Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҚАЖЫЛЫҚҚА ТӨРТ РЕТ БАРҒАН АНА

ҚАЖЫЛЫҚҚА ТӨРТ РЕТ БАРҒАН АНА

      Биыл елден үш мыңнан астам адам қажылық парызын орындап қайтты. Ауданнан қажылық міндетін он бірі орындаса, соның алтауы Қожакент ауылының тұрғындары. Солардың бірі – Ұлдаш Әбдікәрімқызы. Оның қасиетті мекенге төртінші сапары екен. Біз сексеннен асқан ананың қажылық сапардан түйген ойын білген едік.
– Алғашқы қажылық сапарыма алты жыл бұрын бардым. Ол кезде қажылыққа баратындар Түркия арқылы ұшатын. Яғни, Алматыдан ұшқан ұшақ Стамбұлға қонды. Сосын Жидаға ұшты. Онда көлікке отырып Меккеге жеттік. Осы бір қиын сапарда өзімді ерекше жеңіл сезіндім. Қажылық амалдарды орындап елге оралдым, – деп бастады әңгімесін Ұлдаш қажы.
– Тегінде біздің әулет – Алла жолын ұстанған сыйлы әулет. Жолдасым Амантай еңбегін елдің дамуына арнады. Перзенттерім де осы жолдан жаңылған емес, – деді ана толғанып.
Оның әкесі Әбдікәрім діндар адам болған. Атасы Түркістан мен Қызылорда аралығында турашылдығымен танылған Жүсіп би екен. Жұрт шешімі қиын даудың түйінін тарқатуға Жүсіп биге жүгінеді екен. Ел арасында бидің билігі туралы әңгіме көп. Соның бірі – Қаратаудың Теріскей бетінде бір мал мен жесір дауы 3-4 жылға созылыпты. Қазылық еткен билер шешімін таба алмайды. Амалы таусылған жұрт Жүсіп биге келіпті. Жанжалды мұқият зерделеп әділ шешімін шығарыпты.
– 2012 жылы алғаш қажылық сапардан келгеннен кейін көкейіме осы базыл қажылық түсті. Денсаулығым жарап тұрса әке-шешем мен жолдасым Амантай үшін базыл қажылық жасауға ниет еттім, – дейді абзал ана.
Сонымен, 2014 жылы анасы Бибіраба Абзалқызы үшін, 2016 жылы әкесі Әбдікерім Ибаұлы үшін қажылық сапарын өтейді. Биыл отағасының парызын өтеу үшін жолға шығыпты. Айта кететіні, биыл Алматыдан Жидаға тура ұшыпты. Яғни бұрынғыдай 12-16 сағат ұшпай, небары 6 сағатта қасиетті мекенге табаны тиіпті.
Қажылық кезінде Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қабірін зиярат ету өте маңызды. «Кім мені дүниеден өткен соң зиярат етсе, тірі кезімде зиярат еткендей болады» деп Сүйікті Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтып кеткен еді. Пайғамбарымыз өзіне сәлем берген адамға жауап беру үшін Алла оған рухын қайтарады екен және зиярат етіп келген адамға Қияметте Пайғамбарлық шапағат уәжіп болады екен. Пайғамбардың табаны тиген жерді басу – біле білгенге нағыз бақыт. Оның қабіріне барып, зиярат ету сауапты істен. Міне, осындай мінәжатты Ұлдаш Әбдікәрімқызы төрт орындады.
– Қажылық сапарға барып қайтқан сайын жан-дүнием ерекше тазарып, жеңілдеп қаламын. Әр сапар сайын Елбасыма денсаулық-тауфих, халқыма бейбіт өмір мен тыныш түндер тілеймін. Мінезі дархан қазақ ұлтының перзенті болғанымды мақтаныш етемін әрі. Құдайға шүкір, перзенттерім өмірден өз орнын тауып, адал еңбек етуде. Немерелерім көз алдымда өсіп келеді... – дейді қажы.
Иә, «Сырлы ағаштың сыры кетсе де – сыны кетпеген» сексеннің сеңгіріне аяқ басса да белі бүгілмеген, жанарынан мейірім шуағы сөнбеген, жүрегінде иман оты маздаған, ақ дастарханы жиналмаған ананың ақ пейілі мен дархан жүрегіне риза болып қайттық.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
03 қараша 2018 ж. 1 678 0