№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Гүл нарығында бәсекеге қабылеттіміз бе?

Гүл нарығында бәсекеге қабылеттіміз бе?

Гүл бизнесі тілін тапса табысты саланың бірі.  Бірақ машақаты мен тәуекелі де жоқ емес. Сол себепті болар жолын білсе мол қаржы түсіретін бұл сауда түрімен айналысатын сатушылардың саны ауданда саусақпен санарлықтай ғана. Әйтпесе елдің бәрі гүл өсіріп, мол байлыққа батушы еді. Ал осы шаруашылық түрін дамытуға не кедергі?  Біз соны зерделедік...
Аңқыған хош иісі мен сүйкімділігін жоғалтпаған әсем гүлдердің саудасы қызатын уақыт көктем мезгілі. Өйткені көктемнің алғашқы күні «Алғыс айту» болса, артынша «халықаралық әйелдер күні», оған ілесіп «Наурыз мейрамы» келеді. Ал бұл аталмыш мерекелердің бәрі гүлсіз өтпейді. Басқа мезгілдермен салыстырғанда сырт мемлекеттен тасымалданатын гүлдің бірнеше есеге өсетін кезі де нақ осы уақыт.
– Ауданда түрлі гүлдер сатылымға шығып, нарықтан өз орнын тапқанына да көп болған жоқ. Алайда шүкір, жақында ғана гүл дүкенін ашсақ та саудамыз жүруде. Десте гүлдермен қатар, бөлме гүлдеріне де сұраныс жоғары. Қашанда әдеміліктің, әсемдіктің белгісі болған бұл нәзік жаратылысқа ерекше күтім қажет. Әйтпегенде, бастаған бизнесің құрдымға кетуі мүмкін.  Оларды күтіп баптауда түрлі дәрумендер алып, суды әр гүлдің өз ерекшелігіне қарай құйып отырамыз. Тұтынушының көңілінен шығу бізге басты міндет, – дейді «Nazik» гүл дүкенінің иесі Айда Әбен.
Сонымен қатар дүкен сөрелерінде тұрған десте гүлдерді сатушылар Алматы қаласынан арнайы тапсырыспен алдырса, бөлме гүлдері Шымкент және көрші Түркістан қаласынан жеткізіледі екен. Наурыз айындағы мейрамдар кезінде әртүрлі гүлдерімен тұтынушыларды таңқалдыруды қалаған дүкен иесі Айда  гүл саудасына 500 мыңдай қаржы құйған.
Гүл сыйлау – мәдениеттің, эстетикалық талғамның жоғары көрінісі. Себебі, гүлге қарап сүйсінбеу, ләззат алмау мүмкін емес. Әрине, бізге қарағанда, қалада гүл саудасы жақсы дамыған. Тіпті арнайы дүкендер де жетерлік және гүлдің түр-түрін табуға болады. Десек те, осы гүлдердің отандық гүл өніміне қосқан үлесі 30 пайызды ғана құраса, қалған 70 пайызы шет мемлекетке тиесілі. Деректерге сүйенсек Қазақстанға жылына шамамен 160 миллион доллардың гүлі жеткізіледі екен. Осы орайда гүл өсірудің өзіндік сырын неге өзіміз меңгермеске? Елімізде не көп жылыжайлар көп. Соларды осы бизнес түріне пайдаланып, шаш-етектен неге пайда таппасқа?
Мәселен, «Қызыл кітапқа» енген қызғалдақтың Қазақстанда 35 түрі өседі. Жалпы, осы гүлдің Отаны – қазақ даласы. Исі жұпар аңқыған гүлді үлкен де, кіші де жақсы көреді. Сәуірдің ортасы мен мамырдың басында кенттен тысқары шықсаң, сарғалдақ пен қызғалдақтың кілемдей төселгенін көресің. Көресің де, ғажайып сезімге бөленесің. Осындайда гүлге қызықпау, гүлге ғашық болмау – мүмкін емес. Айта кететіні, Қазақстанда гүлмен айналысатын шаруашылықтар да бар. Олардың біріншісі Қарағанды қаласы былтырғы жылы 250 мыңға жуық қызғалдақ өсірсе, шымкенттік шаруашылық 500 мың раушан гүлін егіп, экономикаға едәуір үлестерін қосқан болатын. Ал гүл саудасының денін қыздыратындар Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары болып тұр.
Колумбия, Ресей, Бельгия, Қытай мемлекеттерімен бірге, қазақстандық кәсіпкерлер гүлді Түркия, Израил, Колумбиядан да әкелуге тырысатын көрінеді. Бірақ, ескерерлігі – гүл саудасын дөңгелетіп отырған мемлекеттер арасында Голландия гүлдерінің нарқы қашан да жоғары. Гүл нарығында қызғалдақтан кейінгі орынды голландиялық мамыргүл иеленеді. Себебі, Қазақстанға әкелінетін гүл шоғырының арасында мамыргүлдың үлесі өте көп. Мысалы елімізге өткен жылы 4 миллион көк қағазға осы гүл сорты сатып әкелінсе, 900 мың долларға раушан гүлі тасымалданыпты. Мамыргүлді ұзақ сақтауға болады. Оның гүл шоғы саналуандығымен баураса, ауа райына төзімділігі тағы бар. Сондай-ақ, раушан гүлі көрші Өзбекстаннан да жеткізіледі.
Гүл сататын дүкендерді аралау барысында қай мейрамда қай гүлге көп тапсырыс берілетінін білдік. 8 наурызда қызғалдақтар сұранысқа ие болса, 8-9 мамырда раушан, қалампыр гүлі жақсы өтеді. Ал 1 қыркүйек – Білім күнінде Бақыт гүлінің саудасы жүреді екен.
Көңілімізге бір сәт болсын қуаныш сыйлайтын гүлдің нарықтағы орнына көңіліміз көншімейтіні рас. Оның біраз себептері бар. Алайда, тұрақты тұтынушыны қалыптастырып, нарықта әбден төселмейінше, жұмыс барысындағы алғашқы айларда сатып алынатын, сатылмайтын және кәсіпкерге шығын әкелетін бұл кәсіп түрі үлкен тәуекелділікті қажет етеді. Өйткені өтпей қалған гүлдерді сақтау мүмкіншілігі аз. Ауданда 8 наурыз күні әр данасы 800-900 теңгеден сатылған гүл келесі күні-ақ 500-600 теңгеге түсіп қалуы сондықтан.
Кейбір мәліметке жүгінсек, өткен жылы елімізге 130 тонна, яғни 1,3 миллион тал раушан гүлдері, 6 мың қалампыр, 3122 орхидея, 49 тонна бақытгүл (хризантема) әкелініпті. Гүл сатумен айналысатын кәсіпкерлер раушан гүлдерін Эквадордан, Голландия мен Германиядан, бақытгүлді – Голландия мен Германиядан, орхидеяны – Таиландтан, баршынгүлді (гладиолустарды) – Ираннан тасымалдапты.
Кез-келген қуанышымыздың ажарын ашатын осы гүл атаулының шеттен әкелінгендерінің мұрын жаратын жұпар иісі де жоқ. Оны байқаған да боларсыз. Тек гүл орамасының дизайнының әдемілігімен қоса, арнайы қобдишаларға салынғандығының арқасында бағасы аспандап кетеді. Ал сол гүлдердің арасынан  «қазақстандықпын» деп тұрғанын таппайсыз. Болса да некен саяқ. Қазақстанда өсірілген гүлдердің бойы 40 сантиметр болса, импорт тауары бойшаңырақ келеді. Яғни 60-80 сантиметрден болады. Бірақ біздің гүлдер ұзағырақ сақталады әрі иісі де табиғи болып келеді...
Елімізде сатылып жатқан гүлдерден түскен пайда өзгенің қамбасына құйылуда. Отандық гүл өсірушілерді қолдасақ, қазынамыз қампайған болар еді. Гүл өсірумен айналысатындардың сөзіне қарағанда әсемдік символына деген сұраныс жыл сайын артып келеді екен. Бұл дегеніміз пайда мол түседі деген сөз.

Лаура БИБАСАРОВА
---
07 наурыз 2020 ж. 648 0