№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Дәрігер Ришадтан дәру көргендер көп

Дәрігер Ришадтан дәру көргендер көп


Дәрігер мамандығының қыр-сырына қанығып, қиындығына қарамай сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Сол себепті әрбір дәрігер маман өзін адам өмірінің арашашысы екендігін сезінуі тиіс. Ал адамдардың жалпы саулығын қарап, сырқатын айнытпай табуда дәрігер терапевтің орны тіптен бөлек. Адам ағзасындағы өзгерістерді анықтай отырып, ары қарай тиесілі жерге жолдама беретін маманға жан-жақтылық қажет-ақ. Осы орайда аудандық аурухананың терапия бөлімінің меңгерушісі Ришад Жунусовты әңгімеге тартқан едік.


Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетін бітірген жас маман аудандық емха­наға жасөспірімдер дәрі­гері болып жұмысқа қабылданады. Үш жылдан соң аймақтық дәрігер болып тағайындалады. Аурухана басшылары 2011 жылы Ришадты аудандық аурухананың терапия бөлімінің меңгерушісі қызметіне лайық санайды. Сол уақыттан бері денсаулық сақшысының жеткен жетістіктері де жетерлік. Жақында ғана денсаулық сақтау министрінің атынан «Құрмет грамотасын» иемденді.
– Қатарластарым полиция, заңгер, есепші болуды армандап жүргенде мен ақ халатты абзал жан болуды қаладым. Мектеп қабырғасынан соң медицина мамандығы бойынша білімімді жалғадым. Қазірде осы салада оқып-тоқумен қатар, үнемі ізденісте келемін. Ең бастысы, өз мамандығыңды сүйе білуің керек. Әсіресе адам өміріне деген жауапкершілікті жүктейтін саланы таңдаған соң қате жібермеуге әруақытта тырысу керек, – дейді Ришад Сайпудинұлы.
Оның сөзінше, еңбек жолында кездескен бар қиындықты жеңген адам ғана өз саласының үздігі болмақ. Себебі тәжірибе жүзінде жинақталатын білім мен біліктіліктен, үнемі ізденістен тұратын бұл мамандық бар ынта ықыласыңды салып жұмыс жасауды талап етеді. Егер алдыңа келген науқасқа жаныңды салып қарамасаң, оның психологисын білуге зер салмасаң халық денсаулығын жақсарту жолында еткен еңбегің еш кетеді. Біз де өз саласының қыр-сырын жете меңгерген Рашид Сайпудинұлына мамандығының қиын да қызықты тұстарын сауал еттік.
– Өзіңіз таңдаған терапевт мамандығының қым-қиғаш күрделі тұстары бар ма?
– Бұл мамандық өте үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап етеді. Денсаулық – ең қымбат байлық. Саулығының кінаратына селсоқ қараған дәрігердің қателігін ешқандай адам кешірмейді. Терапевт неше түрлі жағдайларда жұмыс істейді. Ауа райының кез-келген қолайсыз жағдайларына қарамастан ақ халаттылар науқасқа дер кезінде ем жасап, жанына шипа болуына тура келеді. Күнделікті қабылдауда қаншама жұқпалы және қатерлі аурулармен тікелей қатынаста болады. Қауіпті тұсы осы болса да таңдаған мамандығыма еш өкінбеймін. Адам жанының арашашысы болғандықтан жылына екі үш рет Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына барып оқу курстарынан өтіп тұрамын.
– Ал жұмыс күніңіз қалай өтеді?
– Мамандығым өзіме қатты ұнайды. Өйткені ауырған адамдарды емдеу барысында оның айтқан алғысы жұмысқа деген құлшынысыңды одан сайын арттырады. Жұмыс күнім әдетте белгіленген кесте бойынша жүреді. Қосымша оқыған кардиология мамандығы да өз мойнымда болған соң жауапкершілікті екі есе сезінесің. Арасында шұғыл ауыр науқастарды қабылдаймыз. Ауыр жағдайдағы нау­қастарды және сауықтыру іс-шараларын қажет ететін жандарға барынша ем шараларын жоспарлы түрде жүргізуге ұжым болып атсалысамыз. Біздің жұмыс күніміз осындай қарбаласта болады.
– Дәрігер боламын деген адамда қандай қасиеттер болуы тиіс?
– Жалпы дәрігер мамандығын жүрегінде түгі бар адамдар таңдайды. Дәрігер мамандығын таңдаған адамда жанашырлық қасиет басым болуы керек. Қабылдау уақытым бітті деп алдыңа келген науқасқа қарамайтын болсаңыз сізден дұрыс дәрігер шығуы екіталай. Сонымен қатар науқастың ішкі-жан дүниесін түсініп, көңілін тауып, демеу бола білу де оған шипа болады. Демек, дәрігерге бұл дағды жұмыс тәжірибесі арқасында келетін қасиет. Сондай-ақ дәрігер психолог болуы қажет, өйткені ол сан қилы мінезді адамдармен жұмыс істейді. Одан әрі өз саласы бойынша ізденісті тоқтатпаған маман ғана білікті дәрігер бола алады.
– Осы мамандықты не үшін таңдадым екен деп те ренжіген кездеріңіз болды ма?
– Әрине болды. (күліп). Отбасыңа көптеп уақыт бөлгің келеді. Сол жағынан келгенде дәрігерлік мамандықты таңдағаныма өкініп қалған кездерім болды. Әсіресе мерекелік күндері жұмысымыз екі-үш есеге артып, жұмыс орнында қалып қоятын сәттеріміз де болған. Бірақ тағайындаған емнің нәтижесін көргенде, науқастың жағдайы жақсарғанда барлығын ұмытып кетесің.
– Бүгінгі адамдардың ден­саулығы туралы не айта аласыз?
– Қазіргі кезде аурулар жасарып барады. Мысалы бұрындары тек қарт кісілерде кездесетін ауру түрлері қазір жастарда да кездесіп жатыр. Семіздік, қан қысымының жоғарылауы, ас қорыту жүйесінің аурулары көп кездеседі. Нәтижесінде жүрек-қан тамыр ауруы асқынып саны күрт өсуде. Бұған себеп адамдардың салауатты өмір салтын ұстанбауы.
– Адам денсаулығы мықты болуы үшін не істеу қажет?
– Адам денсаулығы үшін ең маңыздысы — белсенді өмір салты. Екіншіден, зиянды әдеттерден аулақ болу. Спортпен айналысу және міндетті түрде ауырмаса да медициналық тексерулерден өту. Бір сөзбен айтқанда адам өз денсаулығына құрметпен қарауы қажет.
– Болашақта осы мамандықты таңдағысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?
– Осы мамандықты жүрек қалауымен сүйген жандардың шыдамды, төзімді болуларын тілеймін. Өйткені тоғыз жыл оқу деген оңай емес. Ең бастысы, шыдамды болсын, табанды болсын, алға мақсат қоя білсін. Алдыңа мақсат қоймасаң болмайды. Мақсат, армансыз адамның ісі өнбейді. Алдыңнан қандай қиыншылықтар шықса да бәріне төзіп бағу қажет. Біздер оқыған уақытта Қазақстаннан аса алмадық. Ал қазіргі жастардың шет ел асып оқуға мүмкіндігі бар. Кезінде сол шет мемлекетте жасалатын оталар қазіргі уақытта мықты мамандардың арқасында облыс орталықтарында жасалуда. Бұл да медицина саласында жеткен үлкен жетістігіміз деп білемін.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Лаура БИБАСАРОВА
21 қаңтар 2020 ж. 5 601 0