. Қатарында 5000-ға жуық іскер әйелдер мен 20-дан астам аймақтық филиалы бар. Қауымдастықтың құрылғанына 20 жылдан асқан. Яғни, қалыптасқан өзіндік жолы мен бағыт-бағдары айқын. Сәтін салса, алдағы уақытта ауыл-аймақтағы кәсіпкер және кәсіпкерлікке ынталы азаматшаларға ақпараттық бағытта қолдау көрсетеміз. Өздеріңізге белгілі, ауданда күн санап жас кәсіпкер қыз-келіншектердің қатары көбейіп келеді. Міне, осы тұста қауымдастықтың «Жас қанаттар» атты арнайы жас кәсіпкер келіншектерге арналған жобасы бар, – дейді Баян Егізбайқызы.
Тағы бір айта кетерлігі, соңғы үш жылда Сыр өңірінде түрлі салада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында пайдалануға берілген әлеуметтік нысан қатары арта бастады. Ірі инвестиция тартуға бағытталған жобаға әйел кәсіпкерлер де атсалысуда. Сондай тиімді әріптестік аясында бой көтерген спорттық кешен өткен жылы Сүттіқұдық ауылында ашылған болатын. 150 орындық жаңа спорттық-сауықтыру кешенін сүттіқұдықтық жас кәсіпкер Гүлжайна Рысбаева ашқан еді. Инвестор өз қалтасынан 100 млн. теңге қаржы шығарып, ауыл жастарының келешегіне керемет мотивация беретін инвестиция құйған болатын. Бүгінде елдімекендегі спорт кешенінде еркін күрес, тоғызқұмалақ, бокс, гандбол спорт түрлері бойынша ауыл жеткіншектері шеберліктерін шыңдауда. Гүлжайна Бураханқызының айтуынша, ашылғанына аз уақыт болса да, ауыл жеткіншектері еркін күрестен облыс жеңімпазы атанып үлгеріпті. Қазіргі таңда 3 топ бойынша жаттығып жүрген жасөспірімдер саны 200-ге жуықтапты.
Түйіндей айтқанда, әйел – іскер, білікті басшы, әйел – жылулық, барша әлемге мейірім шашып тұратын шапағат шуағы. Оған қоса, қазіргі таңда осы нәзікжандылар қауымының қоғамдағы рөлін іскерлік және көшбасшылықпен етене байланыстырмаса болмайды. Өйткені, елдегі гендерлік саясаттың маңызды бөлігінде олардың алатын орнының айрықша екендігі белгілі. Бұл бағытта біз мақалаға арқау еткен кәсіпкер әйелдердің барлығы да ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына өзіндік үлесін қосып жатқаны айқын.

Әбдісамат ӘБДІШ.
08 наурыз 2019 ж. 2 216 0