«ZHAS PROJECT» ЖОБАСЫ: ЖАҢАҚОРҒАН ҮЗДІК АУДАН
Биыл Мемлекет басшысы Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту бағытында нақты тапсырмалар берді. Яғни, мемлекет тарапынан қолдау артты. Тек креативті бизнес-жоспар құрып, қаржылай қолдау табуға болады. Бір сөзбен айтқанда, кәсіптің көзін тапса болғаны. Мұндай қамқорлықтан жастар да қалыс қалмауда. Мәселен, бизнеске ынталы жастар «Zhasproject» жобасы арқылы кәсібін дөңгелете бастады.
Расында, жаңақорғандық жастар жобаға белсенді қатысып, 110-ден аса жоба ұсынған еді, 68 грантты жеңіп алды. Осының нәтижесінде 68 млн. теңге және осы жобаларға қатысушы 6 ай бойы 40-60 мың теңге жәрдемақыға ие болады. Аудан жастарына 145 млн. теңге инвестиция құйылды. Енді 240-тан астам тұрғын берекелі ісіне жан бітірді.
Жалпы, «Zhasproject» бойынша Қызылорда қаласынан кейінгі орынға тұрақтағанымызды айтқан жөн. Сондықтан, жоба жеңімпаздарының жұмысы қалай жүзеге асуда? Біз осыны анықтадық.
Алдымен аудандық «Жастар ресурстық орталығынан» мән-жайды білдік. Қарап отырсақ, ауылдағы құс шаруашылығы, тігін цехы және шаштараз сынды кенжелеп қалған кәсіптің тынысы қайта ашылғандай. Мәселен, Жайылма ауылдық округінде тігін цехы іске қосылса, Ақүйікте құс шаруашылығы қайта қанат жайды. Құттықожа ауылының жастары да қайтарымсыз гранттан құр қалмады. Бірі «Құттықожадағы саумал» өнімін өрістетсе, енді бірі компьютерлік қызмет арқылы үлкенді-кішілі ауылдықтардың сауатын ашуға ынта білдіріпті. Сондықтан, бұл жобаның жеңімпаздарының аяқасын аңдауды алдымен осы ауылдан бастауды жөн көрдік. Құт қонған Құттықожаға тарттық.
Халқы 1000-нан асатын ауылдықтардың негізгі еңбек көзі – мал шаруашылығы. Сондықтан, жастардың дені ата кәсіптің керегесін кеңейтіп, нәпақасын тауып отыр. Ал, «zhasproject» арқылы компьютерлік қызмет көрсетуді қолға алған Гүлнұр бастаған жастардың жұмысы жүйелі. «Цифрлы әлем біздің ауылда» тақырыбындағы байыпты бастама сурет қызметіне құттықожалықтардың көңілі толады. Ауыл ішіндегі «Еркежан» балабақшасында орналасқан жобада әзірге 30-ға жуық тұрғын дәріс алады.
Есік алдынан күтіп алған топ басшысы бірден іске кірісті. Алдымен, топ мүшелерімен таныстырып, көрсетіліп жатқан қызмет түрін түсіндірді.
– Біздің топтың менторы Гүлнар Абдишева, ал, топ мүшелері Бақтина Бисенбаева, Мөлдір Назарова және мен. Бір айдан астам уақыт мектеп оқушыларына және орта жасқа дейінгілерге әзірге «Word» және интернет арқылы мәлімет алу, сондай-ақ, кестемен жұмыс жасау сынды қызмет түрін көрсетіп жатырмыз. Жас буынға одан да басқа компьютерлік бағдарламаларды үйретудеміз. Себебі, олардың түсініп, қабылдауы жақсы. Бұйыртса, алты ай бойы компьютерлік қызмет ұсынатын барлық программаларды игертуге тырысамыз, – деді Гүлнұр Абдезова.
Қазір топ мүшелері берілген грантқа компьютерлер, тақта, парта және бөлме жабдықтарын алып үлгеріпті. Енді берілетін қалған қаржыға тағы да керек-жарақтарды аламыз дейді.
Иә, қазіргі уақытта техниканың тілін түсінгендердің табысқа жететіні белгілі. Әсіресе, күнделікті интернет ресурстарының ұсынатын қызметі қашанда маңызды. Олардың қолжетімді болуы үшін алдымен компьютер тетігін түсіне білген абзал. Осыны ескерген топ берекелі бастаманы қолға алып, ауылдағы ағайынға уақыт күттірмей дәріс беріп келеді. 6 ай тегін берілетін сабаққа келетін мектеп жасындағылардың көбі ата-анасының мүмкіндігі шектеулі немесе тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардан екен. Негізі жобаның да мақсаты сол.
– Шыны керек, балабақшада тәрбиеші болып жұмыс жасағанымен, ақпаратсыз ағымнан кеш қалатынымды түсіндім. Сондықтан, осындай бастама қолға алынып жатыр дегенді естіп, алғашқы тіркелгендердің бірі мен боламын. Әзірге жазу мен интернеттен ақпарат іздеуді толыққанды игеріп алдым. Енді түрлі бағдарламалар арқылы жұмыс жасаудың жолын үйренсем деген неиттемін. Сондықтан, өте қуаныштымын, әсіресе балаларымыздың болашағы үшін бұл жобаның тиімділігі өте көп, – дейді Рыскүл Баратбекова.
Міне, жастар жобасының тиімділігі осыны көрсетті. Мұны екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар үшін тиімді жоба екенін түсіндік. Тек алға мақсат қойып, ойға алған ісінің жемісті жүзеге асуына талаптанса болғаны. Ең бастысы, жігерлі жастардың асқақ арманы ақиқатқа айналып, Сыр жастарының жаңа бастамалары жүзеге аса бастауында. Бір сөзбен айтқанда, «Zhasproject» жобасы жемісін бере бастады.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
Пікір 94