№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Алтын орда – тұғырым

Алтын орда – тұғырым

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн» деді. Мемлекет басшысы елге туристерді тарту, экономикалық тұрғыдан өте орынды екенін айтты. Оның екінші жағы бар, Алтын Орданың маңызын айшықтау, төл тарихтың жаңа беттерін ашып, мемлекеттіліктің бастауын айқындауда керек-ақ.

1269 жылы Талас өзенінің бойында үлкен құрылтай өтіп, ондағы Жошы, Үгедей, Шағатайдың ұрпақтары Ұлы Моңғол империясынан бөлініп, енші алып, нақты шекараларын белгілеген болатын. Осы Талас құрылтайы ұлыстардың тәуелсіздігін алуда шешуші рөл атқарды. Әрине, бұл құрылтайдан бұрын Шыңғысханның ұрпақтары өздерінің жаулап алған жерлерінде билік құрып, өзіндік мемлекет ретінде өзгелерге танымал болып, әлемнің жартысында өз үстемдіктерін жүргізіп отырды.
Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы дүние салған соң, оның еншілігіне берілген жерлерді Шыңғысхан оның ұлдарына бөліп берді. Жошының ұлдарының көптігіне қарамастан (жылнамашылар, зерттеушілер оның 15, кейбір деректерде 18 ұлы болған дейді), тарихта көбінесе Бату, Орда-Ежен, Шайбан және Тоқай-Темірдің есімдері аталады. Осы төрт ұлынан тараған ұрпақтары тартыстар нәтижесінде Алтын Орданың тағында бірін-бірі алмастырып отырған.
Бүгінгі күнде айтылып жүрген Алтын Ордамыз сол заманда басқаша аталатын. Алтын Орда атауы кешегі ХІХ ғасырда ғылыми айналымға еніп, кейін Кеңес заманында санамызға берік қалыптасты. Тарихта Жошы ұлысы немесе Ұлық ұлыс, Дешті қыпшақ деп түрлі атаумен аталды. Оның территориясы өте үлкен болатын. Екі қанатқа бөлінген ұлысының оң қанаты қазіргі Ресей, Қырым, Кавказдың территориясын алып, астанасы бастапқыда Сарай-Берке, кейін Сарай аль Джадида, яғни Жаңа Сарай болды. Бұл жерлер Жошының үлкен ұлы Батуға берілген. Ақ Орда деп аталатын сол қанаты-Сырдария ұлысы, астанасы – Сығанақ, Орда-Еженнің еншісіне берілді. Қазіргі таңда ғылыми айналымға Сырдария ұлысы немесе Сығанақ ұлысы деп қайта еңіп жатыр. Өзінің табиғи-географиялық орналасуына байланысты қала бірітіндеп ұлыстың астанасына айналды. Нумизматикалық материалдарға сүйенсек, Сыр бойында ХІІІ ғасырдың ортасында дамыған қалалардың бірі Женд болды. Кейін, экономикалық дамуымен Сығанақтын аты шыға бастады. Жендтің әлсіреуінің себебі оның географиялық орналасуына байланысты болуы мүмкін. Себебі, XIV ғасырда Арал теңізінің деңгейі азайған. Бұған дәлел, қазіргі суы тартылып қалған теңіздің бұрыңғы жағалауынан теңізге қарата 30 шақырым жерде көне ғимараттардың қалдықтарының табылуы болып отыр. Ондағы археологиялық қазба жұмыстарының барысында сол XIV ғасырда соғылған теңгелердің табылуы. Мүмкін Арал теңізінің суының азаюы, оған жақынырақ орналасқан Жендтің халқына өз әсерін тигізіп, халық бірітіндеп Сырдың жоғарғы жағындағы қалаларға көше бастаған. Әрине, Женд қаласы бұдан кейін де өмір сүріп жатты. Кейбір зерттеушілер Жендің экономикалық дамуының әлсіреуін XIV ғасырдың 60-шы жылдарында Алтын Ордадан тараған оба індетінің әсерімен де байланыстырады. Әрине бұның барлығы тек болжам. Зерттеулердің нәтижесімен мұның себебі келешекте айқындалуы мүмкін.
Қалай болғанмен де сол XIV ғасырда бұдан бұрын да Қыпшақ хандығының астанасы болған Сығанақ, енді Сырдария ұлысының үлкен, маңызды қалаларының бірі болды. Өзбек ханның атынан алғашқыда Сығанақта соғылған теңгелер, қаланың, жалпы ұлыстың сол кездегі Алтын Ордаға толығымен бағынғандығын көрсетеді. Одан кейін билікке келген Жәңібек ханның атынан мұнда әлі бірде-бір соғылған теңгелер кездеспеді. Сарай аль Джадида (Жаңа Сарай) қаласының атынан Жәңібек хан соқтырған теңгелері бүкіл Алтын Ордаға, оның ішінде Сығанақта да көп тарады. Жәңібек ханның қайтыс болғаннан кейін Алтын Орда да таққа талас басталады. Екі жыл тақта отырған Жәңібектің ұлы Бердібек 1359 жылы дүние салған соң Алтын Ордада тақ үшін таластың салдарынан жиырма жылда жиырмадан астам хан таққа отырған. Бердібектің өлімінен кейін Батудың ұрпақтарының билігі тоқтайды. Тақ үшін талас барысында хандар бірі-бір жылдан астам уақыт билік құрса, кейбіреулері тіпті бірнеше апта ғана тақта отырған. Ал шынында осы кезеңдерде билік Жәңібектің күйеубаласы, мыңбасы Мамайдың қолында болды. Мамай түрлі айлалармен Алтын Орданың тағына өзі қалаған хандарды отырғызды.
Осы арада Сығанақта Бөлек хан өз билігін құрды. Оның есімі Мубарак ходжа. Тарихымызда әлі де билік құрған уақыты қателесіп жазылып келе жатқан Мубарак ходжа Сығанақта 1367-1368 жылдары өз атынан теңге соқтырды. Әрине одан бұрын да, одан кейін де Сығанақта басқа да хандар билік құрған болатын. Алайда олардың есімдері деректерде әр жерде аздап кездескенмен, нумизматикалық материалдарда олар жоқ. Бұдан кейін XIV ғасырдың 70-ші жылдары Сығанақ билеушісі Ұрыс хан (Ақнияз) өз атынан бұл қалада күміс және мыс теңгелерді соқтырды.
1379 жылы Әмір Темірдің көмегімен билікке келген Тоқтамыс хан, ыдыраған Алтын Орданы қайтадан біріктіреді. Әмір Темірдің қамқорлығымен билікке келген Тоқтамыс, кейін оған қарсы шығып, опасыздық жасады деп тарихшылар тарапынан әлі де өз дәрежесінде танылмай келе жатыр. Шынында, Жошының көптеген ұрпақтарының ішінен, алауыздықтың кесірінен әкесінен айырылған жас Тоқтамысты үлкен Алтын Орданың сұлтандары, бектері секілді зиялы қауымы бірауыздан қолдап мойындауының өзі, оны ерекше билеуші ретінде болған деп көруіміз керек. Негізінде осы Тоқтамыс Алтын Орданы хандарды жиі ауыстырып, олардың арасында тартысты күшейтіп отырған Мамайдың көзін жойып, Алтын Орданың ханы болып таққа отырып, ондағы алауыздықты тоқтатады. Бастапқыда Әмір Темірдің көмегімен Сығанақтың тағына отырған Тоқтамыс мұнда 1379-1380 жылдары күміс теңгелер соқтырады. Кейін ол солтүстікке ығыстырылған соң, Әмір Темір Сығанақ ұлысын басып алып, онда өзіне бағынышты хандарды таққа отырғызады. Тоқтамыс хан Сығанақ ұлысынан кеткен соң, ұлыс бірнеше бөлікке бөліне бастады. Айта кететін болсақ, Сығанақ ұлысына қаладан оңтүстік-батысында 60 шақырымдай жерде, Сырдың арғы бетінде орналасқан Өзгент қаласы кірген. Мұнда 1381 жылы Әмір Темір таққа Кунче есімді ханды отырғызды. Алайда Кунче небәрі екі жылға жетпей тақтан кетеді. Осы жылдары Сығанақ-Гюлистан теңге сарайында Хизр(бек) есімді хан өз атынан теңге соқтырды. Сығанақ ұлысына Өзгент, Сығанақ-Гюлистан, Сарай атты қалалар мен теңге сарайлары кірген. Әзірше Сығанақ-Гюлистан сол Сығанақтың өзі немесе бөлек, жеке қала ретінде болғаны бізге беймәлім, бұны алдағы зерттеулер дәлелдер. Сыр бойындағы Сарайды да қазір анықтай алмай отырмыз. Күміс және мыс теңгелердегі аты жазылған бұл Сарай қаланың атауы немесе теңге сарайы ретінде болғаны әзірше бізге құпия. Сығанақ-Гюлистан мен Сарай қала болатын болса, ең болмағанда олардың Өзгенттегідей қалдықтары сақталып қалар еді ғой. Қазіргі таңда Сығанақтың төңірегінде мұндай қалалардың орны әлі кездескен жоқ.
Әмір Темірдің жорықтарының салдарынан әлсіреген Алтын Орда енді бұрыңғы қалпына қайта келмеді.
1428 жылы Сібірдегі Шыңға-төре (қазіргі Тюмень) қаласында Жошының ұлы Шайбанның ұрпағы жас Әбілхайыр таққа отырады. Оның таққа отыруымен Дешті қыпшақта жаңа кезең басталады. Ыдыраған Алтын Орданы толығымен біріктірмесе де, Әбілхайыр оның көптеген бөлігін өзіне қосып алды. Ғылыми айналымға «Көшпелі өзбек» мемлекетінің билеушісі деп еңгізілген Әбілхайыр шынында өзбекке еш қатысы жоқ. Ол және оның немерелері Темір әулетімен соғысып, бірнеше мәрте Мауераннахрды басып алады. Керей мен Жәнібек оның хандығынан бөлініп Қазақ хандығының құрып, бөлек ел болғандықтан, Әбілхайыр біздің тарихта теріс тұлға ретінде танылып келеді. Қайта біз оны Дешті қыпшақты сақтап, күшейткен тұлға ретінде қарауымыз қажет. Әрине, Керей мен Жәнібекпен Сыр бойындағы қалалар үшін талай соғысқан Әбілхайыр өз хандығының ыдырауына жол бергісі келмеді және де мұнда, нақтылап айтқанда, сол Сығанақта оның бабалары жерленген еді. Демек, өз уақтысында Сығанақ одан бұрын Шайбандықтардың, яғни оның тікелей бабаларының билік құрған қаласы болған. Осы себептен болу керек, 1446 жылы Әбілхайыр Ұлытаудан Сырға келіп Сығанақты соғыссыз басып алды. Кім білсін, мүмкін Алтын Орданы қайтадан біріктіріп, бұрыңғы қалпына келтіруді мақсат тұтқан болар, алайда Әмір Темірдің соққысынан есін жимаған Алтын Орда, кейін Сібір, Қазан, Қажытархан хандықтарына бөлініп ыдырап, 1481 жылы соңғы ханы Ахмет қайтыс болған соң мемлекет ретінде біржолата жойылды.
Жуырда Ресейдің Татарстандағы Қазан қаласында Алтын Орданың 750 жылдығы аталып конференция өтті. Ресей, ондағы Татарстан өзін Алтын Орданың тікелей мұрагері ретінде санайды. Ақиқатында біздің де мемлекетіміздің мұрагерлікке таласуға реті бар. Себебі Алтын Орданың территориясының жартысы біздің мемлекетіміздің аумағында орналасқан. Оның тарихы-біздің тарих. Сондықтан Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту біздің міндетіміз.

                                                                                                                                                Әлімжан ЕРЖАНОВ,
                                                                                                                                                           тарихшы
11 қыркүйек 2019 ж. 2 629 0