№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІ ЗОР НИДЕРЛАНДЫ

ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІ ЗОР НИДЕРЛАНДЫ


«Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты – Қазақстанның жаһандағы дамыған 30 елдің қатарына кіруі. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының да негізгі межесі – бәсекеге қабілетті ел болып, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде қуатты мемлекетке айналу. Ал, енді біз айтып, жазып жүрген әлемдегі дамыған озық отыз елдің кезекті мемлекеті – Нидерланды.



Нидерланды – жаһандағы ең бай елдердің бірі. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің дерегі бойынша, әлемдегі экономикасы дамыған 20 мемлекеттің қатарына кіреді. Голландия жан басына шаққандағы кәсіпкер­лердің ең көп орналасқан елдер қатарына енген. Оған қоса, соңғы бес жылдықтың қарқынды дамуынан кейін, Нидерланды қазіргі таңда қызмет көрсету саласында әлемдік көшбасшылардың үздік бестігінде. Мұндай жоғары көрсеткіштерге жетуге голландиялықтардың еңбекқор қарекеті себеп болды. Әсіресе, аграрлы экономикасында үйренерлік үлгі көп. Сондықтанда тақырыптың әлқиссасын ауыл шаруашылығы саласындағы серпінді серпілісінен бастамақпыз.
Шыны керек, Голландияда ұзақ уақыт бойы кең ауқымды агроөнеркәсіпті дамытуға қажетті ресурстар болмады. Бірақ бүгін көріп отырғандай бұл ел әлемдік деңгейдегі үздік азық-түлік жеткізушісі болып табылады. Әрі аграрлы салаға «ақылды» технологияны кеңінен енгізген.
Мұнда жаһанға есімі танымал Jacob van den Born атымен жұмыс істейтін фермер бар. Ол басқарушы панелі бар ірі комбинатта отырады. Сондай ірі шаруашылықты басқаратын Джейкоб бар-жоғы екі дронды бақылайды. Біріншісі автономды трактор егістік алқабында жүрсе, квадрокоптер ауада бақылап жүреді. Заманауи екі құрылғы да топырақтың, судың және тыңайтқыштардың құрамы туралы ақпарат жинайды. Оған қоса, әрбір жеке өсімдіктің өсуін талдайды. Осындай тың технологиямен жарты гектардан 9 тонна картоптың орнына 20 тоннадан астам өнім жинайды. Яғни егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдау, «ақылды суару», жүргізушісі жоқ техниканы пайдалану арқылы адами факторды азайтып, мол өнімге жұмыс істеуге бейімделген. Мәселен, табиғи-климаттық жағдайы Қазақстанның теріскейіндегі Кереку өңірінен де қатал болып табылатын Нидерландыда астық дақылдарының өнімділігі бізге қарағанда 2 есе жоғары. Жер аумағы Қазақстаннан 66 есе кіші Голландияда ауылшаруашылық өнімінің жыл сайынғы экспорты 100 млрд. АҚШ долларын құрайды. Бұл бізден 50 есе көп.
Міне, бұл елдегі жаңа аграрлық саясаттың нәтижесінде фермерлер суды тұтынуды 90 процентке қысқартты. Олар жылыжайларда пестицидтерді пайдаланудан толығымен бас тартса, 2009 жылдан бастап Нидерландтың құс фабрикасы мен мал шаруашылығы антибиотиктерді 60 процентке қысқартты.

ЖЫЛЫЖАЙДЫҢ ОТАНЫ

Голландияда халықтың басым бөлігі ауылшаруашылығы саласында еңбектенеді. Күн көзінен қуат алатын батареяларды пайдалану арқылы жылыжай өндірісі серпінді дамыған. Кейбір жылыжайлардың көлемі 70 гектарға дейін созылып жатыр. Мұндай көлемдегі жылыжай Қазақстанның 4-5 облысын қосқанда жетпейтін шығар. Нидерланды жаһанға қызанақ, картоп пен пияздың үздік жеткізушісі әрі әлемдегі ең ірі екінші көкөніс өндіруші ел. Нарықта сатылатын көкөніс тұқымдарының үштен бірі осы елден келеді. Агроөнеркәсіп кешенін әлемдік деңгейде дамытуға сүбелі үлесін қосқан Вагенгенн университеті жанындағы агроөнеркәсіптік зерттеу институты болып табылады. Яғни, ғылым мен технология сабақтаса әрекет етудің нәтижесінде көп жетістікке жетуде.
Мұнда отбасылық кәсіпке қолдау көп. Үлкен корпорациялардан гөрі мыңдаған отбасылық шаруашылықтар қалыптасқан. Солардың бірі – Дуввежиджиннің отбасына тиесілі қызанақ және жүзім шаруашылығы. Бұл отбасының жылыжай кешенінде өсірілген 15 түрлі қызанақ жер-жаһанның түпкір-түпкіріне жөнелтіледі. 2016 жылы Агробизнес мамандарының халықаралық қазылар алқасы әлемдегі ең ірі инновациялық қызанақ өсіру фермасы ретінде Дуввежиджиннің жылыжай кешенін мойындады.
Нидерланды – Еуропалық Одақтың, Еуроаймақтың және НАТО-ның мүшесі. Адам дамуының индексі бойынша әлемдегі беделді төртінші орынға ие. Ал Роттердам қаласы – Нидерланды экономикасы үшін өте маңыды шаһар. Өйткені бұл порт планетадағы ең көп жүк тиелетін тасымал алаң болып саналады. Тауар мен шикізат экспорты маңызды рөл атқарады. Әлемнің алып сауда кемелері жыл сайын Роттердамға жүздеген миллион еуро болатын тікелей кіріс әкеледі.
Сондай-ақ Amstel және Gouda ірімшігі секілді тамақ өнеркәсібінде танымал брендтер осы елден шығады. Оның қатарында жоғары сапалы шоколады мен шұжығы тағы бар. Сосын машина жасау мен электроника өндірісінде көшбасшы елдердің бірі. Баршаңызға танымал Philips корпорациясының бас штаб-пәтері осында орналасқан. Жалпы Нидерланды экономикасында 2017 жылы 2,7 процентке, 2018 жылы 3,2 процентке өсім болған. Ал 2019 жылы 2,7 процентке өсім болады деп болжам жасалынуда. Шынын айтқанда, мұндай шағын мемлекет үшін бұл экономикалық бум болып саналады.
Түйін орнына. Нидерланды десе, есімізге қызғалдақ түседі. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қызғалдақтың отаны – Қазақстан екенін айтқан болатын. Бұған дәлел ретінде 2002 жылы Нидерланды корольдігіне жасаған ресми сапары кезінде Елбасыға сол елдің ханшайымы Беатрикс ханым қызғалдақ жайында: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ Қазақстанды Нидерландымен байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елге қызғалдақ гүлін әкелді. Бұл гүл осылайша Нидерландыға кең тарады. Қазіргі таңда қызғалдақ гүлі – нидерландықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары. Сол үшін де Сіздің елге қарыздармыз» – деген.
Расында гүл саудасын дөңгелетіп отырған Голландия гүлдеріне нарықта қашанда сұраныс жоғары. Бұл ел жыл сайын қызғалдақ сатуда 500 миллион АҚШ доллар көлемінде табыс табатынына қарап, біз әлі қолда бар мүмкіндікті игілікке икемдей алмай отырмыз.


Әбдісамат ӘБДІШ.

23 шілде 2019 ж. 920 0