№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Ұлық ұлыс – біздің ұлыс

Ұлық ұлыс – біздің ұлыс


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау-2019» форумында Алтын Орданың (Ұлық Ұлыс) 750 жылдығын және Жошы ханның есімін ұлықтау керектігін айтқан болатын. Бұлай айтуының астарында елімізді туристік мемлекетке айналдыру идеясы жатқаны анық. Екінші жағы, Еуразия құрлығындағы ірі империялық ел – Ұлық Ұлыстың заңды мұрагері екенімізді айқындап, жастардың бойына өзің өзгеден кем санамайтын «империялық рухты» сіңіру жатыр. Үшінші жағы, бұрмаланған тарихымызды қайта қарап, Ұлы Даладағы тарихи шыңдықты жаңғырту қажеттілігі бар.


Әлемнің билеушісі Шыңғысхан қайтыс болар алдында өз иелігіндегі жерді төрт ұлына бөліп береді. Тұңғышы Жошының еншісіне шығысы Ертіс өзенінен батысы Еуропаға дейінгі Шығыс Дешті Қыпшақ жері, Арал, Сырдарияның төменгі ағысы мен Жетісудың солтүстік-шығысы тиді.
Көзі тірісінде Жошы өз ұлысын тәуелсіз ел етуге ұмтылды. Бұл тарихи уақиға 1269 жылы орын алды. Яғни Талас өзені бойында Жошы, Шағатай, Үгедей әулетінен тараған ханзада, нояндар жиналып құрылтай өткізген болатын. Нәтижесінде Ұлы Моңғол империясы бөлініп, ұлыстар енші алып, шекаралары белгіленді. Жошы мен Бату дербестікке ұмтылған Алтын Орда мемлекеті Мөңке-Темірдің бастауымен тәуелсіздігін заңды түрде алды.
Сол заманда Алтын Орда басқаша аталатын. Тарихта Жошы ұлысы немесе Ұлық ұлыс, Дешті қыпшақ ұлысы деп түрлі атаумен аталды. Кеңес үкіметі осындай түпнұсқаларды жойып, Алтын Орда деген бұрмаланған, жасанды атауды ғылыми айналымға енгізді. Орыс тілінде Золотая Орда, яғни Бату ханның Еділ өзенінің жағасында өзінің болашақ астанасының орнын белгілеу үшін алтын түсті үйлерден тіккізген қаласының атынан шыққан болатын.
Алтын Орданың мұрагерлеріміз деп санайтын көптеген халықтар бар. Ұлық ұлыс қазақ елінің бастауы. Яғни Жошы ұлысының территориясы Қазақ хандығын қамтиды. Талас құрылтайы біздің елдің аумағында өтті. Алтын Орданың ірі орталығы – Сарайшық еліміздің аумағында. Ұлық ұлысты құраған тайпалар – қазақ халқының негізін құраушы ру-тайпалар. Жошы Ұлытауда жерленген. Ол қайтыс болғаннан кейін онда әсем кесене бой көтерді. Кесене маңында Жошы ордасы деген жер бар.
1946 жылы академик Әлкей Марғұлан кесенеге алғаш рет археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді. Қазба жұмысын жүргізгенде екі қабір анықталады. Кесене ішіндегі бірінші қабірден темір шегелермен бекітілген ағаш табыттың қалдықтары табылды. Қазбаны жалғастыра түскенде қабірдің түбінен үстіңгі жақ сүйегі жоқ адамның бас сүйегі шықты. Ең қызықтысы, сүйектерді жинастырғанда бір қолдың сүйектері жетіспейтіндігі анықталды. Қабірге орта жастағы ер адам жерленген екен. Қабірден жабайы жануар сүйектері, түйенің бас сүйегі, былғарының бөлшегі, мата және ту табылды. Ғалым әсіресе қабірге жабайы жануарлардың сүйегінің қойылуына аса мән бере отырып, бұл факті «Жошыны аң аулап жүргенде жабайы құландар теуіп өлтірді деген тарихи деректерді қуаттайды», – дейді. Ә.Марғұлан қабірден табылған архелогиялық артефактілерді, аңыз-әңгімелер мен жазба деректердегі мәліметтерді салыстыра келе, бұл кесенедегі қабірлер Жошы хан мен оның әйелдерінің біріне тиесілі деген шешімге келеді.
Демек Ел Президентінің форумды Ұлытауда өткізуінің саяси һәм тарихи мәні бар. Осыдан кейін оның толыққанды мирасқоры – Қазақ елі екендігіне еш күмән жоқ. Мұны әлем ғалымдары да мойындайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы шешімінің екі тарихи-стратегилық мәні бар. Біріншіден, елімізге осы ұлы империяның мұрагері болуымыз экономикалық тұрғыдан пайда әкелсе, екіншіден қазақ елінің тамыры терең тарихы арқылы әлемге әйгілей түседі.

Қорыта айтқанда, адамзат тарихында оннан аса империя өмір сүрген. Демек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлытау форумында айтқан сөздері мен тұшымды ойлары Қазақ елінің империя боғанын нақтылай түсті.

Қуандық ҮСЕНБЕКОВ,
№110 мектеп-лицей мұғалімі тарих магистрі
---
11 тамыз 2020 ж. 832 0