№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » АҚИҚАТТЫ АЙТУ – АРДЫҢ ІСІ

АҚИҚАТТЫ АЙТУ – АРДЫҢ ІСІ

Айтыс – ғасырлармен қанаттасып, дәуірлермен үндесіп, ата-бабамыздан сарқыт болып жеткен асыл өнер десек, ақын бойындағы шығармашылық қуат пен шынайы таланттың өлшемі болатын өнерді Сыр өңірінде биік ұстап жүргеннің бірі – Әбілқайыр Сыздықов екені даусыз.
Сондықтан, алашқа мәшһүр тұлғалардың қабілет-қарымы мен болмыс-бітімін таразылап, елден ерек қасиетін саралайтын «Сыр-сұхбаттың» алаңына Әбілқайыр Сыздықовты алғашқы қонағына шақырып, әңгіме-дүкен құрдық.

– Әркімнің ішкі «мені» болатыны белгілі. Сыздықовтың ішкі даусы неде? Өзіңізді қалай танисыз?
– Ақынға қара сөзден өлең оңай, дегендей ойымды өлеңмен түйіндесем:
«Мен қазақпын – тәңірге ғана сиынған,
Өткенмін талай соқпаққа толы жиыннан.
Кең дала, зеңгір көк аспан менің еншіме,
Батырлығым мен жомарттығым үшін бұйырған.

Мен қазақпын – Қасымнан қалған қасқамын,
Әз Тәукелермен жауымды қуып тастадым.
Жәнібек, Керей, Есім хандармен ес жиып,
Абылай салған ақ жолды қайта бастадым.

Мен қазақпын – шежіре толы далам бар,
Қазыналы қасиетіме қараңдар!
Әділдікпенен туралық туын көтерген,
Қазыбек, Төле, Әйтеке сынды бабам бар.

Мен қазақпын – бәрінен биік намысым,
Күрескен елмін келешек ұрпақ қамы үшін.
Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Ахмет, Шәкәрім,
Ұлт үшін туған ардақты асыл арысым.

Мен қазақпын – ата жұртымын Абайдың,
Бір ауыз сөзбен еңсесін басқан талайдың.
Мұқағалидай дарындар туған өлкемін,
Болашағыма үмітпен ғана қараймын.

Мен қазақпын – Тәңірден алған сиы кең,
Сол сиым үшін сиына жүрем жиі мен.
Домбыра үнін сусындап өскен ұрпақпын,
Құрманғазы, Тәттімбет, Дина күйімен.

Мен қазақпын – дәстүрі ізгі басқадан,
Ұлттық рухымның киелілігін растаған.
Ғасырлардан ғасырларға жалғасып,
Ұрпақ жолына ұлағат мұра тастаған...».
– Сіздің автопортретіңіз қандай?
– Мен өнерге деген құштар сезіммен ержеткен, адалдық пен адамгершілікке, кішіпейілдікке баулыған әке тәрбиесін алып өскен, қарапайымдылықты қанына сіңірген қазақи болмысты азаматпын.
– Ақындық һәм адамдық ұстанымыңыз қандай?
– Ақиқатын айту – ардың ісі.
– Ақын болып тудыңыз ба, қалыптастыңыз ба?
– Бірінші Жаратушыдан, әрине.
Жалпы, ақындық өнер текпен келетін қасиет. Анамның сүтінен дарыған өнер.
Екіншіден, өлең өнерінде шыңдаған жақсы ұстаздарға кезіктім. Яғни, сахна мәдениеті, көрерменмен байланыс орнату, қарсыласыңмен үзеңгі теңестіре білу, тұнық ой қозғап, тың сөз саптау және саяси көзқарасыңды халыққа тігісін жатқызып жеткізе білу және т.б. машықтандырды.
– Олар кім?
– Бала кезімнен Халық ақыны Манап Көкеновтың өлеңдерін жаттап, айтыстарын көріп өстім. Айтыстың ақтаңгерінен тәлім алмасам да, батасын алдым. Сондықтан рухани ұстазым тұтамын. Одан кейін Адырбек Сопыбеков сөз өнерінің қасиетіне баулып, ақындық шеберлікті шыңдап, халықтың көкейіндегі ойларды ұтқыр жеткізу жолдарын үйретті. Нұрберген Тастаев та ұлттық өнердің туын көтеріп ұстауыма септігін тигізді.
– Айтыстағы алғашқы жүлдеңіз есіңізде ме?
– Өлең өлкесіне ХХ ғасырдың 80 жылдардың аяғында келдім. Аудандық деңгейдегі сөз барымтасында Батырхан Жолановпен, Бағлан Елеуовтер және т.б. айтысқа түсіп, қабілет-қарымымды шыңдай бастадым.
Алғашқы ірі жеңісім Қармақшы ауданында өткен облыстық мұғалімдер айтысында еді. Онда ақтық сайыста қызылордалық Зухра Төлеповамен сөз таластырып, бірінші орынды иелендім.
Содан бастап облыстық ақындар айтысында Серік Ыдырысов, Кенжебай Жүсіпов, Лена Әбдіқалықова, Жұмабай Шерниязов, Айнагүл Әбуова, Мұхтар Ниязов, т.б. көптеген айтыс ақындарымен сөз бәсекесіне түсіп, ақын ретінде танылдым.
– Жүрсіннің жүйріктері қатарына қалай қосылдыңыз?
– 1995 жылы Ақтау қаласында өткен Республикалық ақындар айтысына алғаш қатысып, ақтық сайыста атыраулық Шынарбек Қабиевпен айтыстым...
Ақынның суырып салмалығын айшықтайтын өлеңдерді көркемдеп, көрерменге дәл жеткізу және т.б. тәсілдерді еркін меңгеріп, көсіле шаба бастаған кезім-тұғын.
Ол кездері Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев сынды сөз өнерінің алыптары айтысқа төрелік ететін. Сол кісілерден естіді ме, әлде өзі көрді ме, ол жағын білмедім...
Жүрсін аға телефон соғып, Қызылорда облысының атынан қатысатынымды айтты.
Содан кейін Серік Құсанбаев, Әселхан Қалыбекова, Ақмарал Ілеубаева, Аманжол Әлтаев, Қуаныш Мақсұтов, Мұхаметжан Тазабеков, Дәулеткерей Кәпұлы, Бекарыс Шойбеков, Айнұр Тұрсынбаева, Айбек Қалиев, Оразәлі Досбосынов т.б. айтулы айтыс ақындарымен сөз бәсекесіне түсіп, ақындық өнердің шарықтауына үлес қостым.
– Сөз өнерінде ақынды өсіретін не?
– Зердесі биік, сөз өнерінің тұнығын түсінетін ақындарды «айтыс сахнасы» өсіреді. Сөз өнерінің биігіне шығатын талант иесі әрбір айтысынан сабақ алып, шабыты шарықтап, тынысы ашыла түседі. Бір сөзбен айтқанда, ақынды өсіретін сөз барымтасы – айтыс сахнасы.
– Шәкірттеріңізге тоқталсаңыз...
– Оразхан Сейілханов, Серікхан Жүзеев сынды шәкірттерім шықты. Олар облыстық, республикалық деңгейдегі жыр додасында от ауызды, орақ тілді ақындармен айтысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
– Сіз қоғамнан лайықты бағаңызды ала алдыңыз ба?
– Қасиетті Құран-Кәрімнің өзінде 114 сүренің бірі «Шұғара» деп аталады. Бұл – ақындар туралы сүре. Қазақта шайыр деген сөз бар. Сол сөздің түбірі де осы Шұғарадан шықса керек-ті.
Қазақ халқының сөздік қорында «Ақын – ұлттың жүрегі», «Ақынның тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік», «Ақын тілі – наркескен» деген аталы сөздер бар. Осыдан-ақ, ақынға деген құрметті аңғарасыз.
Айтайын дегенім, мені ақын ретінде таниды, құрметтеп жатады...
– Ең жақсы адам кім?
– Шындығын жоғалтпаған адам. Себебі, заман өзгереді, ақиқат, шындық өзгермейді. Сосын елге ағалығын айтып, ата дәстүрін жалғауға мұрындық болып жүрген азаматтар.
– Елағасы демекші, кімді құрмет тұтасыз?
– Айтқан сөзіне жұрт тоқтайтын аға буын өкілдері баршылық. Олардың қатарында Зинабдин Шермағамбетовты, Аманкелді Абдуллаевты айтар едім. Пахридин Тұрғанбаев, Мадияр Ахметов, Наятулла Қарақожаев, Мұзараф Махмұдұлы, Өмірсерік Тақырбасов, Изатулла Нарзілдаев, Дәрібай Айдарбеков және Серік Мұсабайдың қоғамдағы белсенділігің жоғары бағалаймын. Сыртта жүрсе де елдік бастамаларға ұйытқы болатын Жанкелді Ысқақов, Сақтаған Әбіләзімов және т.б. айтар едім.
– Мұрат-мақсаттарыңызбен бөлісе кетсеңіз....
– Алдыма қойған мақсатым – өнердегі өрісімді онан әрі кеңейтіп, шығармашылығымды шыңдай түсіп, келер ұрпаққа рухани азық болар әдеби төл мұраларымды жинақ етіп жарыққа шығару.
– Сахнада арқаланып айтысасыз. Ал, өмірде қандайсыз?
– Қарапайымдылықты биік тұтам.
– Неге қызығасыз?
– Қолым тисе шахмат ойнап, рухани демалам.
– Шахматқа әуестік қашан, қалай басталды?
– №3 мектеп-интернатта оқып жүргенде шахматқа деген құмарлық басталды. Ол кезде химия пәнінің мұғалімі, сынып жетекшіміз Өтеген Убайдаев пен қазақ тілі мен әдебиет сабағынан беретін Бегман Әбжәлелов ағайлар шахматты жиі ойнайтын. Мектеп оқушылары әлгі ұстаздарымыздың жан-жағынан қаумалап, қызыға қарайтынбыз. Сол кезде шахмат фигураларының жүрісін үйреніп, бос уақытта ойнай бастадық.
Ол кезде үздік оқитын оқушыларды Қырымдағы Артекке жіберетін. 1985 жылы үздік оқушы ретінде ауданнан аңыз лагерге бару бақытына ие болдым. Сонда отрядтар арасында шахматтан өткен жарысқа қатысып, жүлделі орын алдым. Жүлдеге қоса 3-ші разряд қоса алғаным бар.
– Шахмат ойнағанда өзіңізді король немесе ферзі ретінде (шахмат фигурасы) сезінесіз бе?
– Әрине, өзіңді патша секілді сезініп, ферзіге тосын шабауылдар жасауға бұйыруға тырысу керек. Бұл – шахматтың қағидасы. Бірақ, мен қарсыласымды тек ұту үшін емес, рухани ләззат алып, демалу үшін ойнаймын. Өйткені шахмат ойнап отырып, жан дүниең рахаттанады.
– 25 жастағы Әбілқайырдан қазіргі 45 жастағы Әбілқайырдың айырмашылығы бар ма?
– Көңілім 25 жастағыдай жас. Бірақ, ондаған сағат жұмыс істегенде физикалық тұрғыда аздап шаршаймын. Бұрынғыдай 10-12 сағаттап жұмыс жасау қиындау...
Осыдан жиырма жыл бұрынғы Әбілқайырдан бүгінгі Әбілқайыр рухани кемелденді. Ұзақты көріп, келешектегі күнді пайымдауды үйренді.
– Ақынның жаны ақиқатқа жақын келмей ме? Осы шындықты айтамын деп таяқ жеген уақытыңыз болды ма?
– Талай рет таяқ тиді. Алайда ақиқат ақын жанының қуаты. Сондықтан қанша рет таяқ тисе де, бұл жолдан бас тарта алмаймын. Баукеңнің (Б.Момышұлы) «Өтіріктің балын жалап күн көргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық», деген сөзін қағида ретінде ұстанам.
– Домбырасыз айтыса аласыз ба?
– Кейбір жиында домбыра болмай қалады. Сонда «өлең айтшы» деген өтініштер айтылады. Сол сәтте домбырасыз шабыт алатын кезім болады. Бірақ мен үшін домбыраның қасиеті тым бөлек. Қолыма домбыра алсам, түйдек-түйдек жыр аузыма тығылады. Арқам қозып, домбыра пернелерін арқалана шертемін.
– Әбілқайырдың жұлдызды жылы қай жыл?
– 2003 жыл. Осы жылы Жастар Одағы сыйлығының лауреаты атанып, «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Алматыда өткен республикалық ақындар додасында топ жардым. Аудан әкімі Нажмадин Мұсабаев өнерімді бағалап, ел алдында автокөлікті тарту етті.
– Сұхбаттыңызға рақмет! Шарықтай беріңіз!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.


12 қаңтар 2019 ж. 1 858 0