Парасат пен пайымы зор Пазекең
Жаңақорғанның Талап ауылында туып өсіп, қырық бес жылын шойын жолға арнаған Пазылбек қажы Орынбасаров қазір Қызылордада тұрады. Еңбек жолын темір жол саласында қатардағы жұмысшыдан бастады. Шпал арқалап шыңдалған, қайыстай қара бала салауатты басшы бола білді. Бұл күндері қадірменді қария, аяулы ақсақал. Қажылыққа Меккеге бірнеше рет барып, одан алған әсерінің өзі бір атанға жүк боларлық. Қазір сексеннің үшеуіне аяқ артқан Пазылбек Орынбасарұлымен сырласудың сәті түскен еді. Әңгіме арқауы адамгершілікті ту еткен жанның өмірлік ұстанымына келіп тірелді.
– Қазақстандағы ең ауыр саланың бірі теміржолды өгіздей өрге сүйреп, Байқоңырдағы станцияны да көп жыл басқарған екенсіз.Өзіңіздің осы мамандығыңызды ұстанып, соңыңыздан ерген балаларыңыз бар ма?
– Зайыбым Нәзипа үй шаруасында. Төрт балам, үш немерем бар. Тұңғышым Жасұланым Ұмсынайымен, Бауыржаным Дариғасымен жоғары білімді маман теміржолшылар. Ләззатым Байқоңырдағы Мәскеу авиация институтын үздік бітіріп, сол оқу орнында дәріс беріп жүр. Кенжеміз Ғалымжан Қызылорда политехникумының түлегі.
– Сіздің жолыңыздың ашық, ісіңіздің алға жүруінің тегершігі не?
– Қашанда адал жүріп тұру. Теміржолшылар тәртіптің адамы. Берілген тапсырманы белгіленген уақытта дер кезінде орындауға үйрендік. Болмаса, қолыңнан іс келмейтіндігін уақытында ескерту керек. Атқара алмайсың ба, жолын айт, болмаса бас тарт. Біз осыған үйрендік.
– Адам бойындағы Сіз жақсы көретін қасиеттер мен жек көретін әдеттеріңіз?
– Өтірік. Өсек. Берілген тапсырманы орындамау. Тапсырма анық болуы тиіс. Біз солай тәрбиеленгенбіз. Ана тәрбиесімен өстік. Күні кешеге дейін енші алыспағанбыз. Елдегі ағайындар тіл-көз тиді ме, енші алмай кетті-ау десіпті. Тәртіпті болдық. Ата-анаға, өзіңе сөз келтірмеу керек. Берілген тапсырманы аяғына жеткізу - парыз. Уәдешілдік. Жауапкершіліктің болмауы. Сізді ол ұятқа қалдыратын жаман әдеттер. Жастар уақыттың қадірін білуі тиіс. Өсек, өтірік, мақтаншақтық – қоғам жауы.
– Достарыңызды қай қасиетіне қарап таңдайсыз?
– Достарым көп. Олардың ішінде уақытпен сыналған жүрегі таза достар бар. Абай: «Жұртқа сенбе, тұрса да қанша мақтап.
Әуре етеді, ішіне қулық сақтап», – дейді.
Басыңа іс түскенде қасыңда болатын нағыз достар бар. Өмір болған соң, айналып кететін жалтарма достар да кездеседі.
– Қазақтың тектілігі туралы не айтасыз?
– Жеті атасын білу. Қан араластырмау. Жеті атадан қыз алмау.
– Қашаннан бастап дінге түпкілікті, алаңсыз бас қойдыңыз? Зейнетке шыққасын намаз оқимын деген пікірге қосыласыз ба?
– Әзірет Омар (р.а) халифа шаһарындағы бір кейуананың асарына барды. Там көтерді. Күн ыстық. Талдың көлеңкесіне қисайды. Иеменнің патшасы көптеген нөкерлерімен қасына келеді. «Мұсылман патшасының жатысы мынау, батпақ-батпақ. «Менің мына паң жүрісім не?» деп ойланып, жүрегіне иманы ұйып, Ислам дініне кіріпті.
Кісінің көркін кіргізіп, дәрежесін көтеретін кішіпейілділік.
Әзіреті Омардың (р.а) баласының шалбарының тізесі жыртылып, әкесіне келеді. Әкесі қазынашыға хат жазды. Жалақымның есебінен ақша бер деп. Сонда есепші былай деп жауап қайтарыпты: Егер бір айға дейін тірі тұратыныңызға кепілдік берсеңіз қаржыны босатайын. Мына жауапқа сәл жымиған әмірші баласына: «Ең дұрысы, сәл шыдай тұруың» деген екен.
– Діннің адам ағзасына, өмірлік ұстанымына қандай пайдасы бар?
– Дін деген тазалық. Намаздың кілті - дәрет. Таза жүру. Ислам - таза дін. Бес парыз орындау. Таза дәретпен жүріп, Алланы естен, өлімді естен шығармау керек. Намаз оқылған, құран оқылған жерге пәле жоламайды. Құнанбайдың шешесі (Тоқбала) Зере әжеміз ғұсыл дәретсіз баласын емізбеген. Соның нәтижесінде Құнанбайдан Абайдай дана туды.
– Бесарық ауылдық округіндегі Талап ауылында өзіңіздің бақшаңыз гүлдеп тұр. Оны ел «Пазылбектің бауы» деп атайды. Бау-бақша өсіруіңіздің сыры неде?
– «Атадан мал қалғанша, тал қалсын». «Жүз жылдығыңды ойласаң тал ек». Сауапты істер: мешіт, медіресе, жол, көпір, құдық қазу, мектеп, балабақша салу ең имандылық істер. Ел игілігіне тұрғанша, салауат айтып отырады.
Міскіндерді тамақтандыру, жетімнің басынан сипау, жетімнің малына қиянат жасамау да ең сауапты істер.
– Ғаламның бар құпиясына көз жеткіздім деп ойлайсыз ба?
Оған бар жауапты Құран кәрімнен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетінен табуға болады.
– Өмірді қайта бастасаңыз, теміржолшылықты таңдар ма едіңіз?
– Әрине, таңдаймын. Себебі, темір жолдай тәртіпті, тұрақты мекеме жоқ. Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды. Тәртіпке бас иген құл болмайды», – деген. «Жігіттің туы – намысы» дейді. Қырық бес жыл жұмыс істедім. Жиырма жылым ұйқысыз өтті деп айта аламын. Өйткені, өте жауапты іс.
– Қандай «әттеген-айыңыз» бар?
– Армансыз адам жоқ. Ең үлкен «әттегенайым» әкемнің сүйегін таба алмадым. Сталинград майданына кірдім деген соңғы хатын 1943 жылы алдық. Содан бері шарламаған жеріміз жоқ. Бір хабарын таба алмай 55 жылдан бері шерменде болып жүрмін. Мүмкін, «Алла аян берер! Ең болмағанда сүйегі қалған жерді табармын» деген үмітпен Меккеге қажылыққа бірнеше баруым сондықтан.
Анамның көңілінен шықтым ба, шықпадым ба, білмеймін. Топырақ салуына үлгердім. Бірақ жаны шығарда үлгере алмадым. Өз өміріме ризамын.
– Әйелді кейбіреулер әзәзілге теңейді. Сіздің пікіріңіз осыған кереғар ма?
– Бес саусақ бірдей емес. Бірде біліп, білмей айтамыз. Әйел – ана, әзәзілі де бар шығар. Көпке топырақ шашуға болмайды. Ол әзәзіл болуы өзіңе де байланысты шығар.
Әйел – ана, қызың, өрісің. Жәннат ананың аяғының астында. Анаңды, атаңды риза қылғаның, Алланы риза қылғаның. Үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, анаңның алдындағы перзенттік қарызыңнан құтыла алмайсыз.
– Бұрынғы ғұламалардан Абайдан басқа кімді оқисыз? Кімді оқуға кеңес бересіз?
– Шәкәрім, кешегі Әбішті, Әбдіжәмілді, Ілияс Есенберлин, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шахановтың шығармаларын, күнделікті газет -журналдарды оқимын. Қырық жыл бойы «Жұлдыз», «Қазақ әдебиетін» оқыдым. Осындағы «Нұр» газетін оқимын.
Екі мыңыншы жылдан бастап діни журналдар оқимын. «Иман» журналы, «Ислам және өркениет» газеті, Қызылордадан шығатын «Сыр ардагері» газетін оқимын. «Сыр бойы» және «Жас Алаштағы» тәуір материалдарын үзбей оқып отырамын.
– Алаштың арыстары бізге неге ірі болып көрінеді?
– Олар ұлттың сүт бетіндегі қаймақтары. Жастай жазықсыз құрбан болып кеткендер. Бұл кісілерді «шаһит» дейді. Әлихан, Ахмет, Мыржақып, Сәкен, Ілияс, Халел, Нәзір, Тұрар, Сұлтанбек Қожановтар кетті ғой. Кілең арыстар. Шынында ірілер. Саяси тұлғалар. Қазір осыншалықты ірі деңгейдегі мемлекеттік және саяси тұлғалар жоқтың қасы.
– Ұлылыққа бет алған адам ұлы іске ұмтылғаны жөн бе? Шегіртке әлін, құмырсқа жолын білгені жөн бе?
– Айтбай Өмірзақұлы кішкентайынан ғалым болуды армандапты. Үлкен ғалым болды. Армансыз адам болмайды. Талаптанған адам арманына жетеді. Оған инемен құдық қазғандай, білім жолындағы ұзақ мерзімдік төзім мен шыдам керек. Көп ұйықтамауды әдетке айналдырайық. «Көп айтса көнді. Жұрт айтса болды. Әдеті надан адамның»,-деп Абай айтып өткен.
– Несие өсімқорлықпен ақша алу туралы не айтасыз?
– Біздің Ислам дінінде (кредит) пайызбен ақша беру – өсімқорлыққа рұқсат берген адам, оны ресімдеп беретін банкі, ортадағы делдал, ең арғысы қарыз ақша алған адам да өте ауыр күнәға батады. Неге? Мұны «сүтқор» деп атайды.
– Ілім, білімнің адамға пайдасы?
– Адамға ілім-білімнің пайдасының шегі жоқ. Ұшан теңіз деуге болады. Білімді Қытайға барса да, білімді ретінде сыйланады. Адам баласы жасынан оқумен жетіледі. Өмір бойы ізденумен өткендердің мұрат – мақсаты асқақ. Әл-Фараби: «Адам арманына өзін-өзі үнемі жетілдіру арқылы жетеді», – деген.
– Қазіргі кезде қазақта той томалақ қана емес, ата-анасының басына зиратта кесене тұрғызудан да бәсекелестік, мақтаншылық, даңғойлық күшейіп барады? Осы жай Сізді толғандырып жүрген жоқ па?
– Шәриғатта бәсекенің бәрі де ысырапшылдыққа апаратындығы айтылған. Ысырапшыл адам сайтанның досы. Сайтан Алланың қас дұшпаны саналады.Сонда ысырапшылдар кім болғаны?
Сен сол ысырапшылдыққа кететін қаржыны игілікті іске жұмсасаң - ол сауап. Артылған қаржыны жетімге, жесірге бер.
– «Бала – адамның бауыр еті» деу ұрпақ дәрежесін кемсіту деп ойламайсыз ба? Медицинада бауырды қалпына келтіру оңайлап кетті ғой?
– Ол мақал бала ананың -атаның қанымен пайда болғандықтан айтылған. Жоқтан бар жасау. Адамды бір тамшы судан жасады. Ананың құрсағында қырық күн су болып тұрады. Екінші қырық күнде бір түйір қан болып ұйыды. Үшінші қырық күнде бір түйір ет болып дамып, сүйекте ауысып жетілді. Бір жүз жиырма күнде балаға жан бітеді. Алланың құдіретімен тіршілік иесі бала пайда болады. Сол кезде оның пешенесіне үш нәрсе жазылады. Олар: жасы - өмір сүру мерзімі. Екінші, бай - қуатты болуы. Үшінші, -жасайтын амалы. Қам-қарекеті.
– Пәзілбек Орынбасарұлы, сұхбатымыздың соңына таядық. Енді ел -жұртқа, бала-шағаңыздың құлағына құяр аманат өсиетіңізді тыңдасақ?
– Біздің айтатынымыз – алдымен адал болу. Халал ас ішіп, харамнан қашық болу. Жақсылықты жетім жесірлерге жасау. Жетімнің ақысын жемеу. Дос – жарандарға адал болу. Өтіріктен қашық болу. Абай: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес жаман іс білсеңіз», – деген. Мұсылман баласы әрқашан өлімді, Алланы есінен шығармауы керек. «Алтын алма, алғыс ал!», – дейді атамыз қазақ.
– Салиқалы сұхбатыңызға үлкен рақмет!
Ескендір Ертай.