Баланың білімді болғанын қалаймын
Беу дүние десеңші, уысты ашып-жұмғанша уақыттың үстемдігіне көз ілеспейді. Кеше ғана көз көрген кісілер бүгін ақ самайлы ақсақалға айналды. Шынында алдымызға аға деп салып жүретін, жел өтінде желкен болып, қарсы бетте қасқайып тұратын қанша азамат қазір зейнет жасына жетті. Өмірдің өрнегі осындай.
Кенттегі №169 орта мектеп директоры Аллаберген Ахметовтың болмыс-бітіміне қарасаң, бір сылым артық еті жоқ, спортшы сипатындағы, жасы елудің о жақ, бұ жағындай кескін-келбетке ұқсайды. Үнемі желмен жарысқан желаяқ секілді шалт қимыл, ширақ қадамын жылдам басқан жаратылысы-ау, ол жас көрінеді. Бүгінде білім саласының белгілі тұлғасы, ұлағатты ұстаз Аллаберген ағамыз сенбілік сұхбат алаңында қонақта отыр. Біз оған дәстүрлі сауалымызды қоя бастадық. Ол емтиханда отырған оқушыдай ойын бүкпесіз айтып, ашық пікір ақтарды.
– 25 мамыр – оқу жылының соңғы қоңырау соғу сәті болса, сіз үшін екінші жағы да бар. Дүние есігін ашқан күніңіз. Қос мерекенің қуанышы құтты болсын!
– Ия, мен үшін ұмытылмас күн, жадымда жатталатын жағдай. Биыл тіпті атаулы жыл. Пайғамбар жасына жетіп, үлкен белеске шықтым.
– Есіміңіз ерекше, оның да тарихы бар болар...
– Әрине. Қамшы ұстар бір балаға зар болған әкем Сахымбек пен шешем Ибрайым қажының қызы Бибайша өмірге 11 қыз әкеліп, менАлладан тілеп алған жалғыз баламын ғой. Өзім Өзбекстанда, Шыназ ауданы Алмазар стансасында 1958 жылы 25 мамырда дүниеге келіппін. Осында №169 орыс орта мектебінде оқыдым, сосын Ташкентте бір жылдық бухгалтерлік курсты бітіріп, Задарья ауылдық кеңесінде есепші болып еңбек жолын бастағанмын.
– Дұрыс екен. Байқаймын, сіз ұшқан отбасы ұстаздар ұясы секілді.
– Оныңыз рас. Менен бөлек екі қарындасым педагог. Бүгінде үш апам, үш қарындасым тірі қалды. Мен олардың ортасындамын.
– Аллаберген Сахымбекұлы, сізді мұғалім болуға не итермеледі?
– Баланың білімді болғанын қалаймын. Өмірдегі ең үлкен өкініш – сауатсыздық. Қазақ «Өзің білме, білгеннің тілін алма» дегенді ауыр сөз санайды. Жалпы, білімге, жақсылыққа ұмтылу – адами болмыстың ең ізгі жолы. Менің идеалым осы болды.
– Өмірбаяныңыз бойынша кілең басшылық қызмет атқарыпсыз. Мектеп директоры, білім және ішкі саясат бөлімдерінің жауапты қызметкері, білім бөлімінің басшысы, әдістемелік кабинет меңгерушісі, тестілеу орталығының директоры секілді аудандағы айтулы қызмет орындарында еңбек еттіңіз, үнемі ат үстінде келесіз. Билік адамды бұзбай ма?
– Мен еңбек «стартын» қатардағы мұғалімнен бастаған жанмын. Әкем қарапайым еңбек адамы болды. Сол кісі айтушы еді, «жұмыстың жаманы жоқ, атқара алмайтын адамы көп» деп. Ұқыптылық пен ұстанымы дұрыс адамның ұшар биігі де заңғар болады. Мен сатылап өстім. Мол тәжірибе жинадым. Ал, қызмет деген жауапкершілік. Биліктің буы әркімге әрқалай әсер етеді. Маған оның артық-кемі жоқ. Кісіліктен кішілік жақсы. Қарапайымдылық ортақ үйлесім. Баламен балаша, үлкенмен үлкенше қатынас болғаны жөн. Директор деген басқарушы ғана емес, ол ұйымдастырушы, психолог, тәрбиеші, қысқа қайырсақ, жан-жақты болуға тиісті. Халық даналығында «Бір нәрсені өзгерткің келсе – батыл бол. Қиын нәрсені өзгерткің келсе – сабыр бол. Қай жерде батыл, қай жерде сабыр болуды білу үшін – ақылды бол» демей ме, мен мектепке қамқор болуға, қалқан болуға тырыстым. Жаратылысым да, жалпы жайым да осы.
– Сіз жүрген жерден алтынның кені шыға береді. Оның не сиқыры бар?
– Түсіндім. «Алтын белгі» жөнінде ғой. Иә, ондай жетістік болған. Әуелгіде №167 Жаңарық орта мектебіне директор етіп тағайындалғанда білім сапасына барынша күш салдым. Соның арқасында облыстық, республикалық пәндік олимпиада жеңімпазы шықты. №86 Шалқия орта мектебінде оқу-тәрбие жұмысы жанданды. №213 Қыркеңсе орта мектебінде алғаш рет «Алтын белгі» иегерін шығардық. Ал, №169 орта мектепте жыл сайын үздіктер қатары өсті. «Алтынның» кені дегеніңіз осы шығар. Негізінен директордың бастамашыл, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болғанда істің нәтижесі көрінеді. Бұл жерде үлкен еңбек - мұғалімдікі. Жаман мұғалім деген жоқ, оның жақсы жолға жетелеу басшыға байланысты.
– Білімнің түпқазығы – мектепте. Ал, жоғары оқу орны мамандыққа дайындайды. Демек, мектептің маңызы жоғары.
– Сөзіңіз рас. Әріп үйретуден бастап үлкен әлемгежолдама алғанға дейін оқушының жетілу процесі мектептің міндетіне кіреді. Әрине айтуға оңай, бірақ біз тек білім берумен айналыспаймыз. Тәрбие жұмысы тіптен ауыр. Баланың аңғал шағы, өтпелі кезеңдері тұтас ғылым, бақылау, баптау, шыңдау секілді сан-салалы іс атқарылады. Қазір ақпараттың ағыны жылдам уақыт. Ой-өріс өскен кезең. Бала алдауға келмейді, ұрып-ұрысуға болмайды. Тәрбие жұмыстарында да тыңнан жол табу керек. Оның үстіне бірінші рет қашықтан оқыту процесін көрдік. Мұның да жауапкершілігі аз емес. Білім сапасына айтарлықтай ықпал етті. Мектеп осындай бағытта еңбек етіп, ұстаздар аянып қалмай, оқушымен, ата-анамен тығыз байланыс жасап келеді.
– Аллаберген Сахымбекұлы, сізді үнемі жаттығу үстінен көреміз. Жүгіру, шынығудан жалықпайсыз.
– Айтқаным абзал, жаяу жүргенді ұнатамын. Жылдам қозғалыс үшін спорт серігің болғаны дұрыс. Бұл балаға да әсер береді. «Мал иесіне тартады» демей ме, үлгі болардай директорға қарап бой түзесе жақсы ғой.
– Сіз Жаңақорған кентінің әкімі лауазымын да атқардыңыз. Мектеп жұмысы жеңіл ме, әкімнің қызметі жеңіл ме?
– Сырт көз үшін басшының болмысы тек тапсырма беруші, талап етуші образындағы шенеулік. Ал, кейіпкер кейпіне енгенде мүлдем бөлек. «Басқа түссе баспақшыл» деген бар, әркім сол қызметті істеп көрсе түсінер еді. Қазір сыншы көп заман, мен басымнан өткен соң білемін, басшы деген робот емес, ол да ет пен сүйектен жаратылған адам. Осыны түсінсе деймін. Маған аудан басшылығы жауапкершілік жүктеді, мен қолымнан келгенше атқардым.
– Еркек түздің адамы дейміз. Дегенмен үйде Аллаберген қандай әке?
– Ол қиын сұрақ. Адам өзіне баға бере алмайды. Дегенмен, «екі жарты - бір бүтін» деп қазақ тауып айтқан. Отбасына ердің де, әйелдің де ықпалы керек. Жұбайым Гүлсім де орыс тілі мен әдебиеті пәні маманы. Әйткенмен әйел үйдің берекесі ғой. Шүкір 3ұл, бір қыз тәрбиелеп, 10 немере сүйіп отырмыз. Мен бақыттымын.
– Сіз атаққа құмарсыз ба?
– Атақ – абырой-беделді биіктетуге қажет. Жақсы нәрсені ешкім жек көрмейді. Еңбегің лайықты еленсе жақсы емес пе? Өзім үш рет Елбасының Алғыс хатын алдым, «Үздік кәсіподақ қызметкері» төсбелгісімен марапатталдым. Президенттік сынама бойынша облыстың бірнеше дүркін чемпионымын. Ең үлкен марапат – озат оқушыларым, ұлағатты ұстаздарым!
– Әңгімеңізге рахмет, тағы да туған күніңіз, Пайғамбар жасыңыз құтты болсын!
Қаныбек ӘБДУОВ