Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » МАЛШЫЛАР МЕРЕЙІ ТАСЫҒАН КҮН

МАЛШЫЛАР МЕРЕЙІ ТАСЫҒАН КҮН

Биыл бесінші рет ұйымдастырылған «Малшылар слеті» жылдағыдан несімен ерекшеленді? Алқалы басқосудан қонақтар мен дала еңбеккерлері қандай әсер алды? Мал шаруашылығын дамытудың жолы қандай? Селекционер-ғалымдар мен селекционер-генетиктер қандай жаңалықтарымен бөлісті? Қаратаудың қойнауында өткен дүбірлі тойдың кереметін тамашалап, осы сауалдарға жауап іздеп қайттық...


Жалпы, қазақтың тұрмыс-сал­ты төрт түлік малмен тығыз байла­нысты. Әсіресе, ілгеріде көшпенді өмір сүрген халықтың әлеуметтік жағдайы қорасындағы мал санымен өлшенетін-ді. Қыстан мал басын аман сақтап қалған жұрттың еңсе­сі – биік, мақсаты – айқын, ең бастысы қуанышы еселеніп, сүйін­шілейтін. Себебі, «малым – жанымның садағасы, жаным – арым­ның садағасы» дегенді құлаққа құйып өскен ел емес пе едік! «Мал баққанға бітеді» демекші, адам баласы кез келген кәсіпке барын салса, нәтижесі де көңілге қонымды. Әсіресе, мехнаты көп атакәсіп – мал шаруашылығын дамыту әуелі тәуекелді қажет етсе, екіншіден тынымсыз еңбекті талап етеді. Ал бейнетті істің рахаты қай кезде көрінеді?
Сонымен таңғы сағат 8.30. Қара­тау бөктеріндегі «Үсен бауы­на» бет алдық. Көлік үстінде табиғаттың таңғажайып әлеміне көз салып, түрлі ой түйіп келеміз. Жара­тылыстың сұлулығы мұнда жетіп жатыр. Әсіресе, тау төсіндегі қолмен қойылғандай қатпар-қатпар тастар қазақ тарихының сан ғасырлық құпиясын ішіне бүккен. Беткейінің топырағы түрліше: қоңыр және қызғылт қоңыр түске боялған. Сан алуан өсімдіктер мен бұталар да ерекше көрік береді. Табиғатқа тамсанып отырып, діттеген жерге тез жеттік. Ұзыннан-ұзақ тігілген ақшаңқан киіз үйлер, жылдағыдан көліктің де адамдардың да қарасы көп. Мерейлі қонақтар арасында қаржы институты басшылары, ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­ти­­­туттарының ғалымдары бар. Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақс­тан, Жамбыл, Қарағанды және Пав­лодар облысынан келген аграр­­лық саланың мамандары да қатысты. Олардан шаруалар мағ­лұмат, тәжірибе алып қалуға тырысты. Өйткені, 2015 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жиында мал шаруашылығының өзекті мәселелері тал­қы­ланып, шешілу жолдары тара­зыланды.
Оның үстіне биылғы шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев қаты­сып, слеттің беделі арта түсті.
– Алғаш рет келіп тұрмыз. Бізге ерекше әсер қалдырғаны әсем табиғаттың бір сәттік көрінісі, екіншіден, тәжірибе алмасудан көп ой түйдік. Мал шаруашылығын дамытудың тетігін іздеп те көрдік, біз білмейтін тұстар әлі де баршылық екен. Мүмкіндік болса келер жылы да келерміз, – деді Оңтүстік қолдан ұрықтандыру орталығының директоры Хисматулла Үкібаев.
Малшылар тойы басталмас бұрын облыс әкімі Қырымбек Көшер­баев пен ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мал шаруашылығы саласының жетістігін дәріптейтін көрмені аралаудан бас­тады. Облыстық ветеринария бас­қармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов атқарылып жатқан жұмыс­тармен таныстырды.
– Үстіміздегі жылы, облыста аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында эпизоотиялық іс-шараларға 5031,8 мың доза ветеринариялық препараттар қа­рал­ған. Қазіргі күні, 2727,4 мың дозасы облысқа тасымалданып жет­кізілді. Жүргізілген алдын ала егу, диагностикалық тексеру жұмыс­тары компьютерлік дерек қор базасына енгізілуде. Жануарлардың энзоотиялық ауруларына қарсы дәрі-дәрмек сатып алуға соңғы жылдары облыстық бюджеттен тұрақты қаржы бөлініп келеді. Биыл 205,4 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді.
Қазіргі күні, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру маңызды іс-шаралардың бірі. Бұл жүйе бойынша да атқарылған жұмыстар жетерлік. Сонымен қатар, 2019 жылдың 3 айында ветеринариялық-санитариялық бақылауға жататын 12 объектіге есептік нөмірлер рәсімделіп берілді, – деді басқарма басшысы.
– Дұрыс, әлі де жұмысты жүйелей түсу керек, – деді аймақ басшысы.
Одан әрі, асыл тұқымды қой, бұқа, жылқы мен түйе тұрған тұраққа келіп, асылдандыру бағытындағы жаңа­қорғандық шаруалардың жұмысымен танысты. Келесі кезекте Оңтүстік өңірден келген асылдандыру орталығының өнімдерін көрді. Қой шаруашылығын жетілдіру бағытындағы жұмыстармен танысып, терісі мен жүнінен жасалған бұйымдарға бағасын берді. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлерін көрген аймақ басшысы қазақтың көне бұйымдарына тәнті болды.
– Қош келдіңіздер, сусыннан алыңыз­дар, – деді жас сатушы.
Кейден ауылдық округінен шығатын «Кәусар» сусынынан дәм ауыз тиген өңір басшысы:
– Түрлі дәмшеуіштермен, химиялық жолмен дайындалатын сусындарды ал­мас­тыратын сусын екен, – деп оң бағасын берді.
Шиелі ауданынан арнайы келген «АруАна» қымызымен танысты. Көрмені мұқият аралаған басшылар сахна кешеніне қарай аяңдады.
Алғысөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев соңғы жылдары мемлекеттік қолдаулардың арқасында мал шаруашылығында тұрақты даму тенденциясы қалыптасып, агроөнер­кәсіптік кешеніне бағытталған инвес­тициялар еселеп өсіп жатқанын атап өтті. Мәселен, соңғы 5 жылда аграрлық салаға салынған инвестиция көлемі 27 есеге ұлғайып, экспортталатын өнім түрлері 3-тен 16-ға дейін артты.
– Мал шаруашылығына тұрақты қол­даудың арқасында облыста мал басы ең көп болған 1993 жылдан асты. Соңғы 5 жылда ет өндірісі 2,8 есеге, ал, сүт өндірісі 1,7 есеге артты. Тұңғыш Президент «Аграрлық сектор – экономиканың жаңа драйверіне айналуы» қажеттігін ерекше атап көрсетіп, аграрлықтардың алдына еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімдердің экспортын 2,5 есеге арттыру туралы мақсат қойғанын жақсы білесіздер. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында біз облыстың ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу рыноктарына кешендік маркетингтік зерттеулер жүргізіп, нәтижесінде, облыстың агроөнеркәсіп кешенін 2022 жылға дейін дамыту «Агрокартасы» әзірленіп, іске асырылуда. «Агрокарта» аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемін 2021 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолдарын айқындадық,– деді Қырымбек Елеуұлы.
Агро карта аясында мал шаруа­шылығы саласында бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы аясында шет елдерден асыл тұқымды ірі қара малы жеткізіліп, облыста 8 репродуктивтік шаруашылық ұйымдастырылды.
Сонымен бірге, аймақ халқын сапалы экологиялық таза табиғи өнімдермен қамтамасыз ету үшін облыста 1200 басқа арналған сүт өндіру кешенінің, мың басқа арналған екі бордақылау алаңдарының құрылыстары жүргізілуде. Ет, сүт шаруашылығын дамытумен қатар, облыста 5 құс шаруашылығы ұйымдастырылып, жұмыртқа өндірісі 1,6 есеге артты.
– Облыста ет экспортын қамтамасыз етудің негізі қаланды. Өңірде жылына 25 мың бас мүйізді ірі қара малын бордақылайтын ірі және орта мал бордақылау алаңдары жұмыс жасайды. Облыстың аусыл ауруынан буферлік аймақтан шығуының арқасында Иранға, Біріккен Араб Әмірлігіне, Монғолияға, Ресейге, Өзбекстанға тірілей қозы, мүйізді ірі қараның етін экспорттау басталды. Ет өнімдерінің экпортын ұлғайту үшін биыл жылына 5 мың тонна ет өнімдерін өндіретін халықаралық стандартарға сәйкес келетін ет комбинаты іске қосылатын болады. Келешекте ет-сүйек ұнын өндіретін, балық жемін шығаратын және жүн, тері өңдейтін өндірістерді дамыту жоспарлануда», – деді аймақ басшысы.
Ал, ауыл шаруашылығы министрі Сыр өңірінде аграрлық саладағы серпінді істерге тоқталып, күн ұзақ төрт түліктің қоңын арттыруда еңбек ететін еңбеккерлерге алғысын жеткізді.
– Жыл сайын елімізде ауылшаруа­шылық саласының даму қарқыны көңіл қуантады. Әсіресе, Сыр өңірінің өрісі кеңейіп, шаруалардың жұмысы ширай түсті. Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасын кезінде алғашқылардың бірі болып Қызылорда облысының қолдап, жүзеге асырғанын және жақсы нәтиже көрсеткенін ерекше атап өткім келеді. Әрине, мұның барлығы ерен еңбектің арқасында жеткен жетістік, – деді министр Сапархан Омаров.
Дәстүр бойынша слет аясында аграрлық саланың ең үздік қызмет­керлерін 11 номинация бойынша мара­паттау рәсімі өтті. Асыл тұқымды мал өсіретін үздік репродуктор шаруашылық, ет бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативі, үздік сүт бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативі, үздік мал өнімдерін өңдеу кәсіпорны, үздік құс шаруашылығы, үздік бақташы, үздік шопан, үздік жылқышы, үздік түйекеш, үздік ветеринар, мал шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан үздік БАҚ өкілі. Бұл олардың жылдың төрт мезгілі бойы көретін бейнетінің зейнеті екені айқын. Жаңақорғандықтар да марапат биігінен көрінді.
Атап айтқанда, ҚР Ауыл шаруа­шылығы министрінің «Құрмет грамо­тасымен» «Мар­жан» шаруа қожа­лығының жетек­шісі Құрманғазы Ақбалаев марапатталды. Ауыл шаруашылығы саласы кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төс белгісін «Ақсеңгір» қожалығының жетекшісі Ғалым Құрықбаев кеудесіне тақты. Сондай ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төс белгісі аудандық ветеринария бөлімінің бас­шысы Нұрлан Беркімбаевқа табыс­талды. Үздік ет бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативі марапатын «Сәдір ата» кооперативінің жетекшісі Сәдірқожа Атымтаев алса, үздік сүт бағыты бойынша «Ақбұлақ-Б» төрағасы Ерлан Ерханов марапат мінберіне шықты. Ал, «Үздік бақташы» номинациясын «Сұңқар» бақташысы Абзал Рыспанбетов алса, «Үздік шопан» «Бақытжан» шаруа қожалығының шопаны Бауыржан Сабырұлы, «Үздік жылқышы» жүлдесін «Бекарыс Агрофуд» жылқышысы Шалхар Абдуллаев алды.
Біз әңгімеге тартқан V облыстық малшылар слетінде «Үздік ет бағы­тындағы ауыл шаруашылығы коопе­ративі» аталымы бойынша ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған Сырдария ауданы, «Шіркейлі» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы – Жанарбек Нұрымбетов. Бүгінде кооперативке 20 тауар өндіруші бірігіп, 100 млн. теңге инвестиция тартылған. Бүгінгі күні 125 бас мүйізді ірі қара мал өсірілуде. Облыс тұрғындарын 930 центнер сапалы ет өнімімен қамтамасыз етуде. Көбіне мал етін Қызылорда қаласындағы әлеуметтік дүкендерге нарықтағы құннан төмен бағада өткізетін қожалықтың айтуынша, малшылар слетін өткізудің пайдасы көп. «Бұл салада білмейтініміз көп. Слетке келген басқа өңірдегі шаруа қожалық иелерінен үйренетініміз көп. Былайша айтқанда, тәжірибе алмасу ғой. Сондықтан малшылар слетінен қалмауға тырысамын», – дейді Жанарбек Сыраж­ұлы.
Марапаттан кейін Сыр елінің өнер­паздары әннен шашу шашып, дала төсін жырға бөледі. Ал, жаны спортқа құмар жастар ұлттық спорт түрлері бойынша сайысқа түсті. Гір тасын көтеру, қол күрес, арқан тартыс және қазақ күресінен балуандар боз кілемде барын салды. Апайтөстер айқасында бұл жолы қармақшылық Ержан Абдуллаев алтын тұғырдан көрінсе, қос жаңақорғандық Алдаберген Айберген мен Төлегенов Бақдаулет күміс пен қоланы қанағат тұтты.
Міне, екі күнге созылған малшылар тойы осымен тәмам. Жыл бойы малшы қауымның төккен тамшы терінің жемісі көрініп, еңбек еленді. Ал, биылғы жылдың ерекшелігі, тәжірибе алмасудың оңтайлы тұстары түсіндіріліп, цифрландыруға бағытталды. Әсіресе, таңбалану жұмысы жандану керектігі баста назарда болды...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
04 маусым 2019 ж. 966 0