Ауыл дәрігері
Кез келген дертті ауыздықтауда дәрігер біліктілігі аса қажет. Орта мектептен соң Түркістан медициналық училищесін, одан әрі Мұхтар Әлиев атындағы Қазақстан медициналық университетін бітіріп келе сала туған ауылындағы денсаулық кешенінің тізгінін қолына алып, батыл іске кіріскен жас маманға алғашқы күннен алған білімі мен қажыр-қайраты дем беріп, алажарқв көңілге қараша елдің сенімінен шығу талабы алатаудай қуат дарытты. Ауылдың тынысы қандай кең болса ауыл адамдарының пейілі де сондай кең. Әрбір жанұяның бір жақын адамына айналып кете баратын ауыл дәрігері күн мен түннің қай бір мезгілінде болмасын жәрдеміне мұқтаждың жанынан табылып, талай бақытсыздықтың алдын бөгеп, алғашқы берген тиянақты ем, нақты нұсқамасымен нешеме дерттінің аяғынан нық тұрып кетуіне себепкер болды.
Қысқа ғана еңбек жолында ел көңілінен шығып үлгірген ауыл дәрігері Балтабай Темірханұлы бұл дәрежеге ең алдымен бала кезінен өзі қалаған дәрігерлік мамандыққа деген құштарлығының арқасында қол жеткізді. Кәсібін шын сүйген оның мехнатын маңдайының терімен жеңілдетіп, жүрек жалынымен өзін де, өзгені де жылыта біледі екен. Денсаулық ккүзетіндегі бар-жоғы он екі жылда Балтабайды бағаналы қауымға бауырдай етіп жіберген осы мінезі, осы қасиеті.
Жас маман Бесарық, Манап, Талап бекеті тұрғындарын қамтитын медициналық кешеннің жұмысын жауапкершілігіне алып, Талап ауылдық ауруханасының меңгерушісі болып төрт жыл тер төкті. Армандағы қиялды ақиқатқа ұластырар еркін елдің ұланы емес пе, іс-тәжірибесін терең ұштасам деген талаппен 2013 жылы Жезқазған қалалық емханасына ауысып, дәрігер-хирург болып жұмысқа орналасты. Сонымен қатар жедел жәрдем бөлімінде дәрігерлікті атқарды. Оқу бітірер жылы ұстазы, профессор Ибрагим Ақжолұлы шәкіртінің ғылымға деген ерекше зейінін байқап, кафедраға алып қалғысы келгені тегін емес, оның жолына тәуекел еткенге ашылмас есік жоқ. Сол жолға бір табан жақындамақ ниетте еді.
Бірақ өзі қатты бауыр басқан елдің дәмі жібермей, қадірлі кәсібінің бақталайын туған жер халқына қамқор бола жүріп қанаттандыруды көксеген көңілі бөтен елде байыз таппай , алып-ұшып атамекенге қайта оралды.
2014 жылдың желтоқсан айында Қаратөбе ауылдық фельдшерлік-амбулаториялық пунктінде меңгеруші, 2016 жылдың наурызынан жылжымалы медициналық кешен меңгерушісі, 2017 жылдың мамыр айынан бастап Кейден және Жайылма ауылындағы дәрігерлік пунктің меңгерушісі, 2018 жылдың қарашасынан Бірлік ауылдық ауруханасының бас дәрігері, 2019 жылдың ақпан айынан бастап Жаңарық ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері қызметін атқарып келеді.
Ауыл дәрігеріне қызметтік жауапкершілік екі есе жүк арқалатарына ол алғашқы күннен шын мойынсұнып, талай –талай тәуекелге табан тіреуге тура келерін түйсініп үлгірген. Қайнаған қарекеттен тұратын ауыл өмірінде технмканың құлағында абайсызда қатерге ұрынып, жазым болып жарақаттанып, түрлі жағдайда алдына келетін ағайынды ауданға жөнелтуге уақыт тар, өлім мен өмір шарпысқан сын сәттерде жылдам шешім қабылдап, батыл іске кірісіп кететін сәттер көп. Сондықтан қайда жүрсін, қайда болмасын қолынан тастамайтын дәрігерлік қобдишасына құрал-жабдығын түгелдеп, талай қиналған жанға дер кезінде жәрдем беріп үлгіремін деумен күн мен түн кезектесіп өтіп жатыр, өтіп жатыр.
Бірде Талдысудағы лагерьдің ашылуына қатысып келе жатқан беті еді. Талапқа бұрылар тұстан көліктен түсіп қалып ауылға жаяулатып бет түзеген. Соңынан шарқ ұрып іздеп шығып, қара жолда қарсы жолыққан жігіт әкесінің нашарлап жатқанын айтып ауылға тез жеткізді. Қан қысымы қатты көтеріліп, қызуы отыз тоғызды ұрған әлгі ағасы ем шараға кіріскен дәрігердің көз алдында жүрді де кетті. Әлгі баласы бетін басқан күйі жылап, сыртқа атты. Бұл жандәрмен жасанды демалдыру әрекетімен үрлеп тыныс беріп, әбігерге түсіп, арада бір-екі минут өткенде жүрек шіркін қайта соғып кетсе болар ма. Науқастың жайы тұрақтанып, көңілі орнына түскен дәрігер дәрісін егіп, «Аға, уайымдамаңыз, бәрі жақсы болды» деп сыртқа шығып еді , айналасы бес-алты минутта туған туысқаны жиылып қалыпты. Дәрігерден үкім күтіп үрпиісіп тұрған үрім-бұтағына жайдары жүзбен жақсы хабарды сүйіншілегеннен артық қуаныш бар ма?
Талапта жүргенінде мына бір жағдай есінде. Айдарғазы деген ағасы белінен шойырылып, жүре алмай жатып қалғанына шағымданып, шақыртқан соң құрал-жабдығын көтеріп қарашаңырағына бас сұққан. Лезде-ақ ғаріптік күйге түскен көкесінің жанында сүйенуге сайлап қойған таяғының тұрқы жаман. Қолы жеңіл дәрігер науқастың бел тұсының нүктесін тауып, уколын еккен. «Ал, енді мені шығарып салыңыз» деп сырқатты орнынан тұрғызып, есік алдына дейін алып келді. Сыртқа шыққан соң «Енді таяқты тастаңыз» деген дәрігер бұйрығына баладай бағынған емделушісі айтқанын бұлжытпай орындап, өзі жүріп кетті. Өйткені ауру үшін дәрігердің айтқаны заң. Не науқаспен ауырып жатса да «ой, бұл түк те емес, ерунда, қазір ақ жазылып кетесің» десе жазылып кетеді. Өйткені дерттінің бойына күш берер қуаттың қайнар көзі – дәрігерге деген сенімде.
Бүгінде Жаңарық елдімекеніндегі өзі басқаратын дәрігерлік амбулаторияда он медперсоналмен екі мыңға жуық ауыл тұрғынының денсаулығын күзетіп, күнделікті емдеу-сауықтыру жұмыстарынан бөлек профилактикалық шараларға басым көңіл бөлінетінін білдік. Қазіргі таңда өзекті мәселе екпе салу бағытында да жүйелі жұмыс жүруде.
Біліктілігімен әріптестер арасында да басым беделге ие, әлі де ізденуден жалықпай келе жатқан еркін ойлы,білдей денсаулық сақшысының ерік-жігерін ешкім тұсаулай алмас, бірақ аяқ-қолын алаңсыз өмірімізге атышулы ауыртпалықтарымен киіп кеткен коронавирус індеті былтырдан бері батпандай салмағымен бейуақта байлап-матап тастағаны рас. Індеттің өрісі өршіген өткен маусымда аудан орталығындағы малшы балалары жатып оқитын мектеп-интернатын госпитализациялап, аурулар жатқызылғанда соның бар жұмысына осы Балтабай өзі басшылық етті. Биыл да індет көбірек белең алған жаз айында аудандық орталық аурухана жанынан қосымша реабилитация бөлімі ашылып, соның жұмысы Жаңарықтың бас дәрігерінің мойнына қосымша бейнет боп алатаудай міндетті тағы арқалатып отыр. Жоқ деп айта алмайды. Гиппократ анты ондайды көтермейді.
Біз барғанда беті - қолы тұмшаланған, аяғына резеңке етік киген дәрігердің кім екенін де ажырату мүмкін емес. Сақтану үшін тәуліктер бойы тынысын тарылтар тамұқтың қабығындай жамылғыға төзу де азап. Бірақ амалың жоқ. Осындай формада бөлімде ерсілі-қарсылы ағылған ақ халаттылардың мақсаты біреу: дерт жамап жаны қиналып жатқандардық жарық өміріне жар болу. Сол үшін көз ілмей, көбелектей ұшып-қонып, ұшы-қиырсыз тауқыметке тастай табандылықтарымен төтеп беріп келеді.
Жетпіс төсекке ыңғайланған оңалту бөлімшесінде коронавирусқа шалдығудың жеңіл формасы мен пневмониямен сырқаттанғандарға жедел көмек көрсету бойынша ем-шаралар тағайындалып тиянақты жүргізіліп келеді. Былтырғыдай емес, емдеу протоколы нақтылы, концентраттар жеткілікті деңгейде, іс-тәжірибесі толысқан мамандар корпусы ыждағатты басшылықтың нұсқауына сына түсірмей сапалы еңбек етуде. Бөлімде емделіп жатқан сексен үш жастағы қарт ана Палбибі Әбдіқадырқызы жылы сөзінің өзі берген емнен артық сезілген сыпайы мінезді жігітке алғысын айтып тауыса алатын емес. Осындағы емделушілердің сөзінше, дәрігер Балтабай Махатовтың қарамағындағы науқасқа қояр талабы да, өтініші де мына үш ережеден тұрады екен: көңіл-күйді еш түсірмеңіз. Мүмкіндігінше етпеттеп жатудың нәтижесі көп болады. Алдыңа келген асты бет қаратпай ішіп-жеуге тырыс. «Ас тұрған жерде дерт тұрмайды» деген қазақтың нақылы да осыдан туса керек.
Жаны сүйіп қалаған мамандығы – хирургия саласының қыр-сырын жетік меңгеріп, қандауырдың құпиясына терең бойлауды өмірлік тәжірибесімен бекемдеуге ниет етіп отырған асыл жанды ауыл дәрігерінің алдағы мақсаттары бұдан да үлкен.. Халықтың ризашылығы мен батасы бұл жолда жарық нұр болғай!
Баян Үсейінова,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі