№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Озар елдің қызы мінезді, ұлы өнерлі келеді

Озар елдің қызы мінезді, ұлы өнерлі келеді

Аудан әкімі Руслан Рүстемов өнер, мәдениет саласының шынайы жанашыры һәм қолдаушысы. Мұны Әлшекей атындағы өнер мектебіне барғанында байқатты.
1972 жылы балалар әуез мектебі ретінде ашылып, домбыра, баян, фортепиано және аккордионнан жасөс­пірімдерге музыкалық білім берді. Бексұлтан Байкенжеев (1972-1993) өнер мектебінің негізін қалап, өркендетті. Одан кейінгі кезеңде Өмірбек Марсалиев (1993-2002), Әбдрейім Өміров (2002-2009) мектептің тізгінін ұстап, бірнеше буын жастарының шығармашылығын шыңдады.
Бүгінде Қалдыбай Қошқарбаев бас­­қаратын өнер мектебінде 34 мұғалім бейнелеу өнері, сәндік қол­­данбалы өнері, көркем сөз оқу, хореография, дәстүрлі жыр-терме бойынша балалардың өнерін шыңдайды, сондай-ақ, домбыра, баян, фортепиана, қобыз аспабын үйретеді. Бексұлтан Байкенжеев атында баян сыныбы, Нағысхан Жаманбаев атында домбыра сыныбы, Әмір Мәжитов атында көркемсөз сыныбы, Жақсыгүл Бегманова атында би сыныбы бар. Бірақ өнер мектебінің өнерпаздары аядай ғана тар бөлмеде білім алады.
Сынаптарды аралаған әкім мен директор пікір аламасып:
– Қанша оқушы бар?
– 434.
– Сабақты қалай өткізесіздер?
– Кестеге сай оқушымен жекелей және топтық тұрғыда өткіземіз.
– Сақтық шараларын сақтау маңызды...
– Әрине, ең бірінші, оқушының денсаулығы маңызды. Мұны жақсы түсінеміз.
– «Өнер – мінсең ат, ұшсаң – қанат, кисең – жанат» дейді халық даналығынды. Сондықтан жастарды өнерге баулу керек. Жастардың көңілі өнерге ниеті ауса қоғамға пайдалы адам болып қалыптасады. Яғни өнер дегеніміз өркенді елдің тірегі...
– Мұның салмағын жақсы түсінеміз. Біздің ұстаздар өз ісіне берілген, біліктілігі жоғары мамандар. Өзінің уақытын аямай, тәлімгерінің өнерді меңгеруіне бар күш-жігерін салады. Әрі әрбір шәкіртінің жетістігіне балаша қуанып жүреді.
Екеуара диалогқа домбырадан сабақ беретін Гүлсара Бұлдырықова қосылып, өнер мектебінің сыныптары тар екенін алға тартты. Мұны шешудің ең тиімді жолын аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов ұсынды. Яғни №169 мектепті жаңа ғимаратқа көшіргеннен кейін Әлшекей атындағы өнер мектебі мен аудандық балалар мен мәдени-тәрбиелік жұмыстар орталығын сонда ауыстыруды ұсынды.
– Ұтымды ұсыныс. Қазір №169 мектепте оқушылар білім алуда. Күрделі жөндеуден өткен. Сыныптары кең әрі жарық. Жасөспірімдерді өнерге баулуға жан-жақты жағдай жасауға болады. Әрине, жаңадан ғимарат салып бергенге не жетсің?! Оған бюджеттің мүмкіндігі жетпейді. Биыл екі орта мектептің құрылысы жүруде. Ендігі жылы тағы екі мектептің құрылысын бастау жоспарда бар, – деді аудан басшысы.
2015-2016 жылы Руслан Рүстемов ауданды басқарған кездері Түгіскен балалар өнер мектебін ашып, керек-жарағымен қамтамасыз еткен еді. Енді аудан орталығындағы өнер мектебін заманауи талаптарға жауап беретін деңгейге жеткізу міндеті тұр.
– Музыкалық аспаптар жеткілікті ме? – деді әкім Руслан Рүстемұлы.
– Баян мен фортепианамыз ескірді. Ансамбльге қажетті музыкалық аспаптар жеткілікті дей алмаймыз. Жалпы аспаптарды жаңаласа дұрыс болар еді... – деп жауап берді өнер мектебінің директоры Қалдыбай Шынтемірұлы. – Жылдың аяғы жақын. Сондықтан үнемделген қаржыны зерделеп, заңдылықтарды сақтай отыра мәселені шешуді білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимовке тапсырамын. Мейлінше өнер мектебіне қолдау көрсету керек, – деп тапсырды аудан басшысы.
Жеті нотаны игерген адам жеті өнерді меңгере алатынын айтқан әкім Түркияда туған дінтанушы, мәдениеттанушы Мұртаза Жүнісұлының оқиғасын айтып берді. Ұлттық аспапты үйренуге бекінген қандас Анкарада домбыраны күмбірлетіп жүріп өзі үйренеді. Сонда Түркияда тоғыз жолдың торабы түйіскен Қорқыт ата жатқан жерде түнеп, үйрену керек деген сөз шығады. Шынында, Сыр өңірінің даласында әуен есіп тұрады. Көңіл көзін ашып, музыканы таныса болғаны. Содан болар, Сыр өңірінде сазгерлер де, орындаушылар да көптеп шығатыны. Жастарға осы саздың құдірет-күшін танытып, ұлттық кодтың кілтін ашып беру керек. Бұл өте маңызды іс...
Әкім өнер мектебін аралау кезінде аудандық оркестрдің сапалық құрамын күшейтуді, жастардың бос уақытын мейлінше тиімді пайдаланып, өнерге баулу керектігін тапсырды.
Айтқандай, Руслан Рүстемұлы фортепиано сыныбының оқушысы Роза Сиязбектің өнерін тамашалап:
– Айналайын, өнері өрге жүзе берсін! «Озар елдің қызы – мінезді, ұлы өнерлі келеді» деген аталы сөз бар. Өнеріңді шыңдап, озық елдің өрені бол! – деп тілегін жеткізді...
Одан кейін әкім аудан халқына жаңалықты жеткізіп отырған «Жаңақорған тынысы» газетінің ғимаратына ат басын бұрды. Газет өндірісімен, оны тарату ісімен танысып, журналистерге шығармашылық жұмыста табыс тіледі.
Қос шығармашылық ұжымның өкілдері әкімнің ниетіне шабыттанғаны анық. Өз кезегінде, бұл жұмыс өнімділігін арттыра түседі.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
18 қазан 2020 ж. 1 337 0