№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫНА ТҮСКЕН ФИНЛЯНДИЯ

ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫНА ТҮСКЕН ФИНЛЯНДИЯ

   «Қазақстан-2050» Стратегия­сының басты мақсаты – Қазақстанның жаһандағы дамыған 30 елдің қатарына кіруі. Бәсекеге қабілетті ел болып,  дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде қуатты мемлекетке айналуы. Ал, енді біз айтып, жазып жүрген әлемдегі дамыған 30 ел қайсы? Міне, мемлекеттің басты межесіне айналған міндетпен жақынырақ танысу үшін, «Озық отыз ел» атты арнайы айдарды бастадық. Бұған дейін біз тек экономикасы дамыған 5 көшбасшы мемлекетті жазған болатынбыз. Ал, бәсекеге қабілетті дамыған елдерді халықтың жан басына шаққандағы табыс көлемімен, индустриалды дамуымен анықтайды. Сенімді дерекке сүйенсек, нақты 32 дамыған ел бар деп есептеледі. Олардың қатарында; Австралия, Австрия, Бельгия, Германия, тағысын тағы тізіле береді. Бір қызығы, неге Қытай бұл тізімде жоқ? Өйткені, дамыған елдің негізгі критерийлеріне жауап бере алмағандықтан. Яғни, Қытайда жан басына шаққандағы табыс көлемі дамыған елдердің санатына қосылуға мүмкіндік бермейді. Хош. Озық отыздықтың бісмілләсін көш басындағы үздік үштікті түйіндеп тұрған Финляндиядан бастасақ.

   Фин елі әлем халқына «Еуропаның орман цехы», «Жаһандағы тұрақты ел», «Мыңдаған көлдер мемлекеті» сынды теңеулерімен танымал. Бірден айта кету -керек, Финляндия экономикасының негізгі табыс көзі – орман. Кешегі 70-80 жылдардан бастап орман шаруашылығы мен ағаш өңдеу және қағаз өнеркәсібін жолға қойды. Нәтижесінде ұзақ жылдарғы стратегия дамыған көшбасшы елдер қатарынан бірақ шығарды. Бүгінде аталған салада дүние жүзі бойынша алдыңғы қатарда тұр. Әлем бойынша целлюлоза мен тілінген тақтай шығарудан 4-орында, қатты қағаз бен қағаз экспорты жөнінен 2-орында. «UPM-Kymmene», «Stora Enso», «Metsa Group» компаниялары жер жаһандағы ең ірі орман өңдеп шығарушы орын ретінде саналады.
Негізі бастапқыда фин қағазы салыс­тырмалы түрде төмен сапалы болған. Бірақ ол өте көп және арзан болды. Финляндия сапасыз қағаз өнеркәсібінде шексіз ормандары еуропалық стандарттарға сай емес ағаш кесетін материалдарымен бәсекеге қабілетті елдердің көшін бастады. Түскен табыс инновацияға, өндірістің жақсаруына жұмсалды. Осы секторды дамытудың нәтижесінде тұрақты көрсеткіштерімен экономикасы алға басты. Бұл ел аумағының 70 проценті орман болса, 10 процентін көл құрайды. Шамамен 50 мыңнан астам көл бар екен. Сондай-ақ Фин елінің тұрақты дамуының тағы бір маңызды факторы – демократия мен еркін нарыққа деген ұмтылыс. Міне, ұтқан тұсы да осы болды.
Айтқандай, естеріңізде болса, финдіктер Нұр-Сұлтанда өткен «Экспо-2017» көрмесіндегі павильонының құрылысына 600 тонна қарағай жұмсаған болатын.
ТЕХНОЛОГИЯ ҺӘМ
ТУРИЗМ ТЫНЫСЫ

Фин халқы атақты «Nokia» өнімдерімен мақтана алады. Осыдан он-он бес жыл бұрын әрбір адамның қолында финдік «Нокиа» компаниясының байланыс құралдары ғана қолданыста болған еді. 1992 жылдан бастап сатылымға шыққан «Nokia» 2000 жылдың басында коммуникация саласында әлемдегі ең ірі трансұлттық корпорацияға айналды. Әлемнің 120 елінен өкілдіктер ашып, 130 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыған. Әрине, кейіннен жаңа технологияның инновациялық тұрғыдан жандануы «Nokia» өнімдерін нарықтан ысырып тастады. Яғни, нарыққа смартфондар шығып, бәсекеге іліге алмай қалды. Әйтпесе, бір ғана 2010 жылы жылдық табысы 42 млрд. АҚШ долларын құраса, таза пайдасы 2 млрд. АҚШ доллары болған. Десе де, «Нокианың» нарықтан кетуі Финляндия экономикасына айтарлықтай салмақ түсірді. Оған қоса, бүгінгі таңда жааппай электронды жүйенің енгізілуі қағаз өндірісінің төмендеуіне алып келуде.
Сонымен қатар, озық елдің экономикасының негізгі тағы бір тірегі – туризм. Әрине, ел үшін табиғи ресурстардың бары маңызды. Фин елінің 70 процентін жауып жатқан орман ғана емес, ЮНЕСКО-ның мәліметі бойынша Финляндия жер асты суларының сапасы бойынша әлемде бірінші орында тұр екен. Соңғы жылы нарықта финдік ауыз суын экспорттау арта түскен. Ал, туризмге салатын шығындары бойынша әлемде 32-ші орында. Дейтұрғанмен, туристік құрылымның дамуымен қатар, туристік ресурстар Финляндияны шет елден келушілер үшін аса тартымды етуде. Осы елдің солтүстігінде орналасқан Лапландияны өз көзімен көру үшін жер жаһаннан жылына жүздеген мың турист келеді. Ол жердегі саамдар мен лапалардың бұғы өсіріп, балық аулауын және аңшылықпен айналысқанын тамашалайды. Оған қоса, бұл өлкеге келушілердің тағы бірсыпырасы поляр күні мен түнін, солтүстік шұғыласын көруге келеді. Жазда қиыр солтүстікте күн жылына 73 күн ұясына батпай, тәулік бойы сәулесін шашып тұрады. Ал қыс мезгілінде күн шуағы жылына 51 күн көкжиектен көтерілмейді. Міне, табиғат ерекшеліктерімен елітетін финдіктер саунаны қатты жақсы көреді. Ағаштан жасалған ыстық пешті монша әрбір үйде бар.
Десе де, Финлядияда бұлардан бөлек, қайың-кемелерге құрылғылар шығару, қара және түсті металлургия, электроника, мұнай өңдеу жақсы дамыған. Ірі-ірі компаниялар Фин экономикасында жетекші рөл атқарады. Мәселен, «Frist Quantum Minerals» ең көлемді никель өндіретін компания, «Sisu Auto» әскери бағыттағы жүк таситын көліктері, «Valio» компаниясы сүт өнімдерінің көшбасшысы болып табылады.
Қорыта айтқанда, Фин елінің озық отыздықтың басынан ойып тұрып орын алуы, өзіндік табиғи ерекшеліктерімен қатар, елдің тұрақтылыққа негізделген экономикасының жемісі. Бүгінде Фин компаниялары Қазақстанда да «жасыл» экономиканы дамыту бағытында жұмыс жасап жатыр. Әсіресе, заманға сай электр желілерінің құрылысы мен темір жол жүйесін электрлендіру бойынша. Айта кету керек, Жаңақорған ауданында да Шалқия кенішінде Финляндияның «Оутетек» компаниясымен әзірленген кен-байыту фабрикасының жобасы жүзеге асқалы жатыр.

Әбдісамат ӘБДІШ.

09 сәуір 2019 ж. 1 094 0