№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Альгида биіктен көрінді

Альгида биіктен көрінді

  Жаңақорғандық Альгида Айдарханқызы бейнелеу өнері бойынша республикалық байқаудан бас жүлде алды. Бұл туралы бізге Альгиданың сынып жетекшісі, №169 орта мектебінің пән мұғалімі Меруерт Саркулова мәлімдеді. Жас суретшінің айтуынша, Түркістан қаласында өткен байқаудың жеңімпазы болу оңайға соқпаған. Өйткені, бейнелеу өнеріне 20 жеткіншек қатысқан. Негізі «Мәңгілік ел алыптары» атты байқау 2 кезеңнен тұрады.


– Байқау шарты бойынша 2 кезең­нен өттік. Бірінші, еркін тақырыпта сурет салдық. Ал екінші кезеңде қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеев атамыздың суретін салдық. Салған туындымның қазылар алқасының көңілінен шыққанына қуаныштымын. «Әлшекей» өнер мектебіндегі ұстазым Қалдыбай Қошқарбаев ағайыма алғысым зор, – дейді Альгида Асылхан.
Екі кезеңнен сүрінбей өтіп, «Жеті өнер» шығармашылық орта­лы­ғы ұйытқы болған байқау қоры­тындысымен жаңақорғандық жас қылқалам шебері Альгида «Бейнелеу өнері» номинациясын иеленді. Бұған дейін мұндай ірі додаларға қатыспаған жас суретішінің бұл алғашқы жеңісі екен.
Расында бейнелеу өнері бел­сенділік, қиял, оймен жұмыс істеу сияқты шығармашылық іс-әрекетті талап етсе, екінші жағынан, эстетикалық бағыт бейнелеу өне­ріне тән қасиет. Балалардың танымдық-шығармашылық бел­­сен­­ділігін тәр­биелеу, ең алды­мен, олардың әлемді тану қажет­тілігімен және алған білімін өз шығармаларында пайдалануын да­мы­тумен тығыз байланысты. Бұл жөнінде «Әлшекей» атындағы өнер мектебінің директоры Қалдыбай Қошқарбаев өз пікірін білдірді.
– Бейнелеу өнерінің өзіне тән ерекшелігі – үнемі шыдамдылық пен сурет салу үдерісі кезеңдері белсенділікті талап етеді. Баланың танымдық-шығармашылық белсен­ділігі оның бақылауына негізделген. Сезім, қызығушылық, дүниетаным да бала іс-әрекетінің мотиві ретінде көрінеді. Балалардың өзбеттілігі және белсенділігі жақсы дамуы үшін бейнелеу өнерін оқыту барысында бірнеше талаптарды ескеру керек. Мұндай талаптардың бірі-сурет салуды шебер түсіндіру, суреттің салыну кезеңдерін айқын көрсету. Осы тұста, Альгида қызымыздың алар асуы мен бағындырар белесі әлі алда деп білеміз. Алғашқы байқауынан бас жүлде алып, Түркістан төрінде аудан абыройын асқақтатты, – дейді Қалдыбай Қошқарбаев.
Сондай-ақ «Әлшекей» атындағы өнер мектебінің директоры бейне­леу өнері үйірмесінің ынталы жасөс­пірімдерге берері мол екенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңақор­ғандық жас қылқалам шеберлерінің жеткен жетістігі де аз емес екен. Мәселен, Шамшудин Санжар, Алтынбек Арсен, Ақнұр Низан сынды шәкірттер облыстық, республикалық байқаулар да топ жарып жүр.
Альгиданың сынып жетекшісі Меруерт Саркулова шәкіртінің мек­теп те озат оқушы екенін және барлық мәдени шараларға белсенді қатысатынын мақтан етті. Әрі өз ойын анық, ашық жеткізетінін тілге тиек етті.
– Альгиданың сабақ үлгерімі өте жақсы. Барлық дәріске бейімделген. Мектепішілік шаралардан тыс қалған емес. Қашанда ойын еркін жеткізіп, түрлі идеяларды айтып жүреді. Тек ұсыныс айтып қана қоймай, оның жүзеге асуын тағатсыздана күтеді. Сыныптастарын ұйымдастырып, әрбір мерекеде қызықты дөңгелек үстел­дің өтуіне дәнекер болып жүреді. Осындай алғыр және көшбасшылық қасиеті Альгиданы алғашқы жарыс жолында бас жүлде алуына ықпал етті деп ойлаймыз. Өйткені, сурет салу кез келгеннің қолынан келе бермейтін өнер, – дейді Меруерт Саркулова бізбен әңгімесінде.
Осылайша, Түркістан шаһарынан бас жүлде алған Альгида Алматы шаһарына жолдама алды. Сәтін салса, 2020 жылы 7-мамырда аламан бәйгеде өз өнерін ортаға салатын болады. Сәттілік серік болсын дейміз жас суретші дарынға.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ
08 желтоқсан 2019 ж. 870 0