№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Дәрігер адамды, мал дәрігері адамзатты емдейді

Дәрігер адамды, мал дәрігері адамзатты емдейді


Жаңақорған аграрлы ауданның бірі. Әсіресе, мал шаруасы жөнінен облыста озықпыз. Яғни, аймақтағы төрт-түліктің төрттен бірі біздің ауданға тиесілі. Осыдан-ақ, көрші өңірлерге кететін шикізатты бағамдай беріңіз. Дегенмен, малдың әртүрлі қауіпті кеселге шалдықпауын, олардан алынатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз ету маңызды. Бұл бағытта ветеринария саласы мамандарының мехнаты аз емес. Сондықтан уақыт тауып саладағы өзекті сауалдарымызға нақты жауап алу үшін аудандық ветеринариялық станция басшысының орынбасары Жомарт Нұрхожаевпен сұхбаттастық.

  – Жомарт Қуанышұлы, жалпы аса қауіпті мал ауруларымен күрес, оның алдын алу жұмыстары қалай жүріп жатыр? Оны атқаратын ветеринар мамандар жеткілікті ме?

– Мал шаруашылығы саласының, оның мемлекеттік бағдарламаларының орындалуы ветеринарлық қызмет көрсету сапасын жақсартуға, мал ауруларының азаюына тікелей байланысты. Ауданымыздағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметіне тиесілі.Аудан бойынша барлық ауылдық округтерде ветеринариялық пункттер бар және олар ветеринар мамандармен толық қамтамасыз етілген. Біздің басты міндетіміз – аудандағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау және аса қауіпті экзоотикалық ауруларды болдырмау. Экзоотикалық аурулар деп шет мемлекеттерден келетін ауруларды айтады. Бұл орайда, әсіресе тағамдық тұтынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды. Аудан көлемінде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау үшін аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы бөлінген ветеринариялық препараттар толық жеткізіліп, егу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, мүйізді ірі қара малының тейлериозы мен пираплазмозы, уақ малдың бауыр құрты, түйенің трипаносомозы, жылқының гастрофилезі мен сақауы секілді энзоотиялық ауруларға қарсы дәрі-дәрмектер сатып алуға соңғы жылдары облыстық бюджеттен қаржы тұрақты түрде бөлініп келеді.

– Дегенмен, мал шығыны туралы ақпараттар бар. Дерттің дендеуінен өлімжітім неге азаймай отыр?

 – Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында энзоотиялық аурулардан, травматикалық жағдайлардан, уланудан, ас қорыту жүйесі, зат алмасу жүйесі ауруларынан, сонымен қатар, жол-көлік оқиғалары салдарынан, ауа-райының қолайсыздығынан туындаған табиғи апатқа байланысты 13 мүйізді ірі қара, 88 бас уақ мал, 4 бас жылқы, 1 бас түйе өлім-жітімге ұшырады. Ал негізінде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ.

– Бірдейлендіру шаралары қалай жүруде?

– Бірдейлендіру – ветеринарияның негізгі әліппесі деуге болады. Мал иелері қорасындағы төрт түлік малдарына уақытылы вакцина ектіруге, диагностикалық тексерту жүргізу және бірдейлендіруге аса мән беруі қажет. Заңда көрсетілген талаптарға сай жылқы малына таңба, ал басқа малдарға сырға салынуы тиіс. Таңбалау мен сырға салу біздің міндетімізде. Ал чип салдыру мал иесінің келісімімен, өз қаржысына салынады. Таңба басу салдарынан малда механикалық жарақат, күю, іріңдеу, шошыну сынды т.б жағдай орын алады. Бүгінгі таңда аудан бойынша жылқының төлдеріне чип орнатуда. Егер терінің астына чип салып енгізсе, әлгіндей жағдай орын алмайды. Таңба, чип, сырға салынған жануарлар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор (ИСЖ) базасына тіркеледі.

Ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Жыл басынан бері 19,5 мың бас мүйізді ірі қара, 108,4 мың бас уақ мал, 3,8 мың бас жылқы, 434 бас түйе бірдейлендірілді. Үстіміздегі жылдың бүгінгі күні дерекқор жүйесінде 78,5 мың бас МІҚ, 332,9 мың бас уақ мал, 26,1 мың бас жылқы, 2,2 мың бас түйе, тіркелген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарларының кірісі (төлі, сатып алынғаны) мен шығысы (сатылғаны, сойылғаны, өлгені) қатаң бақылауға алынған.

– Қорадағы малына жұқпалы ауру таралмауы үшін шаруалар не істеуі керек?

 – Мал ауруларын болдырмау тек ветеринар мамандарының ғана ісі емес. Жануарлар иесі ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25 бабында көрсетілген талаптарға сәйкес, уақытылы вакцинация, диагностика жасатуға, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге міндетті. Сонымен қатар, қора-жайларды таза ұстап, жем-шөп сақтауда қоршаған ортаның ластануына жол бермей, зоогигиеналық талаптарды сақтауы тиіс. Сонымен бірге жануарларды сатып алғанда, сойғанда немесе сатуға өткізгенде, сойғаннан кейін ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай сатуға, обьектілерге ветеринариялық тексеру жүргізуге кедергі келтірмеуге, сондай-ақ, төл алғанда, жануарлар ауырған жағдайда ветеринария саласындағы мамандарға хабарлауға міндетті. 

– Мал қорымдары талапқа сай ма?

 – Аудан бойынша мал қорымдарының жалпы саны 16 типтік жобада салынған, ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес келеді.Биылғы жылы типтік жобадағы 1 мал қорымын салуға облыстық басқармаға ұсыныс берілді. Осы жерде бір айта кететіні, тұрғындар жаңадан салынған қорымдардың темір қақпақтарын сындырып алып кетеді. Бұл барып тұрған қылмыс, оның материалдық шығынынан бөлек, қауіптілігі жетерлік. Оны қалпына келтіремін дегенше түрлі инфекция тарауы мүмкін. Тұрғындар осыған аса мән беруі тиіс.
– Қаңғыбас ит пен мысық зардабына тұрғындар тарапынан наразылық көп туындайды.

 – Иә, бұл проблемалық мәселе. Әлеуметтік желілерде де көп көтеріледі. Заң талаптарына сәйкес, қаңғыбас (ит, мысықтар) жануарларды аулау жүзеге асырылмайтыны көрсетілген. Аталған заңға сәйкес бүгінгі таңда қаңғыбас ит-мысықтарды аулап жоюға заң жүзінде рұқсат жоқ. Сонымен қатар, жануарларға қатыгездік көрсету ӘҚБтК-ның 407-1-бабы және ҚР ҚКның 316 бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соқтыратыны көзделген. Үйдегі ит пен мысықты қоғамдық орындарда серуендету ережеге сәйкес болуы керек. Мысалы, көбісі ауласында итін босатып жібере салады, ал ол біреуді тістеуі, қауіп алып, зақым келтіруі мүмкін. Тоқ етерін айтқанда, иесі итке ие болуы керек.

– Ветеринарларды қандай проблемалар мазалайды?

– Мал иелері бірдейлендіруге қатты мән беруі керек. Осы мақсатта ветеринар мамандар үй мен қораны жағалап жүреді. Әркімнің жауапкершілігі әртүрлі. Келіскен уақытта үй иелері болмай қалады. Кірген жағдайда қорадағы мал түгел болмай шығады. Сұраса өрісте жүр дейді. Бір күнде бітіретін шаруаға екі-үш күнін жоғалтып жатады. Алыс ауылдарда құмның арасында жатқан малдарын жасыратындар да бар. Төрт түлік малдар сырғаланбаса немесе таңбаланбаса есепте жоқ болып табылады. Мал иесі бірдейлендіруден өткеннен кейін барып ауыл шаруашылығы саласындағы көмек алуға толық мүмкіндігі болатынын ескерген жөн. Мал иелері жануарларын уақытында, толық жинақтамау салдарынан, аса қауіпті жұқпалы және энзоотиялық ауруларға қарсы алдын ала егу, диагностикалық тексеруге қан алу жұмыстарын жүргізу барысында қиыншылықтар орын алуда.

– Мамандармен қамтамасыз ету жайы қалай?

– Қазіргі күні аудан бойынша 105 ветеринар маман жұмыс істейді. Барлық ауылдық округ қажетті мамандармен қамтамасыз етілген. Бұл жағынан басқа аудандармен салыстырғанда жақсы көрсеткіштер бар. Ветеринарлардың күндегі атқарып отырған жұмыстарының маңызы өте зор. Қазақ саулық сұрасқанда ең бірінші «Мал-жан аман ба?» деуі тегін емес. Себебі, мал – халықтың тұрмыс-тіршілігінің күнкөріс көзі.
Асырап отырған малының саулығы ол отбасының ғана емес, бүкіл халықтың саулығының негізі. «Ауру – астан» дегендей, адам денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Сонымен бірге мал шаруашылығы экономиканы алға сүйрейтін салалардың бірі. Ветеринар мамандар осы саланың ақсамауына, қауіпті ауру түрлерінің тарамауына, мал өнімдерінің таза болуына күнделікті жұмыс жүргізеді. Академик К.Скрябиннің «Медицина адамды емдесе, ветеринария бүкіл адамзатты емдейді» деген қанатты сөзін әрқашан да жадымызда ұстауға тиіспіз.

Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ
05 қараша 2022 ж. 1 263 0