№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Қазақтың қаржыгері

Қазақтың қаржыгері

  Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда ел экономикасының дамуы мен халықтың әл-ауқатын көтеруге ықпал етіп, қаржы саласының еңсесін тіктеу жолында қажырлы қызмет еткен жанның бірі – Қалқазбек Әжібеков ағамыз. Иә, Тәуелсіздік алғаннан кейін экономикалық байланыстардың үзіліп, өндірістер тоқтап, бюджет кірістерінің түсу жоспары орындалмай жатқан тұста білікті қаржыгер ретінде сол кездегі облыс басшыларына сүйеу бола білді. Біз сұхбат алаңына ұлт мүддесі жолындағы еселі еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» мен «Парасат» орденін кеудесіне таққан, бір сөзбен айтқанда «қазақтың қаржыгері» атанған тұлғаны шақырдық.

– Сіздің өмірлік тәжірибеңіз бен ақыл-кеңесіңіз бүгінгі жастар үшін аса қымбат. Сондықтан, әңгіме басын өскелең ұрпаққа айтар өнегеңізбен бастасақ.
– Қазір нарықтың заманы, бәсекеге қабілетті ұлт ғана озады. Ғылымы мен білімі, технологиясы мен экономикасы дамыған ел ғана өркениет көшінен қалмайды. Сондықтан, жастар білімнің көкжиегіне ұмтылуы керек. Жаңа технологияларды меңгеріп, көп тілді үйренуі міндет. Ең бастысы, ізденіс керек. Бәрінен бұрын адамның мінезін сақтайтын қарапайымдылық пен кішіпейілділік қасиетті жоғары қоюы тиіс. Міне, мен тәрбиелеген шәкірттерден осындай ізгі амалдар мен қадірлі қасиетті күтетінмін. Шүкір, ондай жастар бар, оларға дұрыс бағыт-бағдар көрсету біздің міндетіміз.
– Шәкірт деп қалдыңыз, сіз де ұстаз алдынан өткен жансыз. Қаржыгер Қалқазбекті кімдер тәрбиеледі?
– Мен қаржы саласына 1970 жылы келдім. Бекмахан Дүйсенбаев ең алғаш бағыт-бағдар көрсетіп, саланың қыр-сырына қанықтырған ұстазым еді. Одан кейін Камал Шөкенов, Бейменді Баймаханов, Қалибек Ахметжанов, Өксікбай Гүлімбетов, Еркін Әуелбеков, Сейілбек Шаухаманов және т.б биік тұлғалар болашағыма жарық жол салып берді. Осы ағалық сара жолды артымнан ерген іні-қарындастарыма өнеге ретінде қалдырдым. Рахымберген Тоқсейітов, Нұргүл Беркінбаева, Райхан Ысқақова және өзге де білікті мамандарға ағалық тәлім-тәжірибемді бөліскеніме ұстаз болғаныма қуаныштымын.
– Сізді Сыр жұртшылығы қарапайымдылығыңызбен, үнемі күліп жүретін жарқын жүзіңізбен таниды. Мұның құпиясы неде?
– Мен ауылдың баласымын. Кішкентай кезімнен әкемнің қас-қабағына қарап, анамның айналғанына еркелеп өстім. Қарапайымдылық қаннан келген қасиет деп білемін. Одан кейінгі ұстаздарымның да кісілік болмысынан қарпайымдылық қасиеті басым еді. Анам өзі оқи алмаса да бізді білім алуға, ізденуге үйретті. Мақсат-мұратқа адал болуға, адамдықтың, адалдықтың туын жоғары ұстауға баулыды. Адам – өзінің адамгершілігімен, адалдығымен қайырымдылығымен, кішіпейілділігімен және әділеттігімен ардақты. Шүкір соның арқасында елге сыйлы болдық.
– Енді бір сәт өткенге оралайық. Балалық шақтан зейнет жасына дейін жүріп өткен жолыңызға көз жүгіртіп көрейік.
– 1954 жылы Қыраштағы төртжылдық мектепті тәмамдап, Бірліктегі жетіжылдық мектепте білім алдым. 1961 жылы Қызылорда қаласындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-интернатта білімімді ұштай түстім. Мектептен қанат қағып Алматы ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне түсіп, 1970 жылы оқу орнын бітіріп шықтым. Жолдамамен Жаңақорған аудандық қаржы бөлімінде еңбек жолымды бастадым. Жас маман болсам да ауаткомның қарарларын, өкімдерін, аудандық кеңес қарарларының жобаларын дайындау секілді жауапты жұмыстар маған жүктелді. Бюджеттің кірісі мен шығысын орындау, мемлекеттік баектің аудандық бөлімшесімен қойын-қолтық жұмыс атқару оңай емес болса да табандылық таныттым. 1976 жылы облыстық қаржы басқармасына ауысып, зейнет жасына дейін аймақ экономикасының өрлеуіне өзімдік үлесімді шама-шарқым жеткенінше қосуға тырыстым.
– ХХ ғасырдың 90-жылдарының соңында ауыл келбетін қайта қалпына келтіруде еткен еңбегіңізді көпшілік біле бермейді. Қиыншылық бүйірден қысқанда қандай қадамдарға бардыңыздар?
– 1992 жылы облыс әкімі болып Сейілбек Шаухаманов келіп, мен орынбасарлық қызметке ауыстым. Одан кейін, 1995 жылы Бердібек Сапарбаев аймаққа әкім болды. Міне, сол жылдары ауыл ахуалын қалпына келтіру жұмысын қолға алдық. Алдымен, қазіргідей көп қабатты тұрғын үйлер салу мүмкіндігі болмады. яғни, бюджетте қаржы тапшы еді. Сондықтан, алғаш рет облыс орталығынан 40 пәтерлі көп қабатты үйді қайта жөндеуден өткізіп, мемлекеттік қызметшілерге бердік. Содан кейін мынандай ұсыныс айттым: әр жылда жеті ауданнан бір ауылды көркейтуге қадам жасауды қолға алу маңызды еді. Соның нәтижесінде 3 жылда 60-тан аса ауылдың ажары кірді. Мәселен, Ақүйік, Бесарық және Сүттіқұдық ауылдық округінің тыныс-тіршілігіне дем беріп, сол ауылдан шыққан қолында қаржысы бар азаматтарды патриоттық бағытта жәрдем жасауға жұмылдырдық. Бірлік ауылында мектеп пен аурухана, Қауық пен Аққұм елді мекенінде білім ошағы бой көтерді. Жалпы, осындай байыпты бастамаларды қолға алып, біраз шаруа атқардық. Барлығы ел игілігі үшін, шүкір!
– Қазір қайдасыз, немен айналысып жатырсыз?
– Мемлекеттік қызметшілерді оқу орталығында дәріс оқуға жиі барып тұрамын. Ондағы мақсат – жастарға дұрыс бағыт көрсету, тәжірибе алмасу, қаржы мәселесіне байланысты сала жағынан түсіндірме сабақтарын өтіп тұрамын. Көбіне игілікті істер жасауға тырысамын. Рухани жағынан болсын, материалдық жағынан болсын, әсіресе, жастарға бүйрегім бұрып тұрады. Сосын бір сәт спортпен шұғылданғанды ұнатамын. Жастық шағымда баскетбол, волейбол, әсіресе жеңіл атлетикадан жеткен жетістіктерім аз болмады. Қазір де таңертең бір мезгіл жүгіріп тұрамын.
– Қазақстанның жоспарлы межесі озық отыз елдің қатарына қосылу. Енді өзіңіз білікті маман ретінде Сыр өңірінің әлеуетіне, бүгінгі бет алысына берер бағаңыз қандай?
– Қызылорда облысы қай сала болмасын нәтижелі жұмыс жасап, алдыңғы қатарлы аймаққа енуге қызмет етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік саласында тың серпіліс, жарқын жетістіктер бар. Сондай-ақ, зәулім-зәулім көп қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Эконмиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстар да нәтижелі жүзеге асуда. Осының барлығы өңір экономикасының өсіп келе жатқанын айғақтайды.
– Ізіңізді үлкен ұлыңыз басыпты. Осы ретте, отбасыңызға тоқтала кетсеңіз.
– Екі ұл, екі қызымнан 14 немерем бар. Ұл-қыздарым қызметте, Аллаға тәубе ел үшін еңбек етіп жатыр. Үлкен ұлым қазір қаржы саласында бірнеше бөлімде басшылық қызметте жүрді. Әлі де атқарар ісі мен елге етер еңбегі алда...
– Аға, айнаға жиі қарайсыз ба? Кімді көресіз?
– 40 жылдан аса мемлекеттік салада тер төккен, қарапайым азаматтың бейнесін көремін.
– Өтірікті жиі айтпаймын дедіңіз, шындыққа тура қарай аласыз ба?
– Әрине, өйткені мен ешкімнің ала жібін аттап, өзгеге тісім батқан емес. Мүмкіндігінше көмектесіп, жәрдемдесуге тырысатынмын.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.


08 сәуір 2019 ж. 2 076 0