№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » БАҚТЫБАЙДЫҢ БИІГІ

БАҚТЫБАЙДЫҢ БИІГІ

«Ескерген – ескісін сақтайды, Ел болған естісін мақтайды». Осы аталы сөз ойға оралған сайын кешегі өтпелі кезеңдерде ел үшін еңбек еткен тұлғалар еске түседі. Мінезімен ұлтқа қызмет еткен тұлғалар арасында Бақтыбай Айнабеков дараланады. Бүгінде қарымды қаламгер жетпістің шыңына шықты.

Жазушы жайлы естеліктерді қозғағанда аудандық газеттегі шығармашылық орта еске түседі. ХХ ғасырдың 60 жылдардың ағында «Коммунизм жолы» (қазіргі Жаңақорған тынысы) газетінің ғимараты шағын ғана болатын. Бірде әпкем Ұлбосын екеуміз редакция да жұмыс істейтін құрбысы Нұрбибі Әшіроваға бардық. Бөлмеде бірнеше адам отыр екен. Біз барғанда жасы жиырмалардағы бір бойшаң жігіт Нұрбибімен материал жөнінде талқылап жатты.
Кейіннен білдім Бақтыбай Айнабеков аудандық радиохабарлар тарату торабының жетекшісі, ал Нұрбибі сонда диктор екен. Бұл Бақтыбай ағаны бірінші көруім еді.
1976 жылдан бастап жазушымен жақын араластым. Ол кезде Бақаң аудандық партия комитетінде саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі, мен аудандық атқару комитетінде қызметіндемін.
Жалпы, біздің буын сол кездегі қаламгерлер Қалжан Исмайлов, Құдабай Ертаев, Айдархан Бибасаров, Бақтыбай Айнабеков, Әкім Мейірбеков, Төлеуғали Отарбаев, Файзулла Сахиев, редакторлар Мінер Арысбаев, Адырбек Сопыбеков шығармаларынан рухани сусындап, өнеге алдық. Сол кездері шығармашылық жұмысқа әуес жастар шама-шарқынша мақалалар жазып, жолдап тұратынбыз. Әрбір мақаламыз шыққан сайын мәртебеміз артып, мерейленіп қалатынбыз.

***
Бесарық бекетіне кіндігі байланған Бақтыбай ағадан журналистік өнерге қалай келгенін сұрағанымда, бәрін байыппен егжей-тегжей түсіндірген еді.
Ес тоқтата бастаған шағында ауыл маңында азын-аулақ қозысын бағып, сайын даламен сырласып, ой-қиялын ұштай бастайды. Ұшы-қиыры жоқ дала шығармашыл жастың зейінін кеңейтіп, зерде үрдісін дамытады.
Ол кезде ауыл-ауылды «Қызыл отау жиі аралайды. Оның меңгерушісі Манап Көкеновты көріп, өлеңі мен әзіл-сықақтарын көру жастарға арман болады. Бақтыбай Айнабековтың поэзияға деген ынтызары сондай мазмұнды кездесуден кейін оянып, алғашқы өлеңдерін құрастыра бастайды.
Талапты жас бірнеше күнде қайта-қайта өңдеп жазған алғашқы өлеңін «Қазақстан пионері» газетіне жолдайды. Арада бірнеше апта өткенде екі өлеңі жарық көреді. Сол кезден бастап «ақын бала» атанады. «Ақын» деген абыройға кенелген ол аудандық газетке мақалалары мен өлеңдерін жіберіп тұруды жолға қояды.
Ол отбасылық жағдайларға байланысты сегізжылдықты Түркістанда, онжылдықты Шиеліде бітереді. Алайда, аудандық газетпен байланысын үзбей, мақала жазуды, өлең жолдауды тоқтатпайды. Келе-келе оның еңбегіне сұраныс артады. Алғашында ауылға түскен жас келіндерге арнап беташарлар жазады. Үлкенді-кішілі жиындарды тізгіндеп, ел аузына ілінеді.
Мектепті жақсы бітіргенімен жоғары оқу орнына бара алмайды. Себебі, анасы мен әлі буыны бекімеген іні-қарындасына қарайлап қалады. Сосын ауылындағы теміржолға жұмысқа тұрады...
Ол кездегі адамдар болайын деп тұрған жасты демеп, қатарға қосып жіберетін еді ғой! Төл газет редакторының орынбасары Қалжан Исмайлов одан жақсы қаламгер шығатынын біліп, 1968 жылы арнайы шақыртып, жаңадан ашылған радио хабарларын тарату торабының жетекшілігіне ұсынады. Бұл қызметті Бақтыбай екі жылдай абыроймен атқарады. Шығармашылық орта оны рухани-мәдени өсіріп, өлең жазуды жиілетеді. 1969 жылы газеттің редакторы Адырбек Сопыбеков оны еңбекші хаттары бөлімінің меңгеруші қызметіне тағайындады.
Жас журналистің проблемалық мақалалары, мысқыл өлеңдері мен фелетондарын оқырмандар ыстық қабылдайды. Тіпті, қаламгердің өткір мақалалары партия деңгейінде талқыланып, мәселелер шешімін тауып жатты.
1974 жылы «Білім» қоғамы құрылды. Оған сонда жауапты хатшы міндетін орындау жүктелді. Аудандағы шаруашылықтар мен кәсіпорындарда бастауыш ұйымдарын ашып, қоғамның жұмысын бір арнаға салуға күш-жігерін салады. Сөзі мен ісі үйлесетін маман аудан басшыларының да көзіне түседі. Сол кезедегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ғафур Мұхамеджанов оны аудандық партия комитетіне нұсқаушылық қызметіне ауыстырады. Арада екі жыл өткенде саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі болады.
1981 жылы ақын арман қуып Алматыға бет түзеді. Онда «Жетісу» газетінің партия тұрмысы және насихат бөлімінің меңгерушісі, кейін республикалық Баспасөз комитетінің Қоғамдық саяси және ауыл шаруашылығы әдебиеттері бөліміне жетекшілік етті.
1983-1998 жылы «Қазақстан» телеарнасында комментатор, насихат хабарларының Бас редакторы, қоғамдық саяси творчестволық бірлестігінің Бас редакторы қызметтерін атқарды.
2000 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес хатшылығының консультанты болды. Осы кезде жабылып қалған «Азат» газетіне демеушілік жасап қайта жарыққа шығарып, бас редакторы болып қызметін атқарды. Сондай-ақ, «Жұлдыз» журналы мен «Заң» газетінде өзіндік қолтаңбасы қалды.

***
Қаратаудан асқар Алатауға келіп, ақын-жазушылардың ортасына келуі оған үлкен рухани күш берді. Сонда «Енші», «Балықшы бала», «Мәңгілік өмір», «Әлмеректің оралу», «Шүкіршілік», «Мұғжиза» жыр жинақтары жарық көрді. «Дін мемлекеттен бөлек пе немесе жауапсыз хаттар», «Есігіңді аш, Өкімет пен Үкімет, дін келіп тұр», «Фалсафа – Алланың аян ілімі», «Хаменейге хат», «Бесарық Тұрсынбайды ұмытпайды», «Кім қауіпті?», «Қазақстанның №1 халық емшісі», «Құпия жан», «Менің Жаңақорғандық жерлестерім», «Ел басын елең еткізген жігіт», «Сол бір сәулелі күндерді көруге жазсын», «Әзірет Сұлтанның кесенесін қорғау – қазақтың имандылығын қорғау», «Төрлет, Төлепберген Әбдірашев», «Ел басына дін туралы екі хат» атты очерктер жинақтарының, «Аллаһтың маған аяны», «Шәсім немесе жылан терісіне жазылған діни жылнама», «Бір бүтін Құран – менің тағдырым», «Діни ілім – ерекше ғылым», «Асылдан келген Ақ кітап», «Жаннатқа жол», «Бір Аллаға сиынып, кел құранды оқылық» және т.б. ілім жинақтарына қалың оқырман лайықты бағасын берді. Оның діни еңбектері оның шариғат заңдылықтарынан жетік меңгергендігінен хабар береді. Бақтыбай ағамен әңгіме барысында оның ғұмыры имандылық жолымен байланысты екенін байқадық. ХХ ғасырдың 90 жылдардың басынан «Қазақстан қажылары діни бірлестігінің» жұмысына басшылық жасап келуі дәлел.
Одан бөлек әңгімелері мен өлеңдері, аудармалары анталогиялар мен коллективтік жинақтарға енді.
«Қазақстан» арнасында қызмет еткен жылдары саяси, діни және халықтық медицина тақырыбында хабарлар дайындап, жүргізді. Әсіресе, көрерменнің жоғары бағасын алған «Бетпе бет», «Таразы» бағдарламасының алғашқы жүргізушісінің бірі болды. Жалпы, телеарнада діни тақырыптағы сюжеттер Бақаңның жетекшілік етуімен өмірге келді. Оның табанды қызметінің нәтижесінде халықтық медицина проблемалары көтеріліп, Үкімет алдына қойды. Теледидарда жүріп «Халық емі» газетін шығарып, оның алғашқы бас редакторы қызметін қоса атқарды.
Яғни, Бақтыбай Айнабековтың шығармашылығы алуан тақырыпты қамтитын туындыларының ауқымы кең, мазмұны терең. Қаламгер қай тақырыпта қалам тартпасын, өзіндік саранын, өзіндік қолтаңбасын тануға болады. Оның өзге қаламдастарынан артықшылығыда осында. Бәрінен бұрын, Бақтыбай Айнабековтың биігі халқына адал қызмет етуінде, өзін ақын, жазушы ретінде мойындатуында дер едім. Мұндай биіктік әрбір қалемгерге бұйыра бермейтіні белгілі ғой!..

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
18 маусым 2019 ж. 3 413 0