№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Мәңгілік ел – мызғымас мұратымыз

Мәңгілік ел – мызғымас мұратымыз


Жалпы, мәңгілік ұғымы тарихтан тыс кете алмайды. Ал тарихты жасайтын сана иелері – адамдар.


Жер бетінде қаншама ұлт, ұлыс бар, олардың тарих сахнасында ғұмырының ұзақ не қысқа болуы өздерінің саналық деңгейі мен ақыл-парасатына байланысты болуы сондықтан. Осы тұрғыдан келгенде туған ұлтымыздың сан ғасырдан бергі тағдыр-талайы нендей сыр шертеді?
Сонау сақ заманынан қазақ хандығына дейінгі тұтас тарихтың сырлары Моңғолия жерлерінде бүгулі жатыр. VI ғасырда Түрік қағанаты ұзақ шайқастардан кейін Орта Азия, Қазақстан жерлері Батысы аумағына, Шығысы – Моңғолия даласына бөлінді. Бірақ Қытай империясының қысымына көп ұшырады. Міне сондықтан да түрік тайпалары бірігіп Түрік қағанатын құруға жан аямады. Бұған Моңғолияның далаларында мызғымай сақталған ескерткіштер дәлел.
Ескерткіштер не дейді?
Моңғолия даласындағы Күлтегін ескерткішінде: “Егер Құтлық қаған болмаса, мен болмасам түрік тағы болмас еді” деп жазылған. Сондай-ақ, "Егер Қапаған қаған болмаса, мен болмасам түрік тағы болмас еді". Тағы оның астындағы қатарда "Егер Білге қаған болмаса, мен болмасам, түрік тағы болмас еді" деп жазылған.
Мұны ұрпаққа өсиет болсын деп ескерткішке қашап жазып қалдырған. өз заманының абызы, ел басқарған үш қағанның да кеңесшісі болған. Тоныкөк деп танимыз.
Тоныкөк 741 жылы 95 жасында қайтыс болады. Түрік мемлекетін бір тудың астына біріктіруде Күлтегінің орны бөлек. Құтлық қаған өмірден өткен соң оның орнына хан сайланған Қапаған қағанды Таң империясы тыңшылары айласын асырып, мерт еткен еді. Міне, осы кезде атқа қонған Құтлық қағанның кенже ұлы Күлтегін сол кезде ұлы даланы мекендеген түрік тайпаларын бір ту астына біріктіруге ұран салды. Қарлұқ, қыпшақ, қырғыз, тағы басқа елу алты тайпаның қолбасылары бір ыдысқа ақ құйып, оған саусағының қанын тамызып, одан барлығы ішіп, бұдан былай барлығымыздың мұңымыз да, тағдырымыз да бір деп, ант қабылдады. "Мәңгілік Ел" болу мұратын көздеген ұлы дала ұлағаты тарих тереңінен осылай арна тартады.
Басы бірігіп, күші тыңайған қуатты мемлекетке қарсы тұра алмасын сезген қытай империясына бітімге келіп, тату қарым-қатынасқа көшуіне тура келді. Ынтымақты келісім орнап, ұлы Жібек Жолы бойында сауда керуендері көш түзеді.
Міне, Құтлық қағанның мұрагері – Білге қағанның білгірлігі, оның кеңесшісі, абыз Тоныкөктің тоқтамы, батыр қолбасшы Күлтегіннің бірігіп жүргізген көшелі саясаты осындай өнегесімен өмірлік идеяға айналып, бүгінгі күнге жаңаша мазмұнымен жаңғырып отыр деуге болады.
Байыптай білгенге, “Мәңгілік ел” идеясының баян табуы бірлік пен ынтымаққа келіп тіреледі екен. “Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” ақын Абай айтқан өміршең өсиеттің тереңінде де осы өнеге жатыр.
Басқаны былай қойғанда, Римде де алғашқы қадам латын тайпасына кіретін жүз рудан тұрыпты. Оған тағы да жүз рудан тұратын Сабель тайпасы қосылыпты. Екеуіне әрқилы жүз рудың басын құратын тағы бір тайпалық одақ кіріпті. Сөйтіп, Римнің өзі де үш жүзден құралыпты. Үш жүздікке кіретін үш жүз рудың ең басты ақсақалдары Сенат құрып, ел солардың ақылымен жүріпті. Қазағымның “Ұлы жүзді қолына қауға беріп, малға қой. Орта жүзді қолына қамшы беріп, дауға қой. Кіші жүзді қолына найза беріп, жауға қой” деуінде үлкен даналық мән жатқандай.
Төле, Қазыбек, Әйтеке би есімдерінің әлі күнге ауыздан түспейтіндігі, замандастарына сүйек сындырып, жаға жыртысуды емес, бірі жең, бірі жаға, бірі іні, бірі аға болуды, өзара теңдік арқылы өзгелермен теңдікке жетуді асқақ мұрат тұтқандықтарында деп сеніммен айта аламыз.
Адамзат күш жарыстырып емес, ақыл жарыстырып өрге баса алады. Ал ақылдылықтың өлшемі – әділеттілік. Әділет ешкімді алаламайды, ешкімнің обалына қалмайды. Сонда ғана адам мен адамның, ұлт пен ұлттың, мемлекет пен мемлекеттің арасында бірін-бірі түсіне білуге және құрметтей білуге негізделген жарастықты қарым-қатынас орнай алады.
Қазақтың өзіне тән болмысы – бабаларға тағзымы мен ағайынға бауырмалдығы. Соның арқасында бабалар жайлаған өріс пен қоныстың ішінен мыңдаған жылдар бойы адаспай көшімізді түзеп, керуенімізді кемел келешекке бастап келеміз.
Бабалар жолынан ғибрат алып, болашаққа негізделіп жасалған баянды құжат "Қазақстан-2030 Стратегиясы” адам факторын дамудың ең мықты басымдылығы ретінде ең жоғарғы орынға қояды. Сөйтіп адамдарды өздеріне сенуге шақырды. Тек сондай адам ғана болашаққа дұрыс жоспар жасап, қандай іске қалай қадам жасауға болатынын бағдарлай алады. Бұл арада Елбасы өз парызын абыроймен атқарып шыға алды.
Тәуелсіз даму – өткенді мұқият зерделемей, келешекті кеңінен болжамай жүзеге аспайды. Сондықтан қалың жұртшылық бүгінгі ұлттығымыз бен мемлекеттігіміздің тарихи бастауларына айрықша ықылас аударуда. Күні кеше ел жолында жан қиған боздақтарымыз бен ұлан-ғайыр атамекенімізді қорғап қалған бабаларымыз рухына тағзым етіп, тағылымын ұрпақ жадында жаңғыртуға тиіспіз.
“Мәңгілік ел” болуға ұмтылған жұрт алдымен мәйегін танып, уызына жарып, тұлға ретінде түпқазығын бекемдеу арқылы болашаққа батыл қадам баса алады. Оның берік тұғыры Тәуелсіздігінде.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
20 сәуір 2019 ж. 1 034 0