№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауылдағы интернет және 4G: маңызы мен мәні

Ауылдағы интернет және 4G: маңызы мен мәні


Жыл сайынғы әкімдер есебінде тұрғындардың көтеретін негізгі мәселесі интернет желісінің қолжетімсіздігі немесе жылдамдығының тым төмендігі. Әсіресе Сыр мен тау беткейдегі ауылдар интернеттің игілігін көре алмай отыр. Кейбірі ғана үй телефонына қосылған желі арқылы интернетке кірсе, ұялы байланысы ұстамайтын ауылдардың жағдайын елестетіп көріңіздер. Сондықтан бұл мәселе қалай шешіледі? Оған кімдер жауапты? Біз тұрғындар көкейінде жүрген осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Қазақстан озық отыз елдің қатарына қосылу мақсатында цифрлық технологияларды меңгеру межесін алға қойды. Өйткені әлем елдері цифрландыруға мән беріп, салаларды сандық технологияға бейімдеуде. Ол үшін жоғары жылдамдықты интернетті кәдеге жаратып, телекоммуникациялық инфрақұрылымның өрісін кеңейте түсуіміз шарт. Бүгінде аудан бойынша барлық елді мекендер ғаламтор желісіне қосыла бастады. Бірақ жылдамдығы төмен. Тіпті, кенттегі кей көшелердің өзінде ғаламторға кіру қиынның қиыны.
Цифрлық технологияларды дамытудың басты мақсаты – халықтың қолжетімділігін арттыру. Мобильді банкинг, онлайн-сауда, цифрлық сервистер, оның ішінде денсаулық сақтау мен білім беруде цифрлық дағдыларды дамытып, ашықтық пен қолжетімділікті арттыруға бағыттау былай тұрсын, ауыл балалары ютубтан керегін, «гугл-дан» қажетін көруі жырға айналды. Соғыстан кейінгі тоқырау кезеңдерінде бүтіндей ауылда екі-үш теледидар болатын. Соған ауыл балалары жиналып, бір көру үшін күндерді асыға күтетін. Сол күйден әлі де арыла алмаудамыз.
– Біз цифрлық теңсіздікті төмендету мақсатында тұрғындарды интернетпен 100 процент қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастырудамыз. Басты міндет – ауылдық округтерде ғаламтор желісіне қолжетімділікті арттыру. Бүгінде Жайылма, Шалқия, Құттықожа, Қыраш, Қосүйеңкі, Байкенже, Кеңес пен Манапқа оптикалық кабель (талшықты жүйе) жүргізудеміз. Алдағы уақытта сегіз ауылда 4 мемлекеттік мекемеде интернет желісі толық іске қосылады. Одан бөлек, кенттегі барлық мектептерде интернет желісі іске қосылады. Былтыр Жаңарық пен Қыркеңседегі желілер толық ауыстырылған. Қаратөбеде де 4G желісі бар. Тек Көктөбе мен Қандөздің мәселесі шешілмей тұр, – дейді «Жаңақорған желілік телекоммуникациялық цехының» басшысы Зейнадулла Өрғараев.
Оның айтуынша, Жамбыл мен Сыр өңірінің телекоммуникация мекемесінің негізгі орталығы Шымкент шаһарында орналасқан. Сондықтан аудандағы мәселелерді шешу оңай емес көрінеді. Ол үшін бұл мәселені республикалық деңгейде шешудің жолын іздестірген жөн. Демек, қос елді мекеннің шаруасы биыл да аяқсыз қалуы мүмкін. Сонда да жылдамдығын арттыру мақсатында жұмыстар атқарылуда деп түсіндік. Бірақ Сыр беткейдегі ауылдық округтерде өткен әкімдердің есептік кездесуіне қатысқанымызда ауылдықтар орта­лыққа бір мәліметті жіберу үшін сағаттап отыратынын алға тартады.
– Ауылдағы жастар интернетті көбірек пайдаланатыны жасырын емес. Қазір жұмыстың көбін смартфонмен бітіретін болған. Ұялы телефонмен интернетке кіру біз үшін үлкен мәселеге айналғаны қашан. Сондықтан мүмкіндігінше осы мәселе бір жақты шешімін тапса, – деді көктөбелік Аманжол ақсақал.
Иә, оңай емес, Түркістанмен шекаралас ауылдың бүгінгі ахуалы осындай. Ал қалған ауылдар осы мәселені біртіндеп шеше бастады. Қырашта ұялы байланыстың антеннасы кейде дұрыс ұстамағанымен, енді ауыл тұрғындары мемлекеттік мекемелерден интернетті кедергісіз пайдалана алады. Енді кентке көшейік. Қорғантоғай, Саяжай мен МАИ бекеті аумағының тұрғындары ТЕЛЕ-2 операторын жиі пайдалануды тоқтатты. Себебі, бұл оператордың 4G-сі ұстамайды. Олар қазір «Актив» абонентін қолдануға көшті. Оның да қызметі мәз емес екенін көріп те, естіп те жүрміз. Бұған Зейнадулла Өрғараев былай дейді:
– МАИ бекетінде Теле-2 операторының жылдамдығы өте жоғары. Өйткені бұл оператор қазір біздің қарамағымызға толық болмағанымен қай аймақтарда қолжетімді екенін білеміз. Тек кей үйлердің ішінде желі ұстамайтыны рас. Оған үйді тұрғызғандағы материалдардың кедергі жасайтыны бар. Ал М.Көкенов, Ақмешіт көшелерінің оптикалық желісін қайта жаңғыртып жатырмыз. Енді бұл көшенің тұрғындары желіден қиындық көрмейді, – деді.
Оның сөзінше, қазір көп үй тұрғындары «Отаудан» бас тартып, «ІD ТВ-ға» көше бастапты. Белгіленген тарифті пайдалансаңыз, тегін интернет пен жүзден аса каналдарды көруге мүмкіндігіңіз бар. ТЕЛЕ-2-ден басқа операторларға мекеме жауапты еместігі өте өкінішті. Енді тақырыпқа арқау ету үшін әлемдік интернеттің дамуына тоқталсақ. Әлем мемлекеттері әупірімдеп жүріп 5G жүйесіне өтуге тырысып жүрсе, Жапония билігі телекоммуникация жүйесінің алтыншы сатысына арналған жоспарын жариялады. Жапония 2030 жылы толыққанды 6G орнатып, инфрақұрылымдарды ретке келтірмек.
Мамандардың пікірінше, 6G ақпарат тарату жылдамдығы 5G-ге қарағанда кем дегенде 10 есеге жылдам болады. Жаңа жүйені зерттеу үшін Жапония билігі 2,03 миллиард доллар бөлген. Бұған дейін Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп та тез арада 6G жүйесіне өту керегін мәлімдеді.
5G жүйесіне әлем елдерінің ішінен алғаш Оңтүстік Корея өткен болатын. SK Telecom, KT және LG Uplus операторлары 5G қызметін қолданушыларына ұсынуды бастаған. Қазіргі таңда Galaxy S10 және Оңтүстік Кореяда шыққан смартфондарды ұстайтындар үшін қолжетімді. Бесінші буынның артықшылығы мынада – олар секундына 10 гигабиттік мәліметтерді жіберуге қауқарлы. Бұл дегеніміз, біздікімен салыстырғанда 10 есеге жоғары жылдамдық. Ал алтыншы буынның деректерді беру жылдамдығы 1 Тб/с болады деп күтілуде. Бұл, секундта 100-ге жуық фильмдерді жүктеп алуға болады деген сөз.
Ел басшылығы 5G-ді наурыз айында іске қоспақ болған. Алайда оны қабылдай алатын смартфондардың санын көбейту үшін жоспарды ұзартуға тура келген. Қазақстанда өткен жылдың қыркүйек айында Қазақтелеком мен Huawei Нұр-Сұлтанда мобильді байланыстың бесінші буыны 5G желісін сынақтан өткізді. 2021 қазақстандықтар осы буынды толық пайдалана алатын болады. Әлем бойынша 2017 жылы қолданысқа енген өзгешілікке біз әлі ілесе алмай келеміз.
Мәліметтерге сүйенсек, интернет сапасы бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте елу елдің қатарына жақындап қалды. Бірақ біздің ауылдар смартфон интернетіне тәуелді болып отырғанда озық елдер көшіне ілесу қайдан болсын. Бір айта кетерлігі, Жаңақорған ауданы төрт түлік, жарық, каналдар бойынша Шиелі өңіріне тәуелді болса, енді бүтіндей Сыр өңірінің интернет желісі Шымкент қаласына тәуелді. Осыны шешудің жолы болса, онда тасада қалған қос мекен тұрғындарының көзі ашылып қалар еді. Әсіресе жастарына тиімділігі артады.

ТҮЙІН. Біз бүгін көп күтіп жүрген сауалдардың екі ғана жауабын естідік. Біріншісі – барлық ауылдардағы мемлекеттік мекемелермен кент ішіндегі көшелер жүйесі қайта жаңғыртылады. Бірақ қалған қос елді мекеннің хал-жағдайы әзірге белгісіз. Ал кейбір ауылдарға жетпей жатқан жауапты сала мамандары, яғни монтерлардың мәселесін аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы қоғамдықпен болса да шешіп беретінін жеткізді. Әліптің артын бағайық, атқамінерлер атына ертерек мініп, қамданбаса, ауыл осылай қалып қоя бермек...

Әли ТЕМІРБЕК
25 қаңтар 2020 ж. 1 109 0