№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » НАН ӨНІМІНІҢ ӨРІСІН КЕҢЕЙТПЕК

НАН ӨНІМІНІҢ ӨРІСІН КЕҢЕЙТПЕК

«Zhas projekt» жобасы арқылы грант жеңіп алған қосүйеңкілік жастар бүгінде ауылдықтарды нан өнімдерімен қамтамасыз етуде. Балжан бастаған жастар ауылдағы алғашқы наубайхананы іске қосты. Осы уақытқа дейін ауыл жұртына дүкендер қызмет ететін болса, енді наубайхана іске кірісті.
Әрине, олар әзірге жоба тәртібі бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі жандарды қамтуды көздейді. Десе де, келісім-шарт біткеннен кейін ауыл игілігіне қызмет етуді мақсат тұтып отыр. Сондықтан, жобаның мақсаты мен атқаратын қызметін білмекке тау беткейдегі ауылды бетке алдық.
1000-ға жуық халқы бар Қосүйеңкі ауылының негізгі еңбек көзі мал шаруашылығы. Төрт түлігін түгендеп, қыстың қамына кіріскен ауылдағы ағайын қайнаған тіршіліктің ортасында. Ал, біз іздеген жобаның тақтайшасы ауылға кіре берісте жазулы тұр. «Аруназ тәттілері» деп аталатын жобаға жетекшілік ететін Балжан Караеваны әңгімеге тарттық.
– Халықаралық қайта құру және даму банкі арқылы 1 000 000 теңгелік грантты жеңіп алып, қазір қаржының жарты бөлігіне 2 пеш, станок және басқа да нан пісіретін құралдар сатып алдық. Алдағы мақсатымыз 6 ай бойы 80 отбасыны кондитерлік тауарлармен қаматамасыз етеміз. Нақтырақ айтқанда ай сайын 15 отбасыға тегін қызмет жасаймыз. Бүгінге дейін бір айды атқарып, екінші 15 отбасыға жұмыс жасап келеміз, – деді топ жетекшісі.
Топ құрамында Тоқтар Құлтасов және Берік Кабуов сынды ауыл жастары жұмыс жасайды. Олар қазір бір айлық шәкірт ақысын алып үлгерген. Жастар жобасы ауылдықтарға қызмет етуді ғана көздемейді, сондай-ақ, жұмыссыздық мәселесін шешуге, кәсіп бастауға үлкен мүмкіндік береді. Мәселен, «Аруназ тәттілерінде» қазір Жәудір Арынова есімді нәзік жанды жұмыс жасайды.
– Ең алдымен жоба жеңімпаздарына алғыс білдіремін. Әрине, бұл ауылдықтарға үлкен септігін тигізіп жатқаны рас. Шүкір, қазір бұрынғыдай жұмыссыз емеспін. Алдағы уақытта да тұрақты қызмет етіп, сапалы өнім дайындауға күш салатын боламын, – деді алтын алқа иегері.
– Мүмкіндік болса алдағы уақытта да Жәудір апай секілді жандарды қызметке алатын боламыз. Ісіміз ілгерілеп жатса келер жылы көрші ауылдарға да нан өнімдерін тасымалдау туралы мақсат қойып отырмыз, – деді Тоқтар Ақмырзаұлы.
Сонымен, нанның түрлері мен тәтті тоқаштарды дайындайтын цехтың бір күндік жұмысымен танысып шықтық. Ең бастысы, ауылдықтар дән разы. Келер жылы тағы мүмкіндік туындаса қосүйеңкілік жастар ата кәсіптің өрісін кеңейтуге ниетті.
Әлібек Жарықбаев.
23 қазан 2018 ж. 1 745 0