» » » ӘДЕМІЛІК – МЕНІҢ ӘЛЕМІМ

ӘДЕМІЛІК – МЕНІҢ ӘЛЕМІМ

Тәлімгердің эстетикалық талғамын арттырып, өнерін шыңдауға жол тапқан шығармашылық ұжымның бағытын айқындауда мекеме басшысының біліктілігі шешуші рөл атқарады. Компазитор Бексұлтан Бәйкенжеев негізін қалаған өнер мектебін бүгінде Қалдыбай Қошқарбаев басқарып отыр. Біз аудан өнерінің дамуына күш-жігерін арнаған тұлғаны «Сенбілік сұхбат» төріне шақырып, өңірдің өрелі өнері жайлы сыр тарқаттық.

– Шығармашылық ұжымға ұзақ жыл басшы болуыңыздың сыры неде?
– Басшының беделі – ұжымның ынтымағына байланысты. Өзімнің 33 жыл еңбек жолыма көз жүгіртсем, түрлі басшылармен қызметтес болдым. Менің басшыларым өте білімді, білікті, көркем мінезді, қарапайым болды. Содан болар, олар ұжымда абыройлы, қоғамда беделді еді. Әрқайсысының бір-бір жақсы қасиетін бойға сіңірдім. Ардагер ұстаз Зинабдин Шермағамбетовтің пайым-парасатына, Хадиша Баязитованың көркем мінезіне тәнті болып өстік. Осы кісілер секілді қоғамға жайлы, ұжымға қамқор, жастарға үлгі болуды ойладық. Екінші жағы, өзімнің басымнан кешкен оқиғадан соң, өз-өзіме серт берген едім
– Ол қандай серт? Құпия болмаса айтсаңыз...
– Бұған дейін еш жерде айтпаған едім. Сізге айтайын...Жоғары оқуды бітіріп диплом қолға алған сәтте ауыр дерт дендеп алды. Айықпастай ауыр халде төсек тартып жатқан сәтімде, іштегі арманыммен алысып, аласұрдым. «Осыдан тәуір болып, бір мектепте ұстаз болсам, бірде-бір баланың маңдайынан шертпеймін. Ешбір адамға ауыр сөз айтпаймын» деп өзіме-өзім серт берген едім. Жаратушының құдіреті шексіз ғой, маған өмір сүріп, арманымды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Міне, сол сөзімді бұзбауға тырысудамын. Қызмет барысында түрлі жағдай болса да, сабырмен, байыппен шешуді дағдыға айналдырдым.
– Қашықтан білім беру өнер саласына өз кедергісін келтірді ме?
– Шәкіртің көз алдыңда отырып дәріс алғанына жетпейді. Оның ойы, көңіл күйі қандай екенін білмей, қашықтан сабақ беру оңай емес. Кейде біз рухани демеу білдіріп, жақсы сөздерімізді айтсақ, шәкірттердің ынта-ықыласы артатынын жақсы білеміз.
Кейінгі 2 айда сақтық шаралары сақтай отырып дәстүрлі сабақ беруге көштік. Біз қашықтан білім берсек те, талай жетістікке жеттік. Онлайн байқауларға қатысып, көптеген балаларымыз жүлдегер болды. Атап айтсам, талапкерлеріміз республикалық байқаулардан 15 жүлде, облыстық сайыстарда 35 орын, аудандық өнер додаларында 50-ден аса жүлдеге қол жеткізді.
Мәдени іс-шаралар елдің рухани-мәдени деңгейін көтеретіні белгілі. Осы бағыттағы іс-шаралардың сапасына көңіліңіз тола ма?
– Әрине, мәдениет пен өнер елдің рухани өрісін көрсетеді. Ал, бұл бағыттағы іс-шаралар өнерпаздардың деңгейін, көрерменнің талғамын өсіреді.
Өздеріңіз білесіздер, біздің ұжымның өнерлі жастары ауданда өтетін ауқымды іс-шараларда біздің бишілеріміз, әншілеріміз, оркестр мүшелері бой көрсетіп, өнер көрсетеді. Осындай іс-шараларда көрерменнің ықыласына бөленіп, өнерін шыңдаған шәкірттеріміз облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларда табысты өнер көрсетіп, аудан абыройын асырып жүр. Мектептің Нағызхан Жаманбаев атындағы кәбинет меңгеруші Айгүл Өтегенова, Әмір Мәжитов атындағы кәбинет меңгерушісі Сәбира Әлімбетова, Бексұлтан Байкенжеев атындағы кәбинет меңгерушісі Орынкүл Назарымбетова, Жақсыгүл Бегманова атындағы кабинет меңгерушісі Гүлнәр Ибадуллаеваның шәкірттері кез-келген байқауда топ жаруға қабілет-дарыны жетеді.
Уақытпен санаспай, шәкірт баптап, талай додада топ жарып жүрген ұстаздар Ержан Нұғман, Гүлсара Бұлдырықова, Отарбаев Сапар Шәрбану Жиенбаева, Әлиева Құралай, Әлімбетова Сәбираның шәкірттері республикаға танылды. Оның ішінде, Ержан Атабаев деген шәкіртіміз Түркия елінде дәстүрлі өнерді мойындатып, үлкен экрандарға ілікті.
– Өнер үнемі дамуды қажет етеді. Сіз басқарып отырған өнер мектебінің мүмкіншілілігі қандай?
– Сіз бұл сұрағыңызбен ұстаздар біліктілігін, ғимарат жағдайын және музыкалық аспаптардың сапасын айтып отырған боларсыз. Ашығын айтайын, осыдан он жыл бұрын мен басшы болып келгенде осы мекемеде 3 қана біліктілігі бар ұстаз болған еді. Қазір жоғары санатты 13, бірінші санатты 10, екінші санатты 6 педагогпен толықты. Жаңадан жұмысын бастаған 4 қызметкердің де алдағы уақытта санатқа өтуін қадағалаймыз. Дәрежелеріне сай, толымды табысқа жетуде. Қаржылық жағдайымызға сай қажетті музыкалық құралдар, әртістер киімін сатып алудамыз. Ал, ғимараттық жағдайды сөз етсем, кәбинет таршылығы барын жасырған емеспін. Аудан әкімі Руслан Рүстемов шығармашылықты қолдайтын азамат емес пе? Мекемеге келген сәтте №169 мектеп жаңа ғимаратқа көшсе, осы ғимаратты пайдалануға беру жағын қарастыратынын айтып, қуантып еді. Бұйырса, ғимарат таршылығынан арылар күн алыс та емес.
– Қоғамдық көлікпен жиі жүретініңізді байқаймын. Сыры неде?
– Көпшілік ортада өзімді еркін сезінемін. Жолаушылар әңгімесінен түрлі ой түйіп, тың тақырыптар бейнелеуге болады. Өзімнің сүйікті мамандығым бейнелеу өнері болғандықтан жүрген жерімде жаңа тақырыптарды түртіп отырамын. Бұл қасиет жас күнімнен жаныма серік. Механизатор болып сайын далада жүрген шақта табиғат тақырыбында көлемді картиналар салыппын. «Көжектер» картинасы арқылы суретші ретінде таныла бастадым. Осылай ізденіс үстінде жүрген сәтте, қоғаммен біте қайнасқан картинаны көргім келеді.
– Жеке шығармашылығыңызға көңіл бөлесіз бе?
– Уақыт тапшы ғой. Басшылықтың бітпейтін қағазбастылығы, ұжымдық мәселелермен алысып жүргенде күннің қалай атып, қалай батқанын аңғармайды екенсіз. Аса ден қойып кіріспесем де, арасында қалам алып тұрмасақ та болмайды. Шабыт туған сәтті ұтымды пайдануға қызметіміз де қол байлау. Соның өзінде біршама жетістікке жетіппін. Биылдың өзінде Республикалық ғылыми -әдістемелік мерзімді баспасөз басылымы «Білім әлемі» сертификатымен және Қазақстанның «Алтын кітабына» өмірдерегім жазылып, № 400 куәлігі мен арнайы төсбелгімен марапатталдым. Орыстың әйгілі суретшісі Пикассо да алпысты алқымдаған соң тамаша туындыларымен әлемді тәнті етті. Одан бір журналист сұрақ қойып: «Сіз неге осы жасқа келгенде ғана сурет сала бастадыңыз?» – десе, оған «Алпысқа келгенге дейін әлем менің ой-санамда жиналып, әбден толысты. Әбден піскен кезеңі 60 жасыма тура келді» деген көрінеді. Сол секілді менің де әлі де бір қайнауы кем дүниелерім жетерлік. Бұйырса, 60 жасқа жеткен шағымда шығармашылық есеп беру кешін жасасам деймін. Картиналар көрмесін ұсынып, көптің пікірін білгім келеді.
– Шығамашылық еркіндік дегенді қалай ұғасыз?
– Шығармашылық жолда жүрген тұлғалар қатып қалған шеңберде өмір сүріп, өзін-өзі дамыту мүмкін емес. Уақыт жағынан еркіндік керек. Ойлауға мүмкіндігі болса тамаша туынды шығара алады. Өлең тындап, кітап оқып отырып, шабыттанамыз. Кейбір әндер толып тұрған картина іспетті. Бір сөзбен айтсам, әдемі дүниелердің бәрі
менің әлемім. Табиғаттың тұнып тұрғаны, көрікті сұлулардың келбеті, тіршіліктің қайталанбас құбылысы өнер адамына жаңа шабыт сыйлайды емес пе?!
– Дарынды ұлды қалай танисыз?
– Осы мектепке келген әрбір баланы байқап жүремін. Нағыз талантты балаларды көзінің отынан аңғарамын. Олар ілуде біреу ғана болуы мүмкін. Табиғат берген талантты балалар арқалы, қызуқанды, әрі нәзік болмысты болады. «Мына баланың болашағы бар» деген дарынды балаларым шынында бізді жерге қаратқан емес.
– Педагогтар отбасы болудың жауапкершілігі қалай?
– Құдай қосқан асыл жарым Аманкүл Игісіновамен шаңырақ көтергенімізге де 35 жылға жуықтады. Түздің жұмысына да, үйдің тіршілігіне де еті үйренген жұбайымның асыл қасиеттерін бағалаймын. Отбасында ұл мен қыздың тәрбиесіне де, шаруаға да жауапты болды. «Әкеңе кір келтіруші болма» деп, үйде отағасы ретінде мәртебемді көтерді. Ұлымды да қызымды да қарапайымдылыққа баулыдық. Басшының баласымын деп көкірек керген сәттері болған емес. Өз білімдері мен таңдауларын жасап, көппен бірге тіршілік етуде.
– Өкінішіңіз бар ма?
– Жаратқанға мың да бір шүкір, өмірге еш өкпем жоқ. Өмірлік жар мен қызмет жолын таңдауда да бақ берген екен. Ешқашан бірнәрсеге налып, өкінген емеспін. Ең бақытты адамның бірімін деп санаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Мақпал МАРҚАБАЙ
12 маусым 2021 ж. 7 590 0