№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «БАРЫҢМЕН БӨЛІСУ – ОЛ ДА БІР ЖОМАРТТЫҚ»

«БАРЫҢМЕН БӨЛІСУ – ОЛ ДА БІР ЖОМАРТТЫҚ»


– Аға, қызмет жолыңызға қарасам, мемлекеттік мекемеден бастапсыз алғашқы еңбек өтілін. Кәсіпкерлік салаға ауысуға кім себепкер болды?

– Өзім университет қабырғасында жүргенде жаңашыл жобалар мен тың идеяларды жүзеге асыруға жақын едім. Үнемі ізденімпаздық пен талапшылдықты жаныма серік еттім. Жастық жігер қашанда алдыға қойған мақсатыңа жетуге жігерлендіреді. 2005 жылы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетін бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша тәмамдадым. Осы жылы аудандық емханаға есепші болып қызметке орналастым. Жұмысқа деген жауапкершілік пен ыждағаттылық бір саты көтерілуіме себеп болды. 2008-2011 жыл аралығында бас есепші болып, денсаулық саласында аз-кем еңбек еттік. Ал, 2012 жылдан толыққанды кәсіпкерлік бағытқа бет бұрдым. Отбасылық бизнестің тұтқасын ұстауға тура келді. Ағалы-інілі болып, кәсіп бастадық. Түркістан шаһарында кәсібін дөңгелетіп жүрген бауырым Ерболат ағалық кеңесін айтты. Негізгі себепкер сол кісі. Одан әрі Бекболат бауырыммен бірігіп, әуелі құрылысқа қажетті зат сатумен айналыстық. Және азық-түлік дүкенін аштық. 1994 жылы әкеміз Әбибулла негізін қалаған «ЕрНұрБек» ЖШС аясында жұмысымызды жүргіздік. 2014 жылдың соңында, осы серіктестіктің атынан жиһаз жасау цехын қолға алдық. Сол кезде кенттегі орталық стадион маңынан шағын кәсіпкерлікті дамытуға байланысты индустриялық аймақ ашылған болатын. Ең бірінші болып, біз кәсібімізді бастадық. Кейіннен орталықтан қос қабатты «Ақ жол» сауда орталығының жұмысын жолға қойдық.

– Жалпы, бизнес бастау үшін қомақты қаражат керек дейтін замандастарға не айтарыңыз бар?

– Әрине, қаражат керек. Бірақ оның қатарында мықты бизнес-жоспар болса игі. Бизнесте бәсекеге деген ұғым бар. Бәсекеге қабілетті болу үшін, сіздің халыққа ұсынып отырған қызметіңіздің сапасы жоғары және көңілге қонымды бағада болуы тиіс. Яғни, тек пайда табу үшін емес, сапалы өнім ұсыну үшін жұмыс жасаса кез келген кәсіп табыс әкеледі. Америкада «Ақылды болсаң, неге бай емессің?» деген нақыл бар екен. Бар-жоғы бес сөзден құралған мәтелдің астарында көп дүние жатыр. Табыс пен ақшаның көзі қара күште емес, ұтымды жүзеге асырылған жоспарда. Яғни, ақылда. Дана Абайдың тілімен айтқанда: «Ісім өнсін десең, ретін тап».

– Ізіңізден ерген, жаңақорғандық жас кәсіпкерлерге ең маңызды деген 3 кеңес айта аласыз ба?

– Бірден айтайын, ақыл айтудан аулақпын. Бірақ бес кеңесті былайша тізбектесек. Бірінші, таңертең ерте тұру керек. Себебі, табысты адамдар әдетте құстар секілді ерте оянады. Жәнеде таңғы уақыт – мидың тынығып, маңызды істерді жоспарлайтын, жетістікке жетудің алғашқы қадамы. Екіншіден, кітап оқу. Бүгінде жастардың басым бөлігі телефонға телмірумен уақытын өткізуде. Сондықтан да осы бос кеңістіктің орнын толтыру үшін әлемдік деңгейде жетістікке жеткен кәсіпкерлер мен ел басқарған көшбасшылардың кітабын оқу керек. Үшінші, тайм-менеджмент. Яғни, уақытты тиімді басқару. Әрбір істі жоспарлай білуі тиіс. Мәселен, Майкрософт компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтсті танымайтындар кемде-кем. Бүгінде әлемдегі ең бай адам саналатын Гейтс аз ғана уақытта жетістікке жеткен жоқ. Оның артында табиғи дарынмен қоса, қажырлы еңбек тұр. Ол – өз уақытын бағалаған жандардың бірегейі. Жастайынан күн тәртібін түзіп, атқаратын істеріне жоспар құратын болған. Бір қызығы, студент кезінен қалыптасқан әдетінің бірі – үйінен тамақ ішпейді екен. Өйткені, тамақ жасауды уақытты текке сарп ету деп ұққан. Міне, аты аңызға айналған миллиардер әлі күнге дейін үйінен емес, көшеден тамақтанады екен. Бұлда бір тайм-менеджментті өмірлік қағидаға айналдырғанның айғағы.

– Аға, Елбасы мақаласынан туындаған басым бағыттың бірі «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру. Яғни, туған өлкеге қызмет жасаған азаматтарға ақпараттық қолдау көрсету біздің борыш. Биыл ағаңызбен бірігіп, Төменарық ауылына мешіт салдыңыздар. Жалпы, қайырымдылыққа қаншалықты жақынсыз?

– Елбасы мақаласында заман талабына сай көне мен бүгінгіні қисынды ұштастыра отырып, еліміздің рухани кодқа сүйену қажеттігін ұтымды айтқан. Негізі ұлттық тек дегеніміз – ұлтты біріктіріп ұстап тұратын іргетас. Оған тіл, дін, діл, жалпы рухани құндылықтар жатады. Ал, діл дегеніміз – қанымызға сіңген қасиет. Яғни, бұдан шығатын қорытынды – Ұлт Көшбасшысы кез келген жаңғырудың ең алдымен ұлттық болмысқа, салт-дәстүрдің замана сынынан сүрінбей өткен озығына негізделуге мән беріп отыр. Осы тұста, Төменарықтағы қасиетті құтхананың елге берер тәлімі мол болады деген сенімдеміз. Өйткені, мешіт – имандылықтың ордасы. Санаңа сансыз сәуле себетін, көкірек көзіңе ізгілікті кіргізетін имандылық үйі. Бір анығы, бір кездері мешіт салуға дәме де, дәрмен де болмады. Сондықтан, рухани құндылықтардан көз жазып қалдық. Анығында, өз дінімізді өзектен теуіп өгейлік көрсетуге отаршыл ел күштеді. Алайда, дінге берік қазақ ұлты азбады, тозбады. Қайта Тәуелсіздік алған бойда ата дінді істеп тауып, шариғатпен өмірін өрнектей бастады. Міне, соның айғағы осы Алла үйі. Құдай қаласа, мешіттен келешегі иманды жас ұрпақтары тәрбиеленіп шығады деген сенім мол. Ал, қайырымдылыққа келсек, дана қазақ «садақаңды сауыңда бер» дейді. Мәселе, байлықта емес. Қолыңда барға қанағат етіп, қашанда қайырымдылық жасауға қарекет жасау керек. Садақаның үлкен-кішісі болмайды. Барыңмен бөлісу – олда бір жомарттық.

– Бір жетіден кейін азаттықтың ақ таңы атқан Тәуелсіздік мерекесін атап өтеміз. Кәсібі өрге дөңгелеген арда азамат ретінде бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның даму қарқыны мен ұстанған бағыты жөнінде бағамдап берсеңіз...

– «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік» демекші, ел бірлігінің ерен үлгісі ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер көрегендігінің нәтижесінде Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Шүкіршілік, қазір Қазақ елінің қабырғасы қатайып, пікіріне халықаралық қауымдастық құлақ асатын беделді мемлекетке айналды. Еркінді аңсаған ата-баба мұрасы жүзеге асып, Алаштың асыл мұраты – тәуелсіздікке қол жетті. Еңселі болудың даңғыл жолына түстік. Әлеуетіміз артып, дәулетіміз еселенді. Өзге елдер алдында көрсеткіштер бойынша көш бастадық. «Мәңгілік Ел» идеясына жүзеге асыратын көреген ұрпақ өсіп келеді. Қазақстанның болашаққа нық қадам басып, сенімді серпінмен серпілуі – тек экономикалық, әлеуметтік дамумен байланысты емес, оның рухани өрістеуімен де тікелей сабақтас. Сондықтанда маңдай терді төгіп, кәсіппен айналысқан абзал.

– Сөз соңында, берекелі отбасыңыз жайлы аз-кем тоқтала кетсеңіз?

– Әулеттің ұйытқысы, асқар таудай әкеміз Әбибулла біздің тілекшіміз. Әуелі Алла, сол кісілердің тілеуімен өніп-өсіп, тіршілік етудеміз. «Жақсы әйел жарты иман» деген, Жаратқан Айжан есімді адал жарға жолықтырды. Алланың берген 3 ұл, 1 қызын тәрбиелеп, біреуден кем, біреуден ілгері ғұмыр кешудеміз.
– Рахмет, аға сұхбатыңызға.
Әбдісамат ӘБДІШ.
06 қаңтар 2018 ж. 1 701 0