№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚОНАҚ ҮЙ БИЗНЕСІ: тетігін тапқанға табыс көзі

ҚОНАҚ ҮЙ БИЗНЕСІ: тетігін тапқанға табыс көзі


Жаңақорған даму жолын тапқан аудан. Ауылшаруашылығы саласында серпіліс байқалады. Ірі-ірі өндіріс орындары қалыптасқан. Туризмді дамытуға таптырмайтын тарихи орындар мен сауықтыру орталықтары бар. Оның үстіне, республикалық, халықаралық спорттық додалар жиі-жиі өткізіле бастады. Демек, келім-кетім адамдар көбейді. Осы ретте, қонақтарға тиімді сервистік қызмет көрсететін мейманханалар бар ма? Біз осыны зерделедік.
Бүгінде аудан орталығында 8 қонақ үй жұмыс жасайды. Олардың әрқайсысы өзіндік қызмет көрсету үлгісімен ерекшеленеді. Мәселен, жатын бөлмеден бөлек, ас мәзірі және уақытты тиімді өткізетін ойын түрлерімен қызықтырады. Ал, бағасына келсек, әрине, қонақ үйдің беделіне қарай әртүрлі. Тәулігіне 2500-5000 теңге аралығында табуға болады...
Жақында бокстан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Қонақ үйлерді жағалаған қонақтар аз болды. Басым бөлігі спорт кешенінің маңындағы тұрғын үйлерді жалға алды. Себебі, арзан, екіншіден, жарыс өтетін жерге жақын. Одан бөлек, өзге қалалардан құрметті қонақтар келсе шипажайды жағалап, сонда орналастырамыз. Онда мегополистердегідей қызмет етпесе де, ұялмауға болады. Осыдан-ақ, аудандағы қонақ үй бизнесінің бағдарын бағалауға болатындай.
Бірнеше қонақ үйдің есігін қағып, иелерін әңгімеге тартқан едік, ой бөлісуден қашқақтады. Толымды жауап ала алмадық. Тек «Айнұр» қонақ үйінің егесі пікірін білдірді. Несібесін осы бизнес саласынан теріп отырған кәсіпкер: «Бұл кәсіппен айналысып жүргеніме он жылдың көлемі болды. Шыны керек, қонақ үйге сұраныс өте жоғары. Алайда, келушілер талғамын да ескерген жөн. Сондықтан, сұранысқа сай кәсіпті кеңейту ойда бар», – деді.
Бүгінде Қазақстанда қонақ үй бизнесінің дамуына барлық жол ашылып, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Әсіресе, «Бастау-Бизнес», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» және т.б. жобаларды тиімді пайдалануға болады. «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы қонақ үй бизнесін дөңгелетуге ынталы Гүлназ Тастаева алты азаматты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта осы бағдарлама арқылы заманауи қонақ үй тұрғызып, жұмысшылар санын арттыруды жоспарлап жүр.
Бізге қонақ үй бизнесін дамытуда не жетіспейді? Әрине, бизнестің бұл түрін басқаруда білікті кадрлар жоқтың қасы. Заманауи трендтерді меңгерген менеджерлер қажет-ақ. Екіншіден, сервистік қызмет көрсетуді жетілдіру маңызды рөл атқарады. Туристер жылы-жылы сөйлеп, қызмет көрсеткен жерге басымдық беретіні анық. Ал, бізде...
Кәсіпкерлер ауданда қонақ үйге жұмсалған қаржы өз-өзін ақтамайтынын айтады. Бірақ, келушілерге дұрыс қызмет көрсетілуде ме?
Осы тұста, Шиелі ауданындағы қонақ үй бизнесімен салыстырып көрген едік. Көрші ауданда қонақ үйлердің бағасы қымбаттау. Дегенмен, сұранысқа ие қонақ үйлердің қатары да көп. Келушілер мейманханалардың қызметін де жоғары бағалайды екен. Неге? Өйткені, Шиеліде сауда мәдениеті қалыптасқан. Сервистік қызмет түрлеріде бізбен салыстырғанда анағұрлым арзан...
Әлемдік тәжірибе не дейді? Бізде қайдам, әлемде қонақ үй бизнесі пайдалы әрі табысты бизнестің біріне айналды. АҚШ, Англия, Дубай, Түркия, Швейцария және т.б. елдердегі бес және жеті жұлдызды қонақ үйлерде кинотетр, кітапхана, мейрамхана қызмет көрсетеді. Зеріксеңіз спорттың кез-келген түрімен айналысып, бассейінде бой сергіте аласыз. Әрі қонақ үйлер табиғатпен үндістік тапқан. Мәселен, ашық теңіз жағасында, орманды алқап немесе таулы өлкенің баурайында орын тепкен. Мұндай қонақ үйлерге туристтердің қызығушылығы жоғары екені айтпаса да түсінікті-ақ.
Түйіндей айтқанда, аудандағы қонақ үй бизнесінің бүгінгі бағыт-бағдары осы. Алдағы уақытта ауданның дамуымен бірге жаңақорғандықтардың сауда және қызмет көрсету мәдениеті көтеріліп, қонақ үй бизнесі дамитын болар. Бұл – уақыт еншісіндегі шаруа. Біз тек бүгінгі жағдайды бағамдадық.


Әли ТЕМІРБЕК.
05 маусым 2018 ж. 1 736 0