№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БЕЙНЕТТІҢ ЗЕЙНЕТІ

БЕЙНЕТТІҢ ЗЕЙНЕТІ


Бүгінде қой шаруашылығы – отандық агробизнестің негізгі бағытының бірі десек, оның еті мен жүнін экспорттауда біршама ілгерілеушілік бар. Әсіресе, Сыр өңірінде экспорттау әлеуеті артты. Мәселен өткен жылы Иран, Монғолия, Біріккен Араб Әмірлігіне 2,3 мың бас тірілей қозы ет бағытында жөнелтілді. Осы орайда айта кеткен жөн, облыстағы қой мен ешкінің 35 пайызы Жаңақорғанға тиесілі. «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» демекші, жаңақорғандық шаруалар аша тұяқтыны көбейтуде келелі іс атқаруда. Осындай берекелі шаруаның шырайын келтіріп отырған «Шайық» шаруа қожалығының да еңбегі өнімді.
Еңбегіне қарай өнбегі демекші, шаруашылық төрағасы Машар Шайықов IV Малшылар слетінде «Еңбек ардагері» төс белігісімен марапатталды. Сондықтан, бейнетті кәсіптің зейнетін көріп отырған шаруаның қара шаңырағына бас сұқтық. Жасы жетпісті алқымдаған шаруа үй ауласында да азын аулақ қой қорасының қарекетін қомдап жатыр екен. Негізгі шаруасы тау етегіндегі қожалықта.
– Аға, марапатыңыз құтты болсын!
– Рахмет, – деп төрін ұсынды.
– Қазір қой етіне сұраныс артты. Солай ма?
– Әрине, қазақ ертеден қойдың жүні мен етін тұтынған халық. Сондықтан қой шаруашылығы халықтың бір бөлшегіне айналған ғой!
– Шаруаңыз қалай?
– Шаруа жүйелі. Қожалықта әзірге 2300-дей қаракөл қойы бар. Бүгінде қозы етіне сұраныс өте жоғары болуда. Сондықтан, келешекте қозы бағытын қолға алып, экспорттауға жұмыс жасаймын, – деді қожалық егесі. Тек қана қаракөл тұқымын көбейтіп отырған ақсақал алдағы уақытта жеке кәсіпте мол табыстарға жетуге бейілді. Өйткені, қаракөл тұқымының әлемдік нарықта сұранысы жоғары. Қозысының жүні күнделікті тұрмыстық бұйымдар жасауға таптырмас шикізат. Яғни, әдемі бұйра елтірісі тоқыма, құрылыс, тіпті, авиациялық өнеркәсібіне де пайдаланылады.
– Қой өсіріп, кәсіп бастаймын деушілерге мемлекет тарапынан түрлі қолдау бар. Яғни, шағын несие алу үшін берілетін көмек жеткілікті. Мәселен, қазір қой шаруашылығын бастайтындарға «Алтын асық» пен алты пайыздық несие беруге бағытталған бағдарлама сеп болады. Мал басы санын көбейткен шаруалар үшін төленетін субсидия тағы бар. Осының арқасында ауданда Ақбас, Әулиекөл тұқымы артып келеді. Енді тек сапаға жұмыс жасау керекпіз, – деді Машар Рахметұлы.
Ата кәсіптің қыр-сырымен бала кезден жетік таныс Машар Шайықов қырық жылдан астам ауылшаруашылық саласында қызметте болды. Зоотехник мамандығы бойынша бітірген ол совхоздарда бас техник, инспектор, комплекс басшысы сынды жауапты қызмет атқарды. Бүгінде ұл мен қызды тәрбиелеп, немере сүйіп отырған қария. Жұбайы Гүлнар Мансурова іске епті жан. Қазір «Майзавод» ЖШС директоры.
Күнделікті қат-қабат жұмыстардан саңылау тауып, тау бөктеріндегі төрт түлігін түгендеп қайтатын еңбек ардагері қой шаруашылығы Жаңақорғанда қарқынды дамуының өзіндік себебі бар екенін алға тартады. Бірі – мемлекет тарапынан жасалынған қамқорлық болса, екіншіден, ауданның географиялық жағынан өте қолайлылық тудыратындығымен түсіндіреді. Оған қоса, малдың бабын келтіретін шопандар да шаруаға өте бейім.

Әлібек ТЕМІРБЕК.
22 мамыр 2018 ж. 1 245 0