№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖЫЛЫЖАЙ ӨНІМІ СҰРАНЫСҚА ИЕ

ЖЫЛЫЖАЙ ӨНІМІ СҰРАНЫСҚА ИЕ


«Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз». Бұл Тұңғыш Президенттің халыққа арнаған Жолдауынан үзінді. Иә, елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамыту – агралық саясаттың маңызды бағыты. Әсіресе, отандық өнімді арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету күн тәртібінде.


Осы тұста, жаңақорғандық шаруа­лардың да жай-күйін бағдарлап көрдік. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің мәліметінше, бүгінде аудан көлемінде жұмыс жасайтын 4 жылыжай бар. Соның бірі һәм бірегейі – «Жан» шаруақожалығы. Жұмагүл Әжімбекова жетекшілік ететін қожалықтың қар­қыны қуатты. Сондықтанда Беса­рық бекетінде орналасқан жылыжай кешенінің тыныс-тіршілігін біліп қайт­қан болатынбыз.
– Биыл егістікке кештеу көңіл бөлдік. Оның өзіндік себебі бар, – деп әңгімесін бастады шаруашылық төрайымы Жұмагүл Әжімбекова.
Жыл сайын жылыжай шаруасын ширатып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған қожалықтың берекелі ісіне Талап тұрғындары дән разы. Бір жыл қияр, келер жылы қызанақ егетін шаруашылық өнімді өткізуде қиындықтар көп болмайды дейді.
– Жылда егілетін 15 соттық жерден алынатын өнімді көбіне Байқоңырға жөнелтеміз. Сондай-ақ, аудан орта­лығында да келісім бойынша өткізетін екі-үш мекеме бар. Жалпы, субсидия мәселесі бақшаға қаралсын, қаралмасын, біз мемлекеттен қолдау көрмейміз. Сондықтан, шама-шарқын­ша ышығыны мен ем-домына өзіміз қараймыз, – деді бағбан.
Қожалық қияр мен қызанақ ұрығын Алматы шаһарында орналасқан голландиялық компаниядан алады. Ал, тыңайтқыштар мен дәрі-дәрмекті Түркістандағы «Агро» магазиннен алып келеді. Міне, соның нәтижесінде жылда тонна-тонна өнім мүмкіндік болса өзге өңірлерге де жөнелтіледі. Алайда, бір өкініштісі аудан нарығы жергілікті өнімді сатып алуға құлықсыз. Міне, «Жан» шаруа қожалығының алаңдайтыны да осы жайт.
Енді бір сәт әлемдік нарыққа бет бұрсақ. Әлемде жылыжай салудан Қытай бірінші орында. Бұл елдің жылыжай шаруашылығының алқабы шамамен 1,5 млн гектар аумақты алып жатыр. Бұл сала едәуір дамып тұрған елдер тізімінде АҚШ, Оңтүстік Корея, Израиль, Испания, Жапония, Түркия, Үндістан, Нидерланды, Ресей, Иран, Мысыр елдері бар. Израиль, Қытай, Нидерланды секілді дамыған елдерде көлемі үлкен әрі жаңа технологиямен жабдықталған 1 гектар жылыжай кешенінің құны 1,5-2 млн евроға дейін барады. Өйткені оның құрылымында қуатты өте көп мөлшерде тұтынатын жылыту, жарықтандыру жүйелері бар және құнарлы, сапалы өнім алуға жұмсалған қаржы өзін-өзі ақтауы тиіс.
Дамыған елдердің көбі көкөніс өсіруге басымдық береді. Мәселен, Түркияда жылыжайдың 88 пайызында көкөніс өсіріледі. Ал қалған 10 пайызына жеміс, 2 пайызына гүл егіледі екен. Халқының саны бізбен бірдей болғанмен, жері әлдеқайда кіші Нидерландының әлемді азық-түлікпен қамтамасыз ету әлеуеті таңғалдырады. Бүгінде Нидерланды – тамақ өнімдерін экспорттау бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында. Олар мұндай жетістікке жету үшін барлық технологиялық процесті мұқият қадағалап отырады. Жылыжай іргетасының қадасы қағылғаннан бастап, алғашқы өнімді бергенше білікті мамандардың кеңес­теріне назар аударады.
Ал, Жер Анадан басқа байлығы жоқ еврей ұлты дамыған отыз елдің төріне қарапайым шаруасымен енді. Мұндай кешенді салуды жеке кәсіпкердің қалтасы көтермейді. Әрбір қадамың қымбат тұрғаны былай, өнімді өсірудің өзінің қиындығы өте көп.
Сондай-ақ аудандағы өзге де жылыжай шаруашылығымен айна­лысып отырған шаруалармен тілдес­кенімізде негізі жылыжай кешені ең тәуекелді іс деп санайтынын жеткізді. Расында шаруалардың сөзінің жаны бар секілді. Өйткені, отандық маркетингтік зерттеулер жылыжай өндірісі өзін-өзі ақтау үшін 2 гектардан жоғары болуы тиіс деген тұжырымға келген. Не десекте, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жылыжайлардың орны маңызды. Өйткені, шетелдік өнімдер бағаның қымбаттауына әке­ліп соқтырса, отандық көкөністер қолжетімді бағада базар сөрелерінен табылар еді.
Түйіндей айтқанда, ауданның ауыл шаруашылығы саласында іл­кім­ді ілгерілеушілік бар. Оған қоса, жыл сайынғы Жолдау жүгі отан­дық өнімді бәсекеге қабілетті етіп, нарықтық экономикада өзіндік даң­ғыл жолын қалыптастыруда. Бір ғана, аудан орталығынан ашылған агроиндустриялық аймақтың әлеуеті зор. Ерінбей еңбек етемін деген диқаншы қауымға бұл үлкен қолдау.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
17 сәуір 2019 ж. 1 190 0