№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ШЕБЕР ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ ЕДІ

ШЕБЕР ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ ЕДІ


Жақында редакцияға «Социалистік Еңбек Ері» Арапбек Әбиев келді. Қасында екі-үш ақсақал бар. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін әңгіме өзегі ауылдың қалыптасуына ықпал еткен ағалардың еңбегі жайында өрбіді. Көпті көрген ақсақал Елбасының Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» мақаласы елге еңбегі сіңген талай тұлғаларды насихаттауда таптырмайтын бағдарламаға айналғанын айтты.
– «Жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» дегендей азаматтардың биіктігін қасында жүргенде сезіне бермейді екенсін. Алайда, уақыт шіркін, кесек-кесек тұлғалардың болмыс-бітімін асылдандыра береді екен. Сондай жанның бірі қожакенттік Амантай Әпетұлы. Оның еңбек жолы монографияға арқау болатыны сөзсіз. Дегенмен, ол жайлы мақала жазылса да артықтық етпес еді, – Арапбек аға.
Ағаның балалық шағы ашаршылық пен қуғын-сүргінге, сосын сұм соғысқа ұласты. 1932 жылдың қаңтар айындағы қарлы боранда «Қыдырбай» тамы деген жерде дүниеге келеді. Бұл «Өзгент» ауылының оңтүстік батысына қарай 5 шақырымдай жер. Әкесі Әбілпатта сол жердегі «Жаңажол» колхозының басқармасы болды. Кейінірек басқармалықтан партия ұйымының
хатшылығына ауысады.
ХХ ғасырдың 30 жылдары «Қандыарал» колхозына көшіп, соғыс кезінде сонда тұрады. Жастайынан колхоз жұмысына жегіліп, соқа мен тарма тартқан аттың немесе өгіздің басын ұстайды. Арбамен астық қабылдау пунктіне астық тасиды. Еңбекпен араласып жүріп білім алуды да ұмытпайды. Соғыстан кейін Қандыарал мектебін бітіріп, 1951 жылы Қазалы зоотехникалық техникумына оқуға түседі. Онда зоотехник мамандығын алып шығады.
Жас маман еңбек жолын «Октябрь» колхозының (қазіргі Қожакент ауылдық округі) мал фермасына зоотехник болып бастайды. «Жас келсе – іске» дегендей жас маман алған білімін тәжірибемен ұштастырып, арада көп өтпей-ақ абырой биігінен көрінеді. Амантай еңбектен қол үзбей жүріп Алматы зооветеринариялық институтында зоотехник-селлекционер мамандығы бойынша білім алады. 1963 жылы колхоздар ірілене бастағанда «Октябрь» колхозы тарап, «Талап» кеңшарының құрамына кіреді. Ол осы кеңшарда жүргенде «Сауса» фермасына басшылыққа жіберіледі. Амантай басқарған ферма шопандары төл алу мен мал басын аман сақтап, жүн өндіруден ауданда алдынғы қатарынан бірнеше жыл көрініп, жеңімпаз атанады.
Еңбегі жанған Амантай 1966 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалымен, Қазақ ССР-і Ауылшаруашылығы Министрінің «Құрмет граотасымен» марапатталады.
Амантай ағамен үзенгілес еңбек еткен Бекмұрат Тұрғанбаев, Әділбек Башаров, Сағындық Мамытов, Әбдуайт Абдуллаев, Әнуар Әсетов, Мырзагелді Әбдікәрімовтің айтқан әңгімелері оның ұйымдастырушылық қабілет-қарымын аша түскендей болды.
Амантай Әпетұлы 1967 жылы Түгіскен массивін игеруге байланысты атақоныста «СОПК-ның ХХІІІ съезді» атындағы кеңшар ашылып, жаңадан ашылған мал фермасына меңгеруші болып тағайындалады. 1985 жылы кеңшар директорының орынбасары болып қызмет ауыстырып, зейнетке шыққанша еңбек етті.
Әбекең қызмет еткен жылдары сүт және ет бағытындағы «Қарала», «Сементаль», «Швед» тұқымдас сиырлар әкелді. Мұның өзі сүт өндіру мен мемлекетке жоғары сортты сапалы ет жіберуге ықпал етті. Бұл жылдары білімі мен тәжірибесі толысқан Амантай басқаратын тауарлы сүт фермасы сүт өндіру мен мемлекетке бордақыланған мал етін өткізуде де ауданда үнемі жеңімпаз атанды. Ол басқарған ферма 7-8 жыл бойы ауданның және облыстың ауыспалы «Қызыл туын» ешкімге берген жоқ. Осындай еңбегінің арқасында бірнеше рет «Социалистік жарыс жеңімпазы», «Бесжылдықтың үздігі» төсбелгілерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
Ардагер ағалардың айтуынша, Амантай тек іскер басшы ғана емес, ол қарамағындағы қызметкерлердің отбасылық жағдайын нызардан тыс жібермейтін қамқор азамат болды. Әсіресе, ауыл ағайынының ауыз-біршілігі мен татулығына ерекше мән берді.
Сондай ақжарқын да ақпейіл жаны жомарт жүрегі кіршіксіз таза жан асқаралы 60 жастан асқанда шағында жүрегі соғуын тоқтатты.
Әбекең тек білікті басшы ғана емес, отбасында өнегелі де мейрімді әке, ауылдастары арасында сыйлы азамат еді. Зайыбы Ұлдаш Әбдікәрімқызы екеуі қырық жылдан астам түтін түтетіп, 10 ұл-қыз өсіріп тәрбиеледі. Оларға өнегелі тәрбие беріп, бәрінің де жоғары білім алуына мүмкіндік жасады.
Ауылдың өркендеуіне үлес қосқан азаматтың азаматтық еңбегі мен тұлғалық қасиетін жастардың бойына сіңіру бағытында жұмыстарды жүйелеу түскен абзал. Яғни, көшеге атын беріп, ұлықтаудың артықшылығы жоқ шығар. Мұндай тілекті ауылдастары жеткізді...
Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
16 маусым 2018 ж. 1 535 0