№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» Тас тұғырдағы тұлғалар

Тас тұғырдағы тұлғалар

Жаратылысында өлшеулі ғұмыр сүрсе де сана иелерінің артықшылығы сонда – тарих құндағында қатталған толайым сырды түртіп оятып, тамырына қан жүгіртуге тәуекел ете алады. Табиғаттың өзі тудырған теңдессіз сыйы – кіндігі бізге беймәлім кеңістікке берік тұтасып, мызғымай тұрар мұнар-мұнар таулардан тіршілігімізге алар ғибрат мол. Ол тұрақтылық, адалдық, асқақтық, төзім, қайсарлық сынды қасиеттер. Мінезі ауыр, салмақты кісіні «тау қозғалса да қозғалмайтын» деп әспеттеп жататынымыз содан.
Осынау өлшеулі ғұмыр иелерінің көзі жұмылған соң да алғы күнге тағдырын жалғап, тілі жоқ демесең, тірлігін паш ететін, ұрпақ санасында тұлғалық қадір-қасиетін ұлықтап, ұлағатын жеткізіп тұратын адам қолымен жасалатын ғажайып бір туынды бар. Жан иесінің өзі өмірде болмаса да ақыл-ой, болмыс-бітімі құдыретті мүсіндерге, мызғымас ескерткіштерге айналып мәңгілік жер бетінде тұрып қалуына осы тас тұғырлар дәлел. Бүгінгі әңгімемізді осы тақырыпта өрбітпекпіз.

  Ең алып ескерткіштер қатарында Рио-де-Жанейродағы Құтқарушы Христос ескерткішін айтуға болады.
Ескерткішті орнату идеясы Бразилияның тәуелсіздігінің жүз жылдығы аталған 1922 жылы туындаған екен. Ұлт символына айналуға тиісті мүсіннің жобасына конкурс жарияланып, онда архитектор Эктор да Силва Костаның еңбегі мақұлданған. Тау басындағы ұшар биікке қондырып, қанатын қомдаған құс секілді бүкіл әлемге ту заңғардан көз тігіп тұратын тау тұлғаның қағазға түскен кескінін жұртшылық жүз пайыз қолдап шыққан. Бұл жұмысқа бүкіл шіркеу жұмыла кірісіп, қаржы-қаражаты тоқтаусыз құйылған көрінеді.
Бразилиядағы атақты қаланың символы ретінде алып статуя орнату мәселесі сөз болғанда алғашында Христофор Колумбтың ескерткішін қою жөнінде идея айтқандар болыпты. Американы ашқан адамға құрмет көрсету қошталатын да пікір көрінгенімен қарапайым пендені соншалықты асқақтату елдің түгел көкейінен шыға ма деген қауіп болған екен. Ал құтқарушы Христостың жөні басқа.Мүсіндегі бастың салмағы 35,6 тонна. Әр саусақтың салмағы – 9,1 тонна. Христостың қос қолын жайғандағы құшағының арасы – 23 метр. Мүсіннің биіктігі 30 метр келеді екен. Осынша биіктігіне қарамастан Христос биігіне көтеріліп, ескерткіштің жанынан тамашалауға да жағдай жасап қойылған. Сонау 1855 жылы тартылған трамвай желісімен айналма жол арқылы шың басына жақын жерге табан тіреуге болады. Оның соңғы аялдамасы әйгілі статуяға небәрі 40 метр жерде. Содан баспалдақпен 220 саты көтеріліп, көру алаңына аяқ іліктіресіз. Бұл жердегі шарбақтың асты-құлама жар. Содан да қалаға қарағаныңызда сіз аспанда жүргендей әсер аласыз. Ғажайып туынды әлемдегі 7 кереметтің бірінен саналады.
Біз өз туған мекенімізге оралайық. Әркімнің тұрған жері – Мысыр шаһары. Маңдайына біткен тұлғалары да бөлек. Осы тұрғыдан келгенде, тектілерімізді танып, есімдері мен еңбектерін тарихта қалдыру жөнінде ауыз толтырып айтар қарекеттеріміз қандай?
Шынайы тарихты атақ шығарумен, асыра дәріптеумен шатастырып алмауымыз керек. Құдыретті қолдан жасауға болмайды. Ал аспандатуға тиіс ардағымыз бүкіл елдің көңілінен бірдей қолдау табуы керек.
Ұлт тарихына зер салсақ, азаттық аңсаған ұлы мұраттар жолында қол бастаған батырлар да, «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқты» кие тұтқан ақындар да, бұқараның көсегесін көгеруін ойлаған көсемдер де, сөз бастаған шешендер де өтті. Солардың өшпес мұраларын мейлінше кейінгі ұрпаққа жеткізу – басты міндетіміз. Қашанда даралықты дәріптеуде дарындының қауқары басым. Ол өз бойына табиғат сыйға тартқан ерек қабілеті арқылы тіршілік қан тамырының бүлкілін сезіп, құпиясына құлақ түріп, аңдаған ақиқатын ақын жүрек сөзімен, ал шын шебер сол табиғаттың өзімен жеткізе алады екен. Мүсіншінің қара тасқа да тіл бітіріп, тұла бойына қан жүгіртіп, қалшиған қарауылға да жан бітіре алатын құдыретінен осыны танисың. Туған жер төсінде өткеннің тарихын көз алдымызға қайта тірілтіп тұрған тас тұғырлар осы сөзіміздің дәлелі. Жарық ғұмырында артына өшпейтұғын сөз қалдырған айтулы ақындарымызға, өнер адамдарына құрмет көрсету қанымызға сіңген қасиет. Осы тұрғыдан келгенде ауданымызда ақын Манап Көкеновтің, әнші-композитор Бексұлтан Байкенжеевтің, режиссер, драматург Әмір Мәжитовтің ескерткіш-бюстері жасалып, тұғырына қонуын атқарылған оң істерімізге жатқызуға болады.
Соңғы кезде әр ру өз батырларын дәріптеп, соған ескерткіш соғу дәстүрін қолға алды. Тек бұл бәсекеге, атан жарысқа айналып кетпесе екен деген тілек бар. Ескерткішті тұрғызудан бұрын оны тұлғаландыру мәселесі маңызды. Өзіңіз айдай асқақтатып, атағын асырған бабаңыз жалпы жұртқа беймәлім өткенімен кімді таң қалдыруы мүмкін? Бұл орайда тарихты тереңнен қопарып, дәйектемелерді тауып, оны алдымен баспасөз бетінде насихаттап, жұртшылық жүрегінен жетік орын алғаннан кейін барып, елге, халыққа ортақ тұлғаны сол елдің көз алдында асқақтатуға болады.
Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері Қазақстанның барлық қалаларында ұлттың мұратын көксеген азаматтарымыздың жарқын идеясын әспеттеуге ұмтылыс басым. Ұлы Абай, Шәкәрім, Махамбет, Жамбылдың ескерткіштерімен қоса Алаш ардақтыларына арналған тас мүсіндер азаттықты аңсаған аға буынның идеясын да, мақсат-мүддесін де айқындап, тура жол, айқын бағытын санамызға тереңдеп бекіте түспек.
Қарқаралы қаласында үш арыс – Әлихан Бөкейхенов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермековтың ескерткіш қойылған. Ұлт зиялыларының кеңесіп отырғанын бейнелейтін композиция оны тамашалаған жанның көкірегіне де сәулелі шуақ құяды.
Елді қашанда бірлікке, ынтымаққа ұйыстырудың бір үлгісі де игі жақсылардың ауызбіршілігінен бастау алады.
Ат басындай алтыннан туған жердің тасы қымбат. Бесарық өңіріндегі «Талдысу» тынығу мекен-жайына 2014 жылдары басшы болып барған Үмбетов Әбибулла ағамыздың бас-аяғы 2-3 жылда қарамағына алған территорияны талбесіктің тасының өзімен-ақ өлке тарихына арналған орталыққа айналдырып, құлпыртып жіберуінен біз осыны аңғардық. Тастан қашалып қойылған арқар бейнесі, қолына құс ұстап, тазы ерткен бүркітші тұлғасы жас ұрпақты туған жердің табиғатымен етене байланыстырып, ерекше құрметін оятады. Әр ісіне мағына сидырып, ойлы ұрпақтың қалыптасуына қажырлы қызмет етіп келе жатқан тұлғаның осы тас тұғырлардың мазмұн байлығына талабы зор. Ол былай дейді: «Шыңғысхан ескерткішінің бүкіл әлемге айбат шегіп тұрғандай тұлғасы кім-кімді де таң қалдырмай қоймайды. Қазақ елі Қорқыт атаға осындай ескерткіш орнатып, жалпақ әлемге құдыретін паш етсе қандай көрегендік болар еді. «Көшпенділер әлемі» деп алып галерея туындатып, онда тізіліп бара жатқан түйенің мүсіні бейнеленсе қандай көркем. Қазақ елінің қақпасына осындай ескерткіш қойылса ұлттың бүкіл болмысын, кескінін, келбетін, рухын танытқан болмаймыз ба?»
Мемлекеттерді былай қойғанда әрбір өлке, облыс, ауданның аймағына аяқ іліктіргенде айналаңа қарап, сол жерде тұрған белгі-атауларға қарап, белгілі ой түйесің.
Жаңақорған ауданы Сыр бойындағы әулие бабалардың мәңгілік қоныс тепкен киелі жер екендігімен өзгеден бәсі биік, рухы асқақ. Бір әттеген-айы, дауы жоқ осындай ерекшелігімізді айқындап тұрған тұғырлы ескерткіштеріміз бар ма? Жөн-ақ, батырларға ескерткіш қойылсын. Дүние тұрғанда батырдың туылуы заңды. Ал әулие... оны әр ана тумайды Оны Жаратушы Ие пенделеріне шапағатшы етіп өзі жібереді. Нұрдан жаратылғандай ғажайып тұлғаларға маңсабың да, атақ-шенің де дәулетің де мақсұт емес. Олар – қараңғы елдің көңіліне сәулесін төгіп, көзін ашып, жалғанның ақиқатын тануына жол бастаған бір-бір шамшырақ. Солардың бірі емес, бірнешеуінің мәңгілік тұрағы болған туған мекенімізде осы асыл тәбәріктеріміздің ортақ мұратын айшықтайтын бірде-бір белгінің болмауы бәрімізге де сын тәрізді. Қолына беті ашылған Ақиқат кітабы мен қауырсын қаламын қыса ұстап, құдыреттің тура жолына тынбай насихаттаған қымбат ақыл қазынасымен жаңағы жоғарыда айтқан алып ескерткіш сынды ертелі-кеш үлкен-кішінің төбесінен төніп, тәубесіне келтіріп, қайырыммен де, қатал ескертуімен де, жазғырумен де, кешіріммен де мейірлене көз салып, тұғыр үстінде «тірі» тұрса, одан әркім өз жан-дүниесіне сай әсер алып, бәлкім қия басып, қателесіп жүргендер түзу жолына түсіп, ал орнықты жан одан әрі кемелденіп, кең дүниенің бетінде ізгілік пен мейірімділіктің кең қанат жаюына жаңақорғандықтар алдымен сара жол бастар ма едік деген жарқын тілек қой біздікі.

Баян ҮСЕЙІНОВА
---
14 қыркүйек 2019 ж. 920 0