Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» ЕҢБЕК ОЗАТТАРЫ ЕЛЕНДІ

ЕҢБЕК ОЗАТТАРЫ ЕЛЕНДІ

Дала еңбеккерлері мен аграрлық сала мамандары, ғалымдар мен селекционердің басын қосқан «Малшылар тойы» жеткен жетістіктерді саралап, кем-кетікті түгендеуде таптырмайтын жиын. Бәрінен бұрын, саланың үздіктері марапатталып, қолдау тауып, жігерленіп, олардың тірлікке деген ынтасын арттыруда өзіндік орны ерекше. Биыл мерейі тасып, абыройы асқандар қатарында Бақытжан Сапарбеков пен Шалқар Абдуллаев та бар. Біз еңбек адамдарымен дәстүрлі жиында жолығып, әңгімеге тартқан едік.

Қойдан жүн, елтірі, тері, ет, сүт, ірімшік және құйрық майы өндіріледі. Әлем­де мұндай өнімділікпен бірде-бір түлік мақтана алмайды. Сондықтан төрт түліктің жайын терең түсінген ата-баба­мыз «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген болар. Қазір қойды бағып, көбейтумен қатар оны асылдандыру да маңызды.
«Бақытжан» шаруа қожалығы осы тұрғыдан алғанда өзге шаруашы­лық­тардан көш ілгері. Жұмыстың нәти­желі болуы басшының іскерлігіне, ұйым­дастырушылық қабілетіне тікелей бай­ланысты-ақ. Дегенмен, өнімділіктің артуын­да қарапайым жұмысшылардың еңбегі өлшеусіз. Мұны неге айтып отыр­мыз?
«Бақытжан» шаруа қожалығының шаруасы өрге өрлеуінде Бауыржан Сабыр­ұлының да еңбегі бар. Ол қойдың қоңын арттырып, отарындағы 100 саулықтан 120 қозы алды.
– Мені әкем бала кезімнен қой бағудың қыр-сырына баулып, жайылым таңдаудың, көшіп-қонатын уақыттардың тиімді тұстарын үйретті. Ес білгелі қойдың артындамын. Нақтысын айтсам, 1995 жылдан бері шопанмын. 2005 жылы «Бақытжан» шаруа қожалығының қойын бағудамын, – деп бастады әңгімесін ол.
Қой өсіру – қазақ халқының ежелгі атакәсібі. Сан ғасырлар бойы қазақтың басты байлық түрі, төрт түлік малдың ішіндегі қойдың жөні бөлек болған. «Мал өсірсең – қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген аталы сөз де сол кезден қалған. Қой шаруашылығының дамуы елімізде соңғы жылдары байқалуда. Әрине, серпінді дамуда күн ұзақ отардың артында жүретін шопандардың еңбегі деуге болады. Ширек ғасырға жуық ата кәсіпті серік еткен Бауыржанның да қой санын арттыруда үлесі зор.
– Малдың қоңын арттыруда неге мән беру керек?
– Жаз жайлау, қыста қыстау: шөбі шүйгін жайылымдық жерді таңдау маңызды. Сосын шөптің түйнеп, піскен кезінде жайған абзал. Ондай шүйгінге аузы тиген қой тез семіреді, қыста қоңын бермейді.
– Күн ұзақ қойдың артында жүріп шаршамайсыз ба?
– Әркім өз ісінің кәсіби маманы болуы тиіс. Өз ісін жақсы көруі қажет. Сонда ғана іс өнімді әрі берекелі болады.
– Жүлдеңіз құтты болсын!
– Біздікі күнделікті жұмысымызды дұрыс атқару. Марапатқа лайықты деп қожалықтың төрағасы ұсынды. Ол кісіге рақмет!, – деді кейіпкеріміз.
Малшылар тойында «Үздік шопан» атанған Бақытжан жетістігі адал еңбектің арқасы екенін айтып, қарапайымдылық танытты.
– Таңның атысы, күннің батысы білекті түріп, белді бекем буып, қойдың қоңын арттыруда Бауыржанның еңбегі зор. Оның басты артықшылығы жұмысына адалдығында, – дейді «Бақытжан» шаруа қожалығының басшысы Әлібек Нәлібаев.
Айтса айтқандай-ақ, ширек ғасырға жуық шопан атяғын серік еткен Бауыржан Сапарбеков бар ырыс-несібесін қойдан тапқан жан.
***
Төрт түліктің ішінде қазаққа етене жақыны – жылқы. Себебі жылқыны – сәндік, мәрттік деп білген. Сайын далада желдей есетін сәйгүліктермен мақтанады.
«Малшылар слетінде» Шалқар Абдул­лаев «Үздік жылқышы» аталымы бойынша марапатталды. Рухы асқақ еңбек адамын әңгімеге тартқанымызда:
– Жылқының екінің бірі баға алмайды. Себебі, жылқы түліктердің асылы, жүйрігі. Жылқының қысы-жазы өріс-жайылымы да, жусайтын орны да мүлде басқа, – дейді жылқышы.
Ол отбасында балалардың үлкені екен. Жастайымнан әке жанынан табылып, жылқының қыры мен сырын ерте сезініп өседі. Сондайда «шіркін, жібек жалды арғымақтарды үйірлеп айдап, бір төбенің шаңын келесі төбеге қосып құйғытатын құрық ұстаған жылқышы болсам-ау» деген ой көкейде сайрап тұратын-ды. Бұл мұраты шыңдыққа да айналғанына да 6-7 жылдың жүзі болды.
Қамбар ата түлігін Сырдариядан тоғай­ға, тоғайдан жайлауға көшіріп, өз ісіне шын берілген Шалқар туралы «Бекарыс» шаруа қожалығының төра­ғасы Серік Мырзабаев: «Жас жігіттің малсақтығын бірден таныдым. Құтты құрықты қаранар талаптың менің қара­мағыма бұйырғанына қуанғанымды жасыра алмаймын. Өте кірпияз, тұқымы асыл және жем-шөптің тазасын жейтін жануар – жылқының жайын табу иесінің адалдығына да тәуелді екенін екінің біле бермейді. Мен сол адалдықпен қоса тазалықты осы Шалқардың бойынан көрдім», – дейді.
Осылайша Шалқарға алаңсыз кәсіппен айналысуға жол ашылды. Малшы әкенің өмір бойғы әдіс-тәсілін аумай-төкпей бойына сіңірген сергек талап көрген- баққанын тәжірибе жүзінде іске асырады. Айлар алмасты, жылдар жалғасты. Тәуекел қайығына мінген тау қыраны басшы сенімінен шыға білді, осы күнге еткен еңбегінің арқасында шыңдалып жетті. Малға жайлы қоныс табумен қатар, өркенді өріс тапты. Жем-шөпті өзі қамдады. Жайлаудың шалғайлығын сылтау қылмаған оның үйір жылқысын құтты қонысынан келесісіне көшіргенде малы тыңайып, өзі қуанып қайтатынын қасында жүрген көмекші жігіттері де мойындайды.
– Бүгінгі таңда меншігімде 700 бас жылқы бар. Қамбар ата түлігі кей жылдары еселеніп, кейде саны кеміп жатады. Бірақ, сол кему жағы болмас үшін қысы-жазы аянбай еңбек етуге тура келеді. Құлындайтын уақытта екі-үш жігіт көмекке келеді. Осы орайда мал тұқымын асылдандыру да назардан тыс қалмайды, – деп жылқышы Шалқар жасалынып жатқан жоспарымен бөлісті.
Осы ретте, малшылардың «Мал – баққанға бітеді» деген нақыл сөзі бекер айтылмағанын, мал бағудың да үлкен қыр-сыры мол үлкен ғылым екеніне көз жеткіздік. Бұл мәселеде «Бекарыс» шаруа қожалығының ұтқаны көп.

ТҮЙІН. «Малшылар слетінің» бір міндеті – өз саласының озаттарын тауып, оларды демеп, марапат биігіне шығару. Біз осындай қолдау тапқан бірқатар еңбек адамын арқау еттік. Алдағы уақытта дәстүрлі тойда мерейі асқан азаматтар жайлы жазатын боламыз.

Лаура БИБАСАРОВА.

---
04 маусым 2019 ж. 1 094 0