Қара бала
Жұрт Әбілқайыр Сыздықовты айтыскер ақын ретінде таниды. Бірақ, оның қарапайым болмысы мен қызығатын қырларын білетіндер аз. Сондықтан «Сенбілік сұхбаттың» нысанасына ақын ілінді. Осы айдарда белгілі тұлғаның ел мүлде білмейтін басқа қасиеттерін оқи алады.
– Әбеке, сахнада арқаланып айтысатыныңызды білеміз. Ал, қарапайым өмірдегі Әбілқайыр қандай?
– Ақындар айтысында ақиқатты айтуға, елдің жай-күйі мен жағдайын билікке жеткізуге тырысасың. Өмірде де көрген, білгенімді атқарушы билікке жеткізуге тырысам. Сондықтан айтыстағы болмысым мен қарапайым өмірдегі ұстанымымда айырмашылық аз.
– Сахнадағы айтыстан бөлек неге қызығасыз?
– Бірінші, бос уақытымда шахмат ойнап, рухани демалам. Сосын балық аулап тұратын әдетім бар.
– Бірінші ой ұшқырлығы мен сана сергектігін талап ететін шахматтан бастайық. Шахматқа әуестік қашан басталды?
– №3 мектеп-интернатта оқып жүргенде шахматқа деген құмарлық басталды. Ол кезде химия пәнінің мұғалімі, сынып жетекшіміз Өтеген Убайдаев пен қазақ тілі мен әдебиет сабағынан беретін Бегман Әбжәлелов ағайлар шахматты жиі ойнайтын. Мектеп оқушылары әлгі ұстаздарымыздың жан-жағынан қаумалап, қызыға қарайтынбыз. Сол кезде шахмат фигураларының жүрісін үйреніп, бос уақытта ойнай бастадық.
Ол кезде үздік оқитын оқушыларды Қырымдағы Артекке жіберетін. 1985 жылы үздік оқушы ретінде ауданнан аңыз лагерге бару бақытына мен ие болдым. Сонда отрядтар арасында шахматтан өткен жарысқа қатысып, жүлделі орын алдым. Жүлдеге қоса 3-ші разряд қоса алғаным бар.
– Шахмат ойнағанда өзіңізді король немесе ферзі ретінде (шахмат фигурасы) сезінесіз бе?
– Әрине, өзіңді патша секілді сезініп, ферзіге тосын шабауылдар жасауға бұйыруға тырысу керек. Бұл – шахматтың қағидасы. Бірақ, мен қарсыласымды тек ұту үшін емес, рухани ләззат алып, демалу үшін ойнаймын. Өйткені шахмат ойнап отырып, жан дүниең рахаттанады.
– Кәсіби балықшы боларсыз...
– Жоқ. Әуесқой балықшымын. Әсіресе әр аптаның сенбі күні үшінші ұлым Ерасылды ертіп, дария жағалауына барамын. Кейде бірнеше балық ұстап, үйге қуанып қайтамыз. Балық аулаудағы мақсат, таза ауада серпіліп, табиғатпен сырласу. Өзен суының мөлдір де тынымсыз ағысы адам жүйкесін тыныштандырып, рухына серпіліс береді. Мен осы табиғи үндестікке қатты қызығам.
– Қармақты балық тартқандағы ойыңыз...
– Ең бірінші, балаша қатты қуанам. Сосын балықты ұстауға тырысам.
– Суға, балыққа деген қызығушылық бойда, қанда бар-ау...
– Аталарым Борықты деген жерде тұрған. «Олар кәсіби балықшылар болған» деседі қариялар. Әкем дарияда паромшы болып қызмет еткен. Ол жайын қармақ тастап алып, балықтар ұстаушы еді. Суға, балыққа деген ынтызарлық, сол кісілерден негіз алады деп ойлаймын.
– Үйдегі жеңгеміз бір жаққа қыдырып кетті делік. Үйде жалғызсыз. Сол кезде үй шаруасына білек сыбана кірісетін боларсыз...
– Жоқ. Үй ісіне шолақпын. Алайда жұмыртқа қуырып жеуге шамам жетеді.
– Киім жуып, үтіктеуге ше?
– Жууды қайдам, үтіктеу қолдан келеді.
– Сөзіңізге қарағанда жеңгеміз өте жақсы жар секілді. Жеңгемізге неше рет гүл сыйладыңыз?
– Өтірік айтпасам, 20 рет.
– Алғашқы гүлді кімге сыйладыңыз?
– Есімде жоқ...
– 24 жастағы Әбілқайырдан қазіргі 44 жастағы Әбілқайырдың айырмашылығы бар ма?
– Көңілім 20 жастағыдай жас. Бірақ, ондаған сағат жұмыс істегенде физикалық тұрғыда аздап шаршаймын. Бұрынғыдай 10-12 сағатқа дейін жұмыс жасағаныммен, қатты қалжырап шаршайтын болдым.
Осыдан жиырма жыл бұрынғы Әбілқайырдан бүгінгі Әбілқайыр рухани кемелденді. Ұзақты көріп, келешектегі күнді пайымдауды үйренді.
– Ақынның жаны ақиқатқа жақын келмей ме? Осы шындықты айтамын деп таяқ жеген уақытыңыз болды ма?
– Талай рет таяқ тиді. Алайда ақиқат ақын жанының қуаты. Сондықтан қанша рет таяқ тисе де, бұл жолдан бас тарта алмаймын. Баукеңнің (Б.Момышұлы) «Өтіріктің балын жалап күн көргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық», деген сөзін қағида ретінде ұстанам.
– Әбеке, айтыстағы атыңыз «қара бала». Осы сөзге ренжімейсіз бе?
– Жоқ. Ренжіген емеспін. Қайта өзімнің «қара бала», «қара екендігімді» айтыста арқау етіп, тіпті бір айтыста:
Қарамын оны қалай жасыра алам,
Ондайға біздің көңіл жасымаған.
«Қарасын» деп сен мені кінәлама,
Қара қазан халықты асыраған...
– Домбырасыз айтыса аласыз ба?
– Кейбір жиында домбыра болмай қалады. Сонда «өлең айтшы» деген өтініштер айтылады. Сол сәтте домбырасыз шабыт алатын кезім болады. Бірақ мен үшін домбыраның қасиеті тым бөлек. Қолыма домбыра алсам, түйдек-түйдек жыр аузыма тығылады. Арқам қозып, домбыра пернелерін арқалана шертемін.
– «Арқалана» демекші, Сізді «арқалы ақын» дейді. Кейде айтыс үстінде тұрып кетесіз. Оның сыры неде?
– Кез-келген ақынның арқасы болады. Сахнада отырғанда көрерменнің ерекше қошеметінен, кейде 7, 8 буынды төкпеге салып жіберемін. Бірақ оны өзім байқамай қаламын. Сондай сәтте тұрып та кететін шығармыз. Оның бәрі біріншіден, халықтың бізге деген ыстық ықыласынан. Екіншіден, шалқар шабыттың шаттығынан болар.
– Әбілқайырдың жұлдызды жылы қай жыл?
– 2003 жыл. Осы жылы Жастар Одағы сыйлығының лауреаты атанып, «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Алматыда өткен республикалық ақындар додасында топ жардым. Аудан әкімі Н.Мұсабаев өнерімді бағалап, ел алдында автокөлікті тарту етті.
– Бұл жыл сәтті болуын немен байланыстырасыз?
– Сол жылы қыста қар қалың болып, көктем де жамбырлы болды. Содан болар қызғалдақ пен сарғалдақ даланы қызыл-сары түске бояды. Жұмыстан шығысымен әлгі әсем далаға барып, табиғатпен сырласып, шабыт шақырып, өлең кестесін өруші едім.
Сұхбаттасқан Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.