№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Батыс Еуропадағы ең бай ел қайсы?

Батыс Еуропадағы ең бай ел қайсы?


«Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу». Бұл Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан үзінді. Бұдан бөлек «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты да – еліміздің жаһандағы озық отыздықтың қатарына енуі. Бәсекеге қабілетті ел болып, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде қуатты мемлекетке айналу – Қазақстанның бағдары.


Бүгінгі «Озық отыз ел» айдарына Батыс Еуропадағы ең өркендеген Ұлы Люксембург Герцогтігі таңдалды. Бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің тізімінде 12-орында тұр. Әуелі экономикалық әлеуетіне тоқталсақ. Люксембург шағын мемлекет болғанымен, ол Еуропадағы ірі халықаралық қаржылық және туристік орталық. Әрі әлемдегі ірі банк орталықтарының біріне айналған. Бұл елде жаһанның 200-ден астам ірі банктері жұмыс істейді. Соңғы он бес жылда Люксембург Еуропадағы ең маңызды инвестициялық қор нарығына айналды. Айта кететіні, Люксембург АҚШ-тан кейінгі екінші ірі инвестициялық қор орталығы және еуро аймақтағы ірі банк орталығы болып табылады. Мұнда банктік құпиялығына қылмыстық кодекс кепіл болады. Өнеркәсіптің жоғары дамуымен қатар, ауылшаруашылығы саласы қарқынды дамыған. Әсіресе, ет-сүт өнімдері мен бау-бақша, жүзім өсіруден алдарына жан салмайды. Тек өсіріп қана қоймай, онысын өңдеп, тауар күйінде шетелге экспорттайды. Әлемге әйгілі шараптардың басым бөлігі осы елден шығарылады.
Люксембургте жан басына шаққандағы ЖІӨ Катардан кейінгі орында тұр. Мәселен, ЖІӨ жан басына шаққанда 150,554 АҚШ долларын құрайды. Жұмыссыздық деңгейі 4,1 процент. Инфляция жылына 1,6 процентті құрайды. Экономикалық тұрғыдан мұндай көрсеткіштерді өте жақсы деп санауға болады.
Ендігі кезекте индустрияны игілігіне икемдеген Люксембургтың өнеркәсіптік өндірісіне тоқталсақ. Бұл елде экономиканың негізі металлургия саласы болып табылады. Тоқсаныншы жылдары болат өндірісі бойынша әлемде бірінші орынға шыққан. Мұнда әлемнің ең ірі 10 металлургия компаниясының ондығына кіретін «ARBED» концернің әлеуеті зор. «ARBED» ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары ЭШ-сюр-Альцетте, Шифланж, Дииферданж және Дюделан қаласында орналсқан. Десе де, 2002 жылы «ARBED» италяндық Aceralia компаниясымен және француздық Usinor-мен біріктіріліп, Arcelor компаниясын құрады. 2006 жылы Arcelor үнділік Mittal Steel компаниясымен бірігіп, нәтижесінде әлемдегі ең ірі болат компаниясы Arcelor Mittal құрылды. Оған қоса, негізгі қара металлугрия өндірісі де қарқынды еді. Алайда темір кені қорының азаюына байланысты 1997 жылы соңғы домна пеші сөніп, темір рудасын өндіру ресми тоқтатылды. Бұл тығырықтан Люксембург үкіметі экономиканы әртараптандыру стратегиясы бойынша шығып кетті. Тез арада жаңа өндірістерді және қызмет көрсету аясын кеңейту бойынша шұғыл шаралар қабылдады. Оның ішінде, бірінші кезекте химия және машина жасау салаларына басымдық берілді. Осындай ұтымды саясаттың нәтижесінде электр энергетикасы мен химия өнеркәсібінің маңызы артты. Елдегі жаңа өндірістерге шетел капиталы тартылды. Батыс Еуропа мен АҚШ-тың ірі өндіріс компаниялары Люксембургке өз инвестицияларын салды.

ҚАЗАҚСТАНМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

Егеменді ел тарихына көз жүгіртсек, 1992 жылғы 1 маусымда Люксембург Ұлы Герцогтігі Қазақстан Республикасының егемендігін мойындады. Сол жылы 29 маусымда Қазақстан мен Люксембург арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды. Міне, содан бері екі-жақты ынтымақтастық әріптестік аясында қыруар жұмыс атқарылуда. Мәселен, сауда-экономикалық ынтымақтастығына келсек. 2018 жылғы қаңтар-қараша айында елдер арасындағы тауар айналымы 5,66 млн АҚШ долларды. (экспорт – 2,5 мың, импорт – 1,45 млн) қамтыды. Ал 2017 жылғы тауар айналымының нәтижесі бойынша 3,92 млн АҚШ доллар (экспорт - 135,6 мың доллар, импорт 3,79 млн доллар) болған. Сондай-ақ 2018 жылғы бірінші тоқсандағы тауар айналымы 1,45 млн долларға (экспорт – 2,5 мың, импорт – 1,45 млн) жеткен.
Жалпы Қазақстанға Люксембургтан әкелетін негізгі өнімдер – көлік, электрлік техникалық жабдықтар, пластмасса және одан жасалатын бұйымдар, каучук, резеңке-техникалық, тоқымалық бұйымдар және жай металдар болып табылады. Бүгінгі таңға дейін Қазақстанда шамамен 36 бірлескен өнеркәсіптер мен филиалдар тіркелген. Ал соңғы 5 жылда Люксембургқа қазақстандық тікелей инвестициялардың (ТИ) жалпы көлемі 20,3 млн доллар қамтыды, бұл ретте оның негізгі үлесі (20,2 млн доллар) 2013 жылға тиді. 2017 жылға Люксембургтан Қазақстанға тікелей инвестициялар көлемі 272,4 млн АҚШ доллар, 2018 жылғы 1 тоқсанға – 45 млн АҚШ доллар құрады.
Айта кету керек, 2007 жылы Астанада жылжымайтын мүлік, қаржы және жаңа технологиялар саласында жұмыс істейтін «Voltaire Investment Prives SA» люксембургтік инвестициялық компаниясы өз кеңсесін ашты.
Қорыта айтқанда, зерттеу барысында, мегаполис шаһардың шарықтауына оның табиғи, географиялық жағдайы ғана емес, биліктің ел мүмкіндіктерін барынша пайдалануы, жоқтан бар жасауға деген ұмтылысы, адами капиталға баса көңіл бөлінуі һәм мемлекеттің мықты болуына деген жанашырлығы мен жанқияр еңбегі әсер еткен. Астын сызып тұрып айтсақ, бұл жаңадан құрылған, тәуелсіздігін енді ғана алған мемлекеттер үшін қажет рецепт.

Әбдісамат ӘБДІШ
05 қараша 2019 ж. 1 141 0