№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Құдабайды неге ұмытайық?

Құдабайды неге ұмытайық?


Қай кезде,қай қоғамда болмасын баспасөздің атқарар міндеті мен көтерер жүгі аз болмаған. Даналығымен дараланған алаштың ұлы тұлғаларының бірі Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі мен құлағы және тілі», - деп өте жоғары баға берген. Ұзақ жылдар бойы Чилиді басқарған әлемге әйгілі мемлекет қайраткерлерінің бірі Сальвадор Альенде елінде үлкен төңкерістен биліктен айрылғаннан кейін «Менің қолымда армияның болғаны түк емес, оған өкінбеймін. Менің қолымнан бұқаралық ақпараттар кетіп қалды ғой. Түбіме жеткен солар» – деп өкініш білдіріп, басын шайқаған екен. Міне осы бір мысалдарадан соң бұқаралық ақпарат құралдарының күші мен қуатының қанашалықты екені өзінен өзі түсінікті.
Аудандық па,облыстық па, немесе республикалық газеттер ме, бәрінің қоғамдағы, өз қамтуындағы атқаратын рөлінің бірдей екендігі көрінеді. Ендеше 85 жыл тарихы бар «Коммунизм жолы» (бүгінгі Жаңақорған тынысы) газетінің де өз кезеңі, өз дәуіріндегі орны осындай болған. Газеттің тарихындағы өткен ғасырдың 70-80 жылдардың ортасында басшылық жасаған, белгілі журналист, редактор Құдабай Ертаевтың да газетте қолтаңбасы мен аудан өмірін насихаттаудағы еңбегінің аз емес екендігін сөз етпекпін. Құдекең газетке аудандық партия комитетінде үгіт насихат бөлімінің басшысы қызметінен ауысып келген. Одан бұрын редакторлықты белгілі балалар ақыны, қарымды қаламгер Адырбек Сопыбеков атқарған еді. Бұл кезде мен хат бөлімін басқаратынмын.
Құдекең газетке дейін ағарту саласында басшылықта, райком партияда ұзақ жылдар жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтаған, өмірден түйгені мен көргені көп іскер азамат болатын. Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық Кеңестің депутаты, партия комиссиясының мүшесі секілді жауапты жұмыстарда белсенділік көрсететін. Көппен араласқаннан болар, көңілі кең, жүрегі ақ, кісіге қиянаты жоқ еді. Оның үстіне жастарға оң көзбен қарап, қамқор қолын созып отыратын. Кейбір пысықайларға ұқсамай, қызметкерлерінің ізін аңдымайтын. Творчестволық коллективтің еркін жұмыс жасап,ізденуіне көп назар аударушы еді. Сол тұста барлық кеңшарларда тілшілер постысы жұмыс істеді. Талапкер жастарды тілшілікке тартып, олардың бірқатарын марапаттап отырды. Ол кезде ауыл – село тілшілеріне ептеп қаламақы төлеп отыратын. Құдекеңің жазу стилі де өзіне тән болатын. Мұғалімдіктен гөрі журналистікке жақын екендігін танытатын. Лездемеде газетте шыққан материалдарға орынды баға беріп, әділ сын айтатын. Өзгелерден шебер жазуды талап ететін.
Белгілі журналист Байжігіт Әбдіразақов пен Құдекеңнің атымен Алматыдағы «Өнер» баспасынан 1985 жылы «Сыр саңлақтары» атты кітабы жарық көрді. Құдекеңнің сондағы қуанышын айтсаң балаша мәз болып, өз қолымен қолтаңбасын қалдырып бізге ұсынып тұрып: – Міне осындай болыңдар. Соңдарыңда мұра болатын сөз қалсын. Яғни, кітаптарың көп болсын, – дегені бар. Біз де риза болып, рахмет десіп жаттық. Редакторымыздың сол жолғы кітабында Жаңақорған топырағынан шыққан өлмес өнердің иегері Әлшекей, Манап, Бексұлтан, Құтбайдың өнері мен өмірі жайлы естеліктері мен эсселері нанымды баяндалған екен. Мамандығы мұғалім болса да қаламының желі бар, сөзінің қуаты бар қаламгер екенін таныған едік.
Ауданның тыныс-тіршілігіне бір кісідей үлес қосқан, газеттің аудан айнасы атануы жолында тынбай еңбек жасаған Құдабай жұбайы Жайдар екеуі әке мен анаға лайық ұл-қыз өсіріп,тәрбиеледі. Онда Сәбирасы мен Маржаны мұғалімдікті қаласа, Зоясы-есепші, Қазыбек пен Еркіні Ішкі Істер органдарында абыройлы қызметтер атқарды. Бүгінде олардан өрбіген ұрпақтар мен немере, шөберелер ата тәрбиесіне лайықты бақытты елдің ұландары болып, жетіліп келеді.
Иә, газет тарихын әңгімелегенде, газеттің ыстық-суығына тоңып, басшылық жасаған тұлғалардың атын атамау бүгінгі әріптестеріне кешірілмес еді. Сол үшін Құдабай Ераевтың аудандық газеттегі еңбегінің бір парасын ғана сөз еттік.
Тау алыстаған сайын биіктейтінін ескерсек, Құдабайдың еңбектері де газет тарихы мен бірге жасай бермек. Ендеше ердің еңбегін ұлықтай білу бүгінгі ұрпақтың парызы мен қарызы деп білеміз.

Файзулла Сахиев,
ақын, Журналистер Одағының мүшесі,
ауданның Құрметті азаматы.
31 наурыз 2018 ж. 1 422 0