№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Цифрландыру: ауылға 4G қашан келеді?

Цифрландыру: ауылға 4G қашан келеді?


Цифрлық технологиялар әлемдік экономикалық дамудың негізгі факторына айналуда. Яғни, еңбек өнімділігінің артуына, өмір сапасының жақсаруына жан-жақты жағдай жасайды. Сондықтан дамуға бет алған елдер цифрландыруға мән беріп, салаларды сандық технологияға бейімдеуде. Ол үшін жоғары жылдамдықты интернетті кәдеге жаратып, телекоммуникациялық инфрақұрылымның өрісін кеңейте түсуіміз шарт. Бүгінде аудан бойынша барлық елді мекендер ғаламтор желісіне қосылған. Бірақ жылдамдығы төмен. Тіпті, кенттегі кей көшелердің өзінде ғаламторға кіру қиынның қиыны. Біз осының мән-жайын анықтауға тырыстық.

Цифрлық технологияларды дамтудың басты мақсаты – халықтың қолжетімділігін арттыру. Яғни, мобильді банкинг, онлайн-сауда, цифрлық сервистер, оның ішінде денсаулық сақтау мен білім беруде цифрлық дағдыларды дамытып, ашықтық пен қолжетімділікті арттыруға бағыттау. Аталған цифрлық сервистерді қалыптастыру үшін ақпараттық-технологиялық инфрақұрылымды дамыту маңызды элемент екені анық. Заманауи қолжетімді телекоммуникациялық инфрақұрылымсыз Қазақстанның әлемдік эконмикалық және ақпараттық кеңістікте орнығуы мүмкін емес. Осы ретте, біздің ауданның барлық елді мекені ғаламтор желісіне қосылған. Бірақ, ғаламтор желісі кейбір ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайды.
«Жаңақорған желілік телекоммуникациялық цехының» ақпаратына сүйенсек, аудан бойынша интернет желісіне 5700 абонент қосылған.
– Біз цифрлық теңсіздікті төмендету мақсатында тұрғындарды интернетпен 100 процент қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастырудамыз. Басты міндет, ауылдық округтерде ғаламтор желісіне қолжетімділікті арттыру. Бүгінде Төменарық, Сунақата, Әбдіғаппар, Жаңарық, Екпінді, Қожамберді, Сүттіқұдық, Шалқия, Бірлік, Кеңес, Бесарық, Қожакент, Өзгент ауылы ғаламторға қолжетімді. Бұл ауылдарда 4G желісі бар. Ал, Қаратөбе, Қандөз, Келінтөбе және Қосүйеңкі ауылына жоғары жылдамдықтағы интернет желісі әлі жеткен жоқ. Алдағы уақытта бұл елді мекендерге де интернет жеткізу жұмыстары жүретін болады, – дейді «Жаңақорған желілік телекоммуникациялық цехының» басшысы Зейнадулла Урқараев.
Оның айтуынша, ауылдық округтердің басым бөлігінде интернет қолжетімді. Ал, жылдамдығын арттыру мақсатында жұмыстар атқарылуда. Мәселен, биыл Қосүйеңкі, Жайылма, Қыраш, Қожамберді, Байкенже, Келінтөбе және Билібайға оптикалық кабель (талшықты жүйе) жүргізіледі. Қазіргі таңда ауылдық округтердің 100 проценті ұялы байланыспен қамтылса, 80 проценттен астамы ғаламторға қолжетімді.
Маманның сөзі қаншалықты шындыққа жанасатынын қайдам, Сыр беткейдегі ауылдық округтерде өткен әкімдердің есептік кездесуіне қатысқанымызда бірнеше суретті жіберу үшін сағаттап отырған едік. Дегенмен, Төменарық аймағында интернеттің жылдамдығы қалыпты.
– Өзім интернетті көп пайдаланамын. Қазір жұмыстың көбін смартфонмен бітіретін болдық. Ұялы телефонмен интернетке кіремін. Жылдамдық жоғары. Ауылдың кез-келген жерінде 4G ұстайды, – дейді төменарықтық Жандос Тұрымбетов.
– Ауданның орталығында тұрғанымызды отбасымызбен ТЕЛЕ-2 операторын пайдаланатын едік. МАИ бекеті ықшам ауданына көшкелі ол оператордан бас тартуға тура келді. Өйткені, интернет желісі істен шықты. Тіптен, ол оператормен сөйлесудің өзі қиындап кетті. Қазір «Актив» абонентін қолданамыз. Оның да қызметі мәз емес, – дейді МАИ бекетінің тұрғыны Самал Қошқарова.
Біз тұрғынның дәл осы сауалын Зейнадулла Урқараевқа қойдық:
– МАИ бекетінде Теле-2 операторының жылдамдығы өте жоғары. Өйткені бұл оператор қазір біздің қарамағымызда болғандықтан қай аймақтарда қолжетімді екенін білеміз. Тек кей үйлердің ішінде желі ұстамайтыны рас. Оған үйді тұрғызғандағы материалдардың кедергі жасайтыны бар, – деді ол.
Тақырыпқа тұздық болсын, әлемнің дамыған елдері интернеттің қай желісін пайдаланатынына тоқталсақ. Біз 4G-ге қосылуды армандап жүргенде әлемнің алпауыт мемлекеттері 5G желісіне көшкелі қашан. Мәселен, Американың 11 қаласында 2017 жылы-ақ 5G желісі іске қосылған. Демек, олар секундына 10 гигабиттік мәліметтерді жіберуге қауқарлы. Бұл дегеніміз, біздікімен салыстырғанда 10 есеге жоғары жылдамдық.
Сондай-ақ, бесінші буындағы байланыс желісі Қытайда да сынақтан өткен. Қытайдың астанасында мобильді байланыс технологиясында 5G стандартындағы әлемдегі ең үлкен эксперименттік желі іске қосылған. Олар 2020 жылдан бастап 6G желісін қолға алуды жоспарлауда. Зерттеушілердің сөзінше, деректерді беру жылдамдығы 1 Тб/с болады деп күтілуде. Бұл, секундта 100-ге жуық фильмдерді жүктеп алуға болады деген сөз.
Мамандардың сөзінше, 5G байланысы бүкіләлемдік желіге біруақытта 100 млн. мобильді қосымшаны қосуға мүмкіндік береді, ал мәліметтерді жіберу жағынан өткен буындағы байланыстан 10 есе жылдам болуы мүмкін. 2020 жылға қарай 5G желісі барлық қолданушылар үшін қолжетімді болады деп күтілуде.
Мәліметтерге сүйенсек, интернет сапасы бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте 58-ші орында. Ал, рейтинг бойынша көш басында Оңтүстік Корея, екінші орында Дания, үшінші орында Исландия. Одан кейін Англия мен Швеция тұр. Көрші Ресей 45-ші, Қырғызстан 126-шы орынға жайғасқан.
Жалпы, әлемдік тәжірибеге қарағанда, ұялы байланыс стандартының жаңа буыны әр он жыл сайын өзгеріп отырғанын көруге болады. Мәселен, 1981 жылы бірінші стандарт -1G, 1992 жылы - 2G, 2001 жылы - 3G, 2010 жылдың аяғында 4G енгізілді.

Түйін. Цифрландыруды дамыту заман талабы. Өйткені, нақ қазіргі уақытқа жаңа технологиясыз, күнделікті тұрмысты елестету мүмкін емес. Сондықтан, біздің ауданда заман ағымына сай көштен кеш қалмай интернеттің игілігін халыққа икемдегені абзал...

Айсұлу АЛДАНАЗАР.


---
05 ақпан 2019 ж. 1 577 0