№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АВСТРАЛИЯ – БӘСЕКЕДЕ Беделі ЖОҒАРЫ ЕЛ

АВСТРАЛИЯ – БӘСЕКЕДЕ Беделі ЖОҒАРЫ ЕЛ

«Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу». Бұл Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан үзінді. Бұдан бөлек «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты да – еліміздің жаһандағы озық отыздықтың қатарына енуі. Бәсекеге қабілетті ел болып, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде қуатты мемлекетке айналу – Қазақстанның бағдары. Осы тұста, бүгінгі «Озық отыз ел» айдарына таңдалған ел – Австралия.

Жаһандағы ең озық елдер арасында экономикалық даму көрсеткіші бойын­ша көш басындағы тұтас құрлық. ЖІӨ тұрғысынан алғанда Австралия еуропалық және американдық жетекші мем­ле­кеттерді артта қалдырды. Тіпті, 1997-1998 жылғы әлемдік эконо­микалық дағдарыста бұл елдің экономикалық әлеуеті арта түсті. Бүгінгі таңда Австралия халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша жаһандағы ең бай және табысты елдің бірі. Әрбір тұрғынның жылдық табысы 57 мың доллар. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 59-60 мың долларға дейін артады деген болжам бар. Экономикалық көрсеткіштердің үнемі өсуіне және салық салудың дұрыс көзқарасына байланысты ел инфляцияның тұрақты төмендеуін байқады. Өйткені 2016 жылы осы көрсеткіш тек 1 процентке дейін төмендесе, 2017 қайтадан өсу басталған. 2020 жылға қарай ел экономикасының болжамды көрсеткіші 3,8 процентке дейін артады.
Жалпы ішкі өнімнің артуына 2000 жылы Австралия үкіметі жаңа салық реформасын қабылдаған болатын. Бұл өз кезегінде жылдық бюджетті едәуір ұлғайтқан. Елде салықтан боса­тылған экономиканың барлық секторлары бар. Мәселен, қосылған құн салығы экспортталатын барлық тауардан, кез-келген дәрі-дәрмектен, және медициналық қызметтен, бастауыш және орта білім ұйымдары босатылған. Салық органдары барлық салық төлеушілермен тығыз жұмыс істейді. Тұрғындарға қажетті ақпаратты беріп, бизнесті оңтайландыруға мол мүмкіндіктер қарастырылған. Ал салық­тардың кез-келген сомасы салық төлеушіге қайтарылады. Міне, осын­дай тиімді мемлекет саясаты өсіп-өркендеудің, тұрақты дамудың кепілі болып отыр.
Ендігі кезекте табиғи ресурстарға ең бай бұл не өндіріп жатыр? Қай салаға басымдық берген? Осыған тоқталсақ. Мұнда әртараптандырылған индустрияны қоса алғанда, эконо­микалық дамудың заманауи құрылымы мен ауыл шаруашылық секторы жақсы дамыған. Қазіргі таңда ел тұрақты дамып, көптеген пайдалы қазбаларды игеруде. Уран, никель, күміс, алтын, мырыш пен алмазды өндіруде табысқа ие. Өндірілетін және өңделген табиғи ресурстардың негізгі сатып алушылары Жапония, Қытай, АҚШ және Батыс Еуропа елдері. Айтқандай, әлемдегі уранды өндіруде екінші орынға ие Австралияда осы шикізаттың әлемдік қорының 30 проценті бар.
Сондай-ақ ауылшаруашылығы сала­сы қарқынды дамыған. Әсіресе, әлем елдеріне ет экспорты бойынша көш басында тұр. Одан бөлек, ауыл шаруа­шылығы әртараптандырылған және техникалық жағынан жақсы жаб­дықталған. Өз кезегінде бұл Австра­лияға дүниежүзі бойынша сапалы және экологиялық таза өнімдерді экспорттауға даңғыл жол ашады. Айта кететіні, бұл елдің бірегей қой тұқымды жоғары сапалы жүнді өндіру өндірісін әлем халқы жоғары бағалайды. Жалпы, аграрлы саланың ел экономикасындағы үлесі – 30 проценттен асады. Бұл дегеніміз – Австралия ауыл шаруашылығы саласына саналы түрде ден қойғандығын айғақтайды. Ал, бірінші орында 65 пайыздық көрсеткішпен қаржы, банктік қызмет көрсету саласы тұр.
Елдің қаржылық және банк саласы оның тұрақтылығы мен сенімділігімен ерекшеленеді. Шетелдік қаржы ұйымдарының жұмысы Австралияда ұзақ уақытқа дейін тыйым салынған. Сондықтан капиталдың негізгі бөлінуі мемлекеттік банкке тиді. Бүгінгі таңда бұл ел шетелдік банктерді өзінің нарығына жіберді. Алайда барлық депозиттер мен несиелік операциялардың 90 проценті мемлекеттік банкке тиесілі.
Австралияда шағын және орта биз­нес мемлекеттік деңгейде қолдау алады. Мұнда бизнесті бастау үшін несие немесе несие алуға көмектесетін көптеген қорлар бар. Әрі кәсіпкерлердің бірлестіктері бастаушы кәсіпкерлерге көмектесуге бағытталған елде тіркелген. Бизнес ашу үшін ережелерді сақтасаңыз болғаны. Қалған құжат мәселесі оңтайландырылған. Мемлекет шағын кәсіпорынға құрал жабдықтарды жаңартуға, технологияны жақсартуға, өнімге деген сұранысты ұлғайтуға қолдау көрсетеді. Елдегі бизнесті мақсатты түрде бюджеттен қаржыландыруды, әрбір министрлік пен ведомство өз шығындар бюджетіне шағын бизнеске жұмсайтын қаржыны кіргізеді. Кәсіпорындар жеңілдетілген салық мөлшерлемесін қолданады. Міне шағын және орта бизнес саласын дамытуды бағдарлаған Қазақстан осы тұста тәжірибе алмасып, үлгі алуына болады. Себебі бүгінде кәсіпкерлікке ынталы қазақстандықтар көп. Бірақ өнімін өткізетін нақты тетіктер болмағандықтан көп ұзамай банкраттық жариялап жатады. Жалпы бұл елде туризм мен ойын-сауық бизнестің тиімді туры болып саналады. Экономиканың осы секторында жыл сайын өсіп келе жатқан жылжымайтын мүлік нарығы мен туризм айрықша орын алады. Себебі, Австралия флора мен фаунаның өзгеше отаны. Осы факторлардың негізінде барлық сыртқы сауда қатынастары теңіз немесе әуе көлігімен байланысты. Әлемнің 200-ден астам елімен сыртқы сауда қатынасы бар.
Қорыта айтқанда, ішкі нарықтың айтарлықтай аз болғанына қарамастан, Австралия экономикасы жаһандық нарықтың жұмысына белсенді қатысады. Мегаполис шаһардың экономикасы – дүниежүзілік көрсеткіш бойынша әлемдегі үшінші ашық экономика ретінде танылды. Макроэкономикалық деңгейде ол сыртқы қарыздарсыз, жоғары мемлекеттік кіріссіз және резервтік капиталдың үнемі өсуінсіз, жаһандағы ең тұрақты экономиканы сақтап тұр. Озы отыздықтың басынан ойып тұрып орын алуы, өзіндік табиғи ерекшеліктерімен қатар, елдің тұрақтылыққа негізделген экономикасының жемісі.

Әбдісамат ӘБДІШ


02 шілде 2019 ж. 1 364 0