№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұлттық код – рухани болмыс кілті

Ұлттық код – рухани болмыс кілті


Алаш тақырыбын, оның ішінде, Сыр өңірінен шыққан тарихи тұлғалар жайлы құнды деректерді Санкт-Петербург, Мәскеу, Омбы және т.б архивтердің шаң басқан құжаттарын зерттеп, алаш идеясын қолдаған сырбойылықтарды тұлғаландырып, ғылыми айналымға енгізуде Хазіретәлі Тұрсынның еңбегі зор. Тарихшыны «Сенбілік сұхбатқа» шақырып, ХХ ғасырдағы нәубет жылдар және тұлғалардың тартқан қасіреті жөнінде сөйлестік.


– Тарихшы ретінде ХХ ғасырда қазақ ұлтының басына түскен қасіретті қалай бағалар едіңіз?
– ХХ ғасырдағы ашаршылық – қазақ тарихындағы ең ауыр қасіретті кезең. Тіпті ұлт ретінде жойылып кете жаздадық. 1921-1922 жылғы аштықтан 1 млн. 700 мың адамның өзегі үзілді (ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша), 1932-1933-жылғы аштықтан 2 млн. 300 мыңға жуық адам өлді. Демограф Мақаш Тәтiмовтің деректерінде «ХХ ғасырда болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргiн кездерiнде, екiншi дүниежүзiлiк соғыста бас-аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшырағаны» айтылады. Ғылыми дәйек, дәлелдерге негізделген бұл тұжырым – 1931-1932 жылдардағы Қазақстанда орын алған ашаршылыққа берілген ғылыми баға. Бірақ ұлттық трагедия ретінде танып, саяси баға беруге басымдық беретін кез келді.
Ал, репрецияның салдарынан ақыл-ойынан, бағыт-бағдарынан айырылған ұлтқа айналды...
– Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылы 31 мамыр «Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деген Өкімі шықты. Содан бері ақтаңдақ жылдардың ақиқаты айтылып, еске алу шаралары өтіп келеді. Солай емес пе?
– Тарихи кезеңдердің ақиқатын танып, залалы мен зардабын айқындауда ауқымды шаралар керек. Яғни мемлекеттік деңгейде қаралып, саяси тұрғыда маңыз берілуі тиіс.
2010 жылдың наурызында Европа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясы «Бұрынғы КСРО-дағы Ашаршылық (Голодомор) құрбандарын еске алу» туралы құжат қабылдады. Бұл құжатта 1932-1933 жылдардағы кеңестік биліктің саясаты әшкереленді және ол Украина, Қазақстан және Кеңес Одағының басқа аймақтарында шаруаларды жоюға бағытталған адамзатқа қарсы қылмыс ретінде бағаланды. Бұл – қолдан ұйымдастырылған ашаршылыққа халықаралық деңгейде берілген құқықтық баға. Осы негізде саяси баға да берілуі керек алдағы уақытта.
– Кеңестік-тоталитарлық жүйенің жазалау машинасы жайлы не дейсіз?
– Кеңестік жазалау машинасы жоспарлы түрде, іркіліссіз жұмыс істеді. Заңдылық атаулыны белден басып, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды жазықсыз соттады, айдады, атты.
– Бұған қанша адам ілікті екен?
– Ресей Федерациясының Федералды Қауіпсіздік Қызметінің мәліметіне сүйенсек, 1935 жылдың қаңтарынан 1941 жылдың 22 маусымына дейін Кеңес Одағында 19 миллион 840 мың адам тұтқындалып, оның 7 миллионы атылған екен. Соның ішінде қазақстанның үлесі – сотталғандары 110 мың, атылғандары 25 мың адам.
Осы жылдары Қазақстан бойынша 103 мың адамның қуғындалғаны, олардың 25 мыңының атылғандығы жөнінде деректер айтылады. Бейбіт күнде баянсыз идеялар жолында құрбан болғандар үшін осы санның өзі аз емес. Бірақ бұл мәліметтердің өзі толық деп айта алмаймыз. Тарихшылардың соңғы зерттеулерінде саяси қуғын-сүргіннің статистикасына ілікпеген бірқатар дәйектер анықталуда. Мысал үшін айтар болсақ, 1928 жылғы кәмпеске науқаны барысында бүгінгі Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облысы біріктірген Сырдария округінен «феодал», «саяси сенімсіз» деген айыппен 96 отбасы мал-мүлкі кәмпескеленіп, Орал округіне жер аударылды. Олар қуғындалғандардың да, ақталғандардың да тізімінде жоқ болып шықты. Кәмпескеден соңғы кездегі «бай-кулакты тап ретінде жою» науқаны барысында, 1929-1931 жылдары осы округтен Оралға тағы да 5 мыңға жуық отбасы мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылған екен. Бұл категориядағылардың қуғындалғандар тізіміне енбей қалуы – олардың барлығы да құқық қорғау органдарының шешімімен емес, қоғамдық негіздегі соттан тыс округтік комиссияның қаулысымен жазаланғандығы. Демек, алдағы уақытта тарихи ақиқатты қалпына келтіруіміз үшін де осы мәселелер ғалымдардың, жұртшылықтың назарында болуы керек.
– Сіздің Бегайдар Аралбаевты танудағы еңбегіңіз ерен. Жалпы Аралбаевты қалай тануымыз керек?
– Бегайдар Жантөреұлы мемлекет және қоғам қайраткері. Өмірін ұлтқа қызмет етуге арнаған тарихи тұлға.
Оның жоғары саяси қызметі ХХ ғасырдың 20 жылдарымен тұспа-тұс келді. Нақтысын айтқанда, 1921 жылы 15 қарашада Сырдария оболыстық кеңесінің съезінде Бегайдар Аралбаев облыстық атқару комитетінің төрағасы болды.
1922 жылы ұлттық-аймақтық межелеуге дейін Түркістан Республикасы Ішкі Істер Халық Комиссары, Жоғарғы Сотының Төрағасы болып тағайындалды. КСРО халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.Лениннің жерлеуіне Түркістан Республикасының делегациясын басқарып барғандығы да оның өлкедегі биліктің жоғары эшелонындағы алар орнын танытса керек.
Ол Қазақ Орталық Атқару комитетінің хатшысы ретінде мемлекеттік қызметкерлерді қазақыландыру бойынша республикалық комиссияны басқарды. Бұл жолы осындай әрекеті үшін ол Өлкелік партия комитетінің хатшысы И.Голощекин «аралбаевшылық» деген саяси айыптау тақты. Оның мәні – қазақыландыруды желеу етіп, бай-болыстың балаларын, ескі оқығандарды партия, кеңес қызметіне тартуға саятын еді.
1924 жылдың соңында Кеңестердің Сырдария губерниялық съезінде Бегайдар Аралбаев губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып сайланып, Сырдария облысының тізгінін екінші рет қолына алды. Ұлттық-аумақтық межелеу барысында Қазақстанға қосылған қазіргі Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облысын қамтыған тұтас аймақтың алғашқы басшысы болу бағы бұйырды. 1925 жылдың 15-19 сәуірінде Ақмешітте өткен Бүкілқырғыздық (бүкізқазақтық) V съезінде Қазақ өлкелік атқару комитеті болып қайта құрылған республика өкіметінің төрағалығына Жалау Мыңбаев, хатшысы болып Бегайдар Аралбаев тағайындалды. Съезде халқымыздың әділетсіз бұрмаланып келген тарихи атауы қалпына келтірілді. Астананың Ақмешіт атауы Қызылорда болып өзгертілді. Осы тұста Бегайдар Орынбордан Ақмешіт-Қызылордаға республика өкіметін көшіруге басшылық жасаған.
Бегайдар Орталық Атқару Комитетінің хатшысы қызметін 1928 жылдың қазан айына дейін атқарды. Қазан айында әкесі Жантөре саяси сенімсіз деген категориямен, ал Бидаш Ізеев, Жәнібек Тұрсынбаев, Дербісбек Бабашов, Әәріп Тұрсынбаевтар ірі байлар ретінде мал-мүлкі кәмпескеленіп, Жаңақорғаннан Оралға жер аударылады. Әкесі жер аударылған Бегайдар мемлекеттік қызметтен шеттетіліп, 1928 жылғы қазаннан 1932 жылғы сәуірге дейін Қазақстан Орталық банкісі басқарушысының орынбасары, 1932 жылғы мамырдан 1933 жылғы қарашаға дейін Ақтөбе облыстық банкісінің басқарушысы қызметіне жіберіледі. Соңғы қызметінде жүріп, 1933 жылғы 3 қарашада қамауға алынады.
«1928-1929 жылдары байлар мен жартылай феодалдарға кәмпеске туралы алдын-ала хабарлап отырды, 1931 жылы Жаңақорған ауданындағы жаппай ауа көшуді ұйымдастырды» деген айыптар тағылып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылып, 1935 жылға дейін Қарлагтің Бозшакөл учаскесінде, 1943 жылға дейін Мордва АССР-нің Темников лагерінде азап шекті. 1946 жылғы наурызда еркіндікке шығады. 1946-1948 жылдары ұзын арқан, кең тұсаумен жүріп Самарқанд қаласындағы жібек маталар фабрикасының директоры, Ташкент облысы Шыназ ауданындағы №3 асыл тұқымды мал шаруашылығы кеңшарында мұрап, ферма басқарушы болады.
1948 жылғы 27 қаңтарда екінші қайтара тұтқындалып, белгісіз мерзімге жер аударылады. Оның мәнісі – Бегайдар сияқты тұлғаны қоғамнан оқшаулау еді. Ол 1949 жылғы 29 қарашада Краноярск өлкесі, Енисей ауданы Хохлово поселкесіндегі лагерьдің ауруханасында қайтыс болды.
– Бегайдар Аралбаевтан бөлек жаңақорғандық тарихи тұлғалардан кімді бөліп жарып-айтуға болады?
– Мемлекет және қоғам қайраткерлері Назір Төреқұлов, Садықбек Сапарбаев, Алдаберген Серқұлұлы сынды зиялыларды айту орынды.
– Олар жайлы да қысқаша тоқтала кетсеңіз...
– Садықбек Сапарбеков екі жылға жуық Ф.Голощекинмен қызметтес болғанымен оның ығына жығылып, қолшоқпарына айналған жоқ. Қызмет бабына сай партияның сөзін сөйлеп, жырын жырлағанымен асыра сілтеуге бармады. Қайта осы кезеңде ол республикада мәдениет пен өнер, ғылым мен білім салаларындағы міндеттерді іске асыруға құлшына кірісті. Оның осындай қайраткерлігіне қатысты құжаттар жинаққа енгізілді. Садықбектің турашылдығы, ұлт зиялыларының алдындағы беделі Голощекинге жаға қоймады. Содан да ол Садықбек сияқты кадрларды республика партия ұйымдарының қиын учаскелеріне жұмсап, орталықтан барынша алыс ұстауға тырысты. Оның Өлкелік Комитеттен соң Қарсақпай аупарткомына бірінші хатшылығына құлдырауының сыры осы.
Нәзір Төреқұлов Төреқұловтың еңбек жолын сараласақ, Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы, Түркістан Коммунистік Партия Орталық Коммитетінің төрағасы, Түркістан Орталық Атқару Коммитетінің мүшесі және төрағасы, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің және Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы халық комиссарлар кеңесінің, Ресей Кеңестік (большевиктер) Партиясы Орталық Коммитетінің Түркістан бюросының мүшесі секілді саяси қызметтер атқарды. Одан бөлек КСРО Орталық баспасы РКФСР Мемлекеттік баспа өндірісін ұйымдастыруға жауапты болып, әліпби реформасына белсенді араласты. Сондай-ақ КСРО-ның Сауд Арабияның өкілетті елшісі болды.
Серіқұл Алдабергенов Мұстафа Шоқаймен жақын араласып, алаш лидерлерімен пікірлес, ниеттес болды. Жаңақорған ауданында Алаш партиясының идеясын жүргізді. Перовск уезі бастығының орынбасары қызметін атқарды. 1934 жылы 28 маусымда С.Алдабергенов Самарқанд қаласы төңірегіндегі Қаражантақ деген жерде ұсталып, қамауға алынады. Оған контрреволюциялық ұйымның басшысы болды, жергілікті халықты ауа көшіруге әрекет жасады деген айып тағылып, 1935 ж. 25 наурызда Шымкент қаласында НКВД Айрықша кеңесінің шешімімен Красноярск өлкесіне 5 жылға жер аударылған. Оның кейінгі тағдыры белгісіз.
– Қайраткерлік тұлғасымен ерек­шеленетін Сұлтанбек Қожанов­тың Сталинмен қарым-қатынасы жай­лы оқығаным бар. Расымен екеуі пікір­лес болған ба?
– Сұлтанбек Қожановтың өмірі мен қызметі сан қырлы, терең мазмұнды десек, осы терең мазмұн оның тұлғааралық қатынастары арқылы ашыла түседі. Айталық, Сұлтанбек – Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек – Міржақып, Сұлтанбек – Мағжан, Сұлтанбек – Тұрар, Сұлтанбек – Смағаұл, Сұлтанбек – Сәбит сияқты тұлғалық байланыстардың сырына үңілу арқылы олардың өмір сүрген қоғамы мен ұлықтаған құндылықтарын тани аламыз. Сұлтанбектің тұлғааралық қатынастарында оның И.Сталинмен қарым-қатынасы ерекше назар аударуға лайық желі. Ел мен жердің тағдырына терең із қалдырған осы байланыстарды құжаттық негізде қалпына келтіру алдағы күннің еншісі. Мақалада осы желінің алғашқы нобайын ұсынамыз.
...Сталиннің бірқатар қазақ қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Әліби Жангелдин, Сәкен Сейфулин, Нығмет Нұрмақовтармен қызмет бабында етене араласқаны белгілі.... Олар Бас хатшымен түрлі жиындарда кездескен, ал ресми қабылдауында болған уақыттары құжаттық тұрғыда тіркелеген. Солардың арасында Сұлтанбек Қожановтың Сталинмен сөз қақтығыстары, әзіл-қалжыңдары ел аузында аңыз болып айтылып та, жазылып та жүр. Сол әңгімелердің қаншалықты негізділігі көп ойланта да бермепті көпшілікті. Тек «осылай айтқан екен» деп тамсанумен келеміз.
Осындай атпен ресейлік журналист Гаджиева биылғы жылы көлемді кітап жариялады. «Халықтар көсемінің» биресми қырларын танытатын әзіл-қалжыңдары мен әжуалары, тауып айтқан ұтқыр сөздері жинақталған кітап бестселлерге айналып үлгерді.
Сталиннің өз аузынан айтылған әзіл-қалжыңдары аз емес екен. Оның үстіне бұрынғы-соңғы анекдотқа айналып кеткен әңгімелерді қосыңыз. Оқып отырып көп нәрсеге қанығасыз.
Бір үлкен жиынға шақырылған Сұлтанбек Қожановқа президиумда отырған И.Сталин:
– Төрлет, Түркістанның Шыңғысханы – дейді. Сонда Сұлтанбек іркілместен:
– Төрге грузиннің князі жайғасып қалған екен, маған осы орын да жетеді – деп алдыңғы қатардағы орынға отыра кеткен екен.
Сұлтанбектің Сталинмен сөз жарыстыруларының арасында осы мысал көп айтылады. Одан бөлек, Сұлтанбек пен Сталиннің арасындағы:
– Партиялық жұмысты жақсы меңгеру үшін, жолдас Ходжанов, сізге Москвада қалып, оқу керек – дейді. Сонда Сұлтанбек былай деген екен:
– Иосиф Виссарионович, мен мұғалімдер семинариясын бітіргенмін. Сіз діни семинарияны аяқтаған да жоқсыз ғой. Маған осы білімім де жетеді. Елге қызметке жіберіңіз, – дегені жиі айтылады.
Сталин Сұлтанбекті Түркістанда Жер істері халкомы кезінен жақсы білген. Тарихи құжаттар солай дейді. Архивтерде жер-су реформасына байланысты Жетісудағы орыс қоныстанушыларын жер аударуды шұғыл тоқтатып, есеп беруі үшін Сұлтанбекті Мәскеуге шақыртқан Сталиннің жеделхаты сақталған. Мәскеудегі үлкен жиындардың бірінде «Түркістанда жер-су реформасын іске асырғаныңды білеміз. Ал оны қалай іске асырғаныңды көрерміз» деп аңдатпа жасайтыны да жасырын емес.
Сұлтанбек Қожановтың архив қорларынан алынған құжаттарының арасында оның И.Сталинмен жеке байланыстарын айғақтайтын бірқатар құжаттардың түпнұсқалары табылды.
– Ғалым ретінде айтыңызшы, ұлттың болмыс-бітімінде асыл қасиеттер болды. Жаһандану заманында содан ажырап бара жатқандаймыз. Оның себебін түсіндіріп бере аласыз ба?
– Қасірет пен қасиет бір-бірімен үйлесе бермейтін кереғар ұғымдар. Дегенмен, мәселеге ұлттық сана болмысымен қарар болсақ, онда айтар ойымыз айқындала түседі.
Ғылымда жиі қолдана бермейтін, ұлттың даму бағдарына өзгеріс енгізуді айқындайтын этнодеформация деген ұғым бар. Оның мәні қандай да сыртқы күштердің ықпалымен ұлттық болмыстың жағымсыз өзгерістерге ұшырауы. Бұл жерде модернизация мен этнодеформация ұғымдарын шатастырмауымыз керек. Модернизация – қоғамды оң өзгерістерге бастайды да ұлттық жаңғыруға түрткі болады. Ал этнодеформация керісінше ұлтты дәстүрлі мәдени-рухани, әлеуметтік-экономикалық және саяси болмысынан ажыратып, эволюциялық даму бағдарын күтпегена апатты да азапты арнаға бұрады.
Дәстүрлі қазақ қоғамында осы кезге дейін орын алған қандай да болмасын ұлттық қайғы-қасіреттер осы этнодеформация құбылысының нәтижесі болып келді.
Айталық, қазақ қоғамының тәуелсіздігінен айрылып, патшалы Ресейдің боданына айналуы осы деформациялық үдеріске жол салып берді. Отарлық биліктің дәстүрлі қоғамды модернизациялауынан деформациялауы басым түсіп жатты. Оған қоғамдағы жер, тіл, дін, діл, саяси билік құндылықтарының күрделі өзгерістерге түскенін айтуға болады. Басқаны былай қойғанның өзінде 1822, 1824 жылдардағы Кіші жүз бен Орта жүздегі саяси билікті жою жөніндегі Жарлықтарды айтсақ болады. Бұл Жарлықтар қазақ қоғамының дәстүрлі саяси билік институттарын жойып, еуропалық үлгідегі және ең бастысы отарлық сипаттағы билік құрылымдарын қалыптастырды. Оның нәтижесі жылқы мінезді, асқақ рухты дархан қазақтың болмысын «ләпбай тақсыр» деп бас шұлғыған құлдық психологиямен алмастырды. Билікке - жемқорлық, саясатқа - екіжүзділік, адами қарым-қатынасқа – бақай есеп араласты.Ұлттың бойына сіңген осындай теріс қылықтар тірмізік келеді ғой. Абай ақын аяусыз сынағанотарлық билік пен құлдық санадан туған жағымсыз қасиеттер мен құлықтардан әлі күнге арылғанымыз жоқ.
– Бұдан арылудың жолы қандай?
– Әрине ұлттық кодтан нәр алу керек. Яғни заманға сай мыңжылдықтардан негіз алатын ұлттық болмыс-бітімді, қадір-қасиетті жаңғыртуымыз тиіс.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
31 мамыр 2020 ж. 1 940 0