№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» Қазақ қызы: Жан жылуы

Қазақ қызы: Жан жылуы


1976 жылдардың кезінде «Коммунизм жолы» газетінің фототілшісі Тұмарбай Жәненовтың Қаратаудың қойнауындағы Бірлік қой шаруашылығына арнайы іссапарында совхоздың қаракөл комплексіндегі қайнаған жұмыс сәтінен нысанасына іліккен үш жауқазынның мойыл жанарындағы мөлдір шуақ жүректі шым еткізер пәктігімен, тазалығымен, тым-тым алыс та болса аяулы ақиқатымен, тіпті жарты ғасырдан соң суретті қолына алып, назар салған кімді болсын тәнті етері анық.

Бұл ақиқатты басқаны қойып, сол бір көктемде сақманшы қыздармен бірге жас қозының елтірісін тазалауға барған сәтінде фотообьективке ілініп қалған, сол кезде он алты-он жетіде, ал қазір алпысыңды алқымдаған ел анасы Ләйланың өзі шын сезініп, қатты толқыған. Одан бері арада нешеме жыл өткен, төркінге бір келген сапарында үйден осы суретті тауып алып, жастық шақты елжірей еске түсірген. Ойларында өз істеріне адалдықтан басқа түк те жоқ танакөздер сол пейіл, сол ұстанымдарынан, құдай біледі, бүгін де ада-күде ажырап, басқа мақсатқа бұрылып кетті деп айта алмас еді. Өйткені тал бойға тастай қатып сіңген тәрбиенің талшыбығын тіктер осы уақыттарда алып қалған өнегеден асылы жоқ екен. Негізінде бар екен деп жататынымыз содан ғой. Ару қала Алматыны қоныс еткеніне отыз жылға жуықтаған қазақтың қызы сол үшін өздерін қарапайым еңбекке, биік адамгершілікке, қиянатқа бармауға, бір сөзбен айтқанда, құдайшылыққа баулып кеткен ата-анасына шексіз қарыздар сезінді өзін. Көне суретке үңіле түскенде үнсіз ғана көкірегіне ұялаған бір әсер осы. Екінші алған әсері, суреттегі үшеудің бергі жағында бейтаныс жігіттің сұлбасы қараяды. Анықтап қараған таниды, ауданнан барған тілші жігіт Кенжебек Әбдімәуленов қой. Еліктің лағындай ойнақтаған үшеу көз қиығын да салмаған бұл азаматпен болашақ тағдыры жұптасып, өмір қосағым болады екен деген ой Ләйланың қиялына да кірді ме екен? Енді ғой, жан-жары Кенжебекке суретті көрсетіп, мәз-майрам болып, жастық шаққа екеуі бірдей сапарлағандай болды.

Мектепті жетпіс сегізінші жылдары жақсы бағаға оқып, тәмамдаған танакөздің арманы асқақ еді. Алматыға барып, өзі таңдаған жоғары оқу орнына түсетініне де бек сеніммен Жалағаштан келген нағашы құрбысы екеуі жатта кеп емтиханға дайындыққа кірісті. Ол кезде де параның қолы жүріп тұр екен, «қанша сом өткізіп қойдыңдар?» деп жолкерсіген жанындағы құрбысының жолы болып, ал өзі басы салбырап ауылға қайтқанда білді мұны. Тоңқылдап ата-анасына өкпелеген болып еді, қаперге ілген бірі болмады, тіпті совхозда инженер болып істейтін әкесі өзіне қолқа салып: «Қызым, мына Тереңөзекте механизация курсы ашылды. Соған қыз балаларды тарту жөнінде тапсырма кеп тұр. Құр жүресің бе, соған барып оқып кел. Мамандық аласың, әрі планды орындамасам маған да қиын болғалы тұр.

Әкеңді құтқар. Ауылдағы қыздарға үлгі болсаң басқаларға да ой салады ғой» деп қарап тұр. Бұл белді буынып, алты ай курсты оқып қайтты. Келген соң шаруашылықта түрлі жұмыстар атқарды. Шопан отарларына барып, қой қоздату науқанына қолұшын берді. Шопандарға үй салып беруге атсалысты. Жаз туа Қызылордадағы кооперативтік техникумына оқуға құжат тапсырды. Алғыр қыз техникумды бітіре сала Қарағанды қаласында кооперативтік институтқа оқуға түсіп, оны да қызыл дипломға тәмамдады. Ауылда жоғары білімді мамандар аз. Келе сала аудандық жоспарлау бөліміне басшы, аудандық бюджет және экономика бөлімі бастығының орынбасары болып қызмет атқарды. Білікті маман одан әрі жұмысы ақсап жатқан аудандық тұтынушылар одағы басқармасына жіберіліп, онда да сатылап қызметке жоғарылатылды.

Бірде Нұрахмет ағайымен бірге кабинетке кірген жігітті жыға танымаған соң аса мән бермеген еді, бірақ ол азаматтың көңілі өзіне ауып қалған секілді. Қайта-қайта келгіштеп, есік алдында күтіп тұратынды шығарды. Сөйтсек, ол Ләйланы ұнатып қалыпты. Онысын Нұрахметке білдіріпті де, бірақ айтқаны бар болсын, төбеден соққандай «Ол қыз саған тимейді» деген жауапты алып, құр жасып қалғаны болмаса.

«Мен сізбен бір ауыз сөйлесейін деп едім» деп кешкісін есік алдында тосып тұрған азаматтың тауанын жықпайын деп, «жарайды» деп келіскен Ләйла ауылдан қатынап жұмыс істейтінін, тезірек қимылдамаса қараңғыға қалып қоятынын айтып, үлкен жолға қарай беттеген. Онымен ілесе адымдап, әңгімесін бастаған жігіттің балалық шағынан басталған тағдыр хиқаясы жол бойы қол көтерген көлікке бірге мініп, Бірліктің қиылысына бұрылар тұсқа дейін жалғасты. Келешекке артқан үміт салмағының бір ұшын үкілер жанды жазбай таныған жүрегі жұмсақ жігіттің көңіл сырына шын иланып жаны ашығанымен өз тағдырына жалғыз үкім ете алмайды екен. Анасымен ақылдасқан, оң райын танытпады. Ана шіркіннің көңілі белгілі ғой, алмастай тіліп түсер ақсұңқарын өзінен едәуір ересек, әйелі қайтқан, қолында бір ұлы бар адамға ұстата салғысы жоқ. Ойында қызына тең көріп жүрген небір дәкейдің балалары осы ауылда да жүр ғой. Бірақ қатарынан көп бұрын есейіп, ақыл тоқтатқан, карьера қуып, қарбалас қызметте желдіртіп жиырманың сегізіне жақындап қалған қызының талғамы не дейді? Өзімен тең құрбыдан көш бойы биік тұрған болмысы кімді қалайтынын ақылды арудың өз еркіне берсе қайтеді?

Жауапты қызметтер атқарып, өз билігі өзінде болып үйренген ару ақырғы шешімге келіп, «менен басқа да нешеме қызға жолығарсыз, әлі. Мені енді бұдан әрі мазаламаңыз» деген жауабын ауылда біраз аялдап, Алматыға қайтып кеткен Кенжебектің адресіне салып жіберді. 1982 жылдан бастап аудандық газеттен Қазақ радиосына қызметке ауысқан жігіт ауылға бір келген сапарында осы қызды кездестіріп, туған жерге жиі командировка алуға көшкен. Мына жауаптан кейін Кенжебектің жүрегі ауырғаннан тұра алмастай жатып қалып, кішкентай бөбегі Арман түнімен су беріп басында отырыпты. Жігіттің қызға көңілі барынан хабардар көршісі, белгілі актер Нұржұман Ықтымбаев сырқат жанында әйелі екеуі таңға дейін хабар алып тұрып, ертесіне Кенжебеккке айтпастан мұның кабинетіне телефон соғып, іздеттіріпті. «Әй, шырағым, – деді ол саған бойда. Сен Кенжебектен артық жігітті таппайсың, айналайын. Ол жігітті мен жақсы білем. Көп қулардың қолынан келетін айла мұнда жоқ шығар, мына нәрсені жасап береді деп уәде де бере алмайтын шығармын, бірақ толық білетінім, оның қолынан қиянат жасау келмейді, оған сенім артуыңа болады, – деді. Мына сөз Ләйланы ойландырып-ақ тастады. Қадірін білмейтін біреудің етегінен ұстап, таяғын жеп жүрген құрбылары аз ба? Ол енді не де болса Алматыға барып, жігіттің жай-жағдайымен толық танысуға бел буды. Қаладағы құрбысының үйіне түсіп, жайланып, жанына оны да ертіп алды. Мекенжайы бойынша таудың баурайындағы «Достық» көшесіне жақындап келеді. Көп қабатты үйдің бірінші қабаты екен. Бибігүл апаның өмірден өтерінен сәл бұрын қол жеткізген пәтері. Оған дейін одан арырақтағы майда үйшіктер қонған иір-қиыр төбеге көтеріліп, жалдамалы пәтері мен жол бойындағы аялдамаға дейін неше шақырымдап жаяулатып жүрумен дерт жамап, етжеңділеу денесіне салмақ түскен Би апаның бүйрек ауруынан көз жұмғанын естіген еді. Осы жайларды ойлана еске алып, үйге жақындап келеді. Есікті Кенжебектің өзі ашты. Ләйланың келетінін білетіндіктен өзінше дайындалып, үйді тазалап, столға торт әкеліп қойыпты.Сәбиін құнттай қып киіндіріп қойғаны да көрініп тұр. Үш бөлмелі үйде көзге түсіп тұрғаны еденде жатқан қолдан тоқылған тақыр кілем ғана. Ләйла бүлдіршінге деп әкелген ойыншықтарын балаға ұсынды. Солардың әрбірін қызықтап, өзімен өзі болып кеткен Арман жоқ, туасы әкесі «сенің мамаң келеді» деп айтып қойған болу керек, жанынан ұзай алмай, жанары жаудырап тұр. «Әдемі бала екенсің ғой» деп басынан сипап еді, соны күткендей құшағына кіре түсті. Кішкентай саусақтарымен мойнындағы алқасын ұстады. Осы сәтте Ләйланың көз алдына Бибігүл апасы елестеді. Оныншыдан соң мұғалімдер даярлайтын училищені бітіріп келіп, Бірлік ауылында мектепте мұғалім болып жұмысқа тұрды. Сонда осы Ләйла оқитын үшінші сыныптың жетекшісі болды. Күн шалмайтын аппақ жүзінен нұр төгіліп апайлары келе жатқанда бар бала алдынан жүгіріп шығып, біреуі қолына, біреуі етегіне жармасып, жан-жағын қоршап алатын. Қолындағы сөмкесі көбіне Ләйланың қолына тиетін. Етекжеңі мол, жұп-жұмсақ тұлабойындай мейірімі ерек апайының сөмкесі де мапмамық, мақпал қалыпта есте қалып қойыпты. Арманның аппақ балғын саусағын ұстағанда апайының сол аялы алақаны ойға оралып, енді сол жылуды аңсаған заңғар жүректің бір бөлшегін, жәутеңдетпейін деген тәуекел тілек мөп-мөлдір жасқа айналып тізесінде отырған жеткіншектің желкесіне тырс етіп тамды. Не де болса бір жанды бақытты ете алсам деуден артық асыл мақсат бар ма? Осы ой, осы тілек оның алғы өмірінің бағдарын сызып берді. Осы сәттен бастап өзінен он бір жас үлкен ер азаматқа өз тағдырын сеніп тапсыру мен аяулы ұстазы - Биапаның перзентіне қамқор бола алсам деген пейілдің қай жағы басым түскенін осы күнге дейін айырып айта алмайды. Әсілі, жер бетіндегі пенделер бірі үшін бірі жаратылған. Мына өмір сонысымен шуақты, сонысымен қымбат. Бір өкініштісі, мұндай жандар көп емес.

Журналистік қызметтің бітпейтін шаруасымен балаға жете көңіл бөле алмау салдарынан бірінші сыныпта оқитын Арман әріп танудан қалыңқырап қалыпты. Ең алдымен жеткіншектің оқу үлгірімін тиянақтау мақсатында Ләйла қызмет мәселесін уақытша жылы жауып қойды. Кенжекең 2002 жылдан бастап Қазақ радиосы Астана студиясының редакторы,»Ел мен жер», «Үкімет арнасы» сынды хабарларды жүргізді. 2009 жылдан бастап ҚР Президенті іс басқармасы, Президенттік телерадиокешені «коммерциялық емес акционерлік қоғамының» тәуелсіз директоры, директорлар кеңесінің мүшесі ретінде ұжым жұмысының жандануына үлес қосып келді. Қазақ радиосына қызмет еткен жылдары Әнуарбек Байжанбаев атындағы сыйлығын екі мәрте иеленді.

Кенжебек пен Ләйланың тәрбиелеп жетілдірген – Арман балалары атаана жолымен КазГУ-дің журналистика факультетін бітіріп, қазірде Мәскеуде Еуразия экономикалық қатынастар бөлімінде жауапты қызмет атқарады.

Осыдан екі жыл бұрын Кенжебек ағамыздың жетпіс жасқа толу қарсаңында ол кісімен телефон арқылы сұхбаттасып «Қарлығаш үміт қалғымайды» деген тақырыпта очерк жазған едім. Көп өтпеді, қатал пандемияның қаһарына іліккен асыл жанды ағамыздан отбасы, айнала туыс-туғандары мен ұжымдастары қас-қағымда көз жазып қалды. Қашан қарасаңыз өзінен бұрын өзгелердің қамын көбірек ойлайтын, сол дағдысымен жарық дүниеде қол ұшын берген адамдары көп, туысбауырларынан үйінде жатып, оқып, кісі болып қалыптасқандары қаншама, осының бәрінде үлкен жүрегінің жылуын аямай, аңқылдап жүретін жан аз ғана күн ауырып, артына қарамай кете барыпты. Кешеге дейін туған ауылмен де қарым-қатынасын үзбей, төл газетімізді қадағалап оқып, әрбір жазған мақаламызға жарайсыңын айтып отыратын ақпейіл ағамыздың қошеметінен соң көңіліміз де бір көтеріліп қалатын еді.

Жыл болды, ол кісіден хабар үзілді. Кешелері редакциямызға ол кіісінің жары Салайдінқызы Ләйла ханым келді. Елдегі ағайынның басын қосып, отағасын еске алып, рухына Құран бағыштамақ. Содан кейін редакцияға бұрылып, Кенжекеңнің көңілі түскен күндерде жастықты шынтақтай жатып, телефонмен хал-жағдай сұрасып, қауқылдасып жатар жазарман ағайынды бір көріп кетпесе көңілі жарым болар түрі бар, соған арнайылап келген беті, біртебірте әңгімеміздің соңы сырлы баянға айналып, «Қазақ қызы» айдарымен хатқа түсті. Ия, қазақтың қызы деген атқа лайық жандар қарапайым өмірде де жетерлік. Олар қасымызда қатар өмір сүріп жатыр.

Баян Үсейінова

---
19 шілде 2022 ж. 280 0