№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Шәмшия Шәкіртқызы: «Мені Абайдың рухы жебеп жүр»

Шәмшия Шәкіртқызы: «Мені Абайдың рухы жебеп жүр»


Көзі жұмылғанша қазағым деп өткен, кемеңгер ойшылдығымен кемел биігін белгілеп кеткен ұлы ақын Абайдан өрбіген текті ұрпақтың түйірі болса да тұрпатында ірілік бар, жасы жетпістен асса да жігері мұқалмаған, жанары ойлы, сөзі мығым Шәмшия Шәкіртқызын өзі тұратын Риддер қаласынан Жаңақорған жеріне жетелеген нендей себеп, нендей күш?

Асылдың сынығындай ардақты жанның ауылымызға ат басын бұруының мәнісі былай екен.
– Адамның адамға деген мейірімінен асқан құдырет жоқ. Жанына сырқаты батып дәрігер жағалаған жаңақорғандық ұстаз Шолпан Келденқызына Абайдың шөпшегімен Шымкент қаласында ұшырасуды тағдыр бұйыртыпты. Қалалық клиникадағы дәрігер тағайындаған еміне қоса осындағы құрбысының үйінде ұшырастырған мейман кісі – Шәмшия апайдың емшілігінің де көп дәреметін көреді. Белінен дерт ұстап, жүре алмай барған Шолпан осылайша отасыз-ақ сауығып, елге қуанышпен оралыпты. Апаның мекен-жайын жазып алып, содан бері туғанындай қатысып тұрады екен.
Риддер мен Жаңақорған арасын жалғаған осындай жақын сыйластық арасы үзілмей қызын ұзатып той жасаған Шолпанның шаңырағына артынып-тартынып Шәмшия апа да жетті. Сыры кетсе де сыны кетпеген. Басын қадірлегенді бауырындай көріп, елжіреп, еміреніп жетсе, өзін хан көтерген құштар көңілдердің жан жылуына бөленіп, шаттығы кемерінен тасып отыр. Өзіне, әрбір сөзіне құмарта ден қойған қайсыбірінің болмасын қаумалаған құпия құштарлығының астарында адамзат ойының алыбына деген асқақ ынтызарлық, Алатаудай құрмет жатыр. Соның таудай жауапкершілігін арқалаған көзі тірі тәбәрікке тың қуат, таусылмас төзім дарытатын осындай көп тілегінің күші, бәлкім. Әйтпесе ел, жер асып жолаушылаған жетпістен асқан қарияны жетектеп жүрген бір адам жоқ, бір Аллаға сиынып, сосын атасы Абайдың рухын арқаланып, арттағыға бір белгі қалдырсам деп қайраттанып жүрген апаның хиқметі де, хикаясы да аз емес екен. Соны өздеріңізбен бөліспекпіз, қадірлі оқырман.
– Әжеңіз Рабиға Әбдірахманқызы туралы нендей естеліктеріңіз бар? – деп сауал тастадық дүйсенбінің кешінде ел ақсақалы Әбдіхалық Әйтілеуовтың келіні Гүлнар жайған кең дастархан басында жиналып отырып.
– Әжем, яғни әкемнің анасы – Рабиға Әбдірахманқызы (Әбіш) өзінің тегі туралы ашық жария етуге де жасқанып өткен адам. Оны бала да болсам жүрегім сезетін. Өзі он екіде бір гүлі ашылмай ата-анасынан айрылған екен. Білесіңдер, отызыншы жылдардың зобалаңында көзі ашық зиялылардың барлығы қуғындалғанда Семей жері де осы сойқаннан сырт қалмады. Абайдың тұқымын да бордай тоздырған саясаттың зардабынан зар жылап жетім қалған жауқазын бір жамағайынды сағалап жүрген жерінен Жидебайға қонған сауда керуенінде жүрген атамыздың ол кезде жігіт кезі осы қызға көзі түседі. Қаракөзді өз қамқорлығына алмаққа үй егелеріне қолқа салып, өз үйіне, анасының қолына әкеліп тапсырып қыз он сегізге толғанша күтіп жүріп, содан соң некелеп, өзіне жар етіп алған екен. Сөйткен анамыз он үш құрсақ көтерген. Содан барлығы шетінеп, жалғыз ұл – менің әкем Шәкіртті маңдайға басып, өсіріп-жетілдіріпті.
Әжеміз өте зерек, өзі келісті, топта суырылып тақпақтап сөз айтып, өлең де шығаратын өнерлі кісі болған екен. Біреулер таң қалысса «әй, оның несі таң, өзім Абайдың тұқымы болсам, қара сөзден неге қаражаяу болуым керек?» дейді екен. Бұдан басқа кесіп айтар үкімімен, бөлекше болмыс-бітімімен ел арасында беделі бекем болған. Ол кісі өмірден озғанда мен алтыншы сыныпта оқып жүргенмін. Өзім орта мектептен соң Өскемен мемлекеттік пединститутының жаратылыстану факультетін тәмамдап, ұстаздықты таңдап, жоғары оқу орнынан соң тұрмыс жағдайына байланысты Риддер қаласында орта мектепке биология пәні мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Содан бері жарты ғасыр, ұстаздықтан әлі қол үзгенім жоқ. Мектеп басшылығын өтінішімен 73 жасқа келсем де жас ұрпақты тәрбиелеп келемін.
– Тамаша. Ол елге де сіздің қадіріңіз қымбат. Солай ма?
– Тәуелсіздік алғанға дейін өз тілімізді де тәрк ете жаздаған жағдай өтті бастан. Өскеменде екі пайыз ғана қазақтың даусы шықпауға айналған. Қазір міне қатарымыз артып, қазақылығымыз біртіндеп қанатын жайып келеді.
Ал өз тағдырыма келсем, жастық жалынымды «коммунизмнің жас құрылысшыларын» тәрбиелеуге арнаған жанмын. Отыз жеті жасымда ғайыптан дерт жамап, аяқ-қолым тартылып, жүруден қалып, дәрігерлер диагноз қоя алмай, емі дарымай, содан бір дін иесіне келіп дем салдырғанымда, сырқатымның сырын ашып, айығудың жолын айтты. Сол кісінің нұсқауымен Қатонқарағайға барып аурудан айықтым. Бойым жеңілдеп өзім де адам қарайтын болдым. Өлең жазатыным бар, бойым ауырласа қаламға жүгінсем кәдімгідей ішім босап қалады.
– Әжеңізден естігендеріңізден есіңізде бар ма?
– Есейе келе мен де ойлаймын, асылдың тұяғы – әжемнің жаны жараланып өтті. Жеңді сыбанып жақын-жуығын іздеу салып кіріссе әкем де әлеуетті жәрдемін берер еді. Білікті мал маманы, басшылық қызметте болды. Бірақ саясаттың кәрінен жасқанып қалған жалтақ көңіл Семейден 180 шақырым ғана жердегі Қарауылға аяқ басуға жігері жетпеді. «Енді қалған жалғызыма зияным тиіп жүрмесін» деп сақсынып, іштей сарғайып өткені неткен өкінішті.
– Өміріңізде жалғыз рет болсын Абай атаңыз түсіңізге еніп көрді ме?
– Бір ата кірді. Даусы құлағымда тұр. Маған Абайдың мұражайын ашуға пәрмен берді. Ол кісінің мұқым жәдігерлері туған жері – Жидебайдағы қараорында жасақталған. Ал мен Риддердің орталығынан музей ашсам деп жатпай-тұрмай еңбектеніп жүрмін. Шамамның келгені, қаражатымды жинап еңселі үш бөлмелі үй сатып алдым. Енді осы шаңырақта ұлағаттың ұшқынын ұрпақ бойына сіңірсем деймін. Өнерге құштар орыс балалары да көп, соларға ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, халықтық нақыштарды меңгертсем деймін. Өлеңге құмар талапты жастарға мектеп ашып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға және Абайды оқып тануға кішкентай да болса үлес қоссам деп едім.
Бұл талабымды әсіресе жер-жерді аралап, әдебиетті сүйген шәкірттерді тауып, бүкіл өмірін абайтануға арнаған атақты ұстаз Қанипа Бітібаева қатты қолдап, шын қуанған еді. Екеуміз қатар болғандықтан қанаттаса еңбек еттік. Мына жұмысыма риза болып, «әй мықтысың-ай, молодец» деп мақтағанының өзі маған күш беріп еді. Тағдырға не шара, туған жұртын өкінішке қалдырып өмірден озып кетті.
Үйдің бір бөлмесін музейге арнасам деймін. Онда қоятын жәдігерлер менде жетерлік. Абай атамыз жатқан төсегінің және жазу жазған үстелінің көшірмесі бар. Баяғыда Құнанбай келеді деп бір байдың жасатқан астауы қор болып малға жем беріп жүрген шаруаның қорасынан қолымызға тиді. Төрт қанатты киіз үйдің туырлығын тіктеп, тұскиізін өзім тіктім. Ішіндегі оюлары қиылысқан жерлерін келтіріп көп тер төгудемін. Кітаптарын Қарауылдағы музейдің басынан алып келмекпін. Қолдағы фотосуреттерді көбейтіп фотокөрме жасақтап едім. «Хабар» телеарнасы тілшілері келіп, сұхбат алып, көрмені түсіріп кетті. Осы жұмыстарым мемлекеттік деңгейде ескерілсе еңбектеріме келешек еге табылар деген сенімдемін, – дейді Шәмшия апа.
– Сіз неше ағайындысыз?
– Ата – анамыздан алтаумыз. Екі ұл, төрт қыз. Барлығы дін аман. Өсіп – өніп жатырмыз.
Әжеміздің тегін кісі емес, қазақтың маңдайына біткен дара тұлға екендігі менің есімнен бір кетпейді. Қазір жариялылықтың күні туды. Әжемнің іште кеткен арманын тірілтсем деймін. Оқушылардың осы демалысын пайдаланып Астанаға жүруге ниеттеніп отырмын. Бұл сапардың маған үлкен маңызы болып тұр. Жаздыгүні маған Семей мұражайының директоры Маржан қызым «Астанада Марияхан деген Абайдың немересінен тараған 80 жастағы ана бар екен. Сөйлестім» деп маған телефон нөмерін беріп еді Содан шалым өмірден өтіп, кідіріп қалдым да көңілдегі іс сәл кейінге қалып еді. Енді мен сол кісіні іздеп тапсам. Алла қосса дидарласып үлгерсем деген бір арманым бар.
– Әжеңізге өзіңіз көп жақын болыпсыз. Мұның сыры неде?
– Үйдің үлкені менмін. Сондықтан ол кісі естиярлау мені көп нәрсеге баулыды. Анам екеуі шеше мен қызындай өте тату тұрды. Ал іскерлікке баулуға келгенде келінінен гөрі мені қолайлап тұратын. Әжені біз жақта апа дейді. Апам өте ісмер кісі еді. Мені қол өнеріне баулыған сол кісі. Өзі бізге елтірі, тымақ, етіктің қонышынан аяқ киім тігіп беретін. Жіп иіріп қолғап, кеудеше тоқитын. Енді сол өнерді мен кейінгіге үйретсем деймін. Бірақ жастардан ықылас аз. Кешелі – бүгін ою түрлерін Шолпанға көрсетіп әлекпін. Бұл қызым өнерге қатты құмар. Бар білгенімді қалдырып кетсем деймін.
Арғынның Тобықты руынан шыққан апамның келген жері Найманның Терістаңбалысының ішіндегі Шүршейіті. Найман ата Төлегетай осы топырақта жатыр ғой. Басына барып тәу еттім. Келесі қыркүйекте үлкен ас берілмек екен. Дәм жазса келермін деген ниетім бар.
Ия, Абайды білмейтін қазақ жоқ. Ақын ар-абыройының аманатына адалдық өз алдына мына кең байтақ мекеннің қарыс қадамының «әр қазақ жалғызым» деп түйсінген жан үшін жаттығы жоқ. Тек ұзақ жолда серік болған купедегі сапарлас бауырының осы әдемі сеніміне селкеу түсіргені болмаса. Ол өзі он алты жасында тұрмысқа шыққан қиын тағдырдан көз ашпай келе жатқан жан екен, сонысын мұңая жеткізіп, бұл кісіден де жөн сұрайды ғой. Тек «Жаңақорғанға қызымның шақыртуымен келе жатырмын. Өзім Абайдың шөпшегі боламын» деп тереңнен толғаған апаны: «Абай деген не зат?» деп таң қылыпты. «Әй, айналайын Абай деген зат емес, Адамзат. Ақын. Қазақтың ұлы ақыны, халқына айтып кеткен 45 қара сөзі бар» деп таусылуға тура келіпті Абайды танымайтын қаракөзге.
– Жаңақорған топырағынан не сыр түйдіңіз?
– Бірінші рет келіп отырмын. «Қобыланды жырында» бар «Қорасанға қой айтып» деген киелі бабалар мәңгілік қоныс тепкен жер екен. Ести сала тағатым таусылып зиярат етуге асықтым. Қызымның жолдасы мың болғыр жан екен, айтқызбай ұғып, бар жағдайымды жасады. Баба басындағы мұздай құдық суын ішкенде жып-жылы жанға жайлы шипасын шын сезініп, құр атқа мінгендей жеңілдеп қалдым.
Орталықтағы №3 мектеп-интернаты шәкірттерімен кездесіп, балалардың Абай өлеңдерін жатқа оқыған өнерлеріне куә болдым. Абай әндерін ұстаздар да бірге шырқады. Олар менің суреттегі Әбіш атама қатты ұқсайтынымды айтты. Осы жайлардың барлығы менің көңілімді қатты толқытты. Оның үстіне марқұм шалымды еске алдымба-ау. Бес қызым, бәрі өзді – өзімен, үйлі – баранды. Жалғызбын демеймін, артымда жаным сүйген қалың қазағым тұр. Қазақ аман тұрғанда Абай да мәңгі тірі! – деп әңгімесін тәмәмдады Шәмшия апа.

ТҮЙІН: Біз тәбәрік тұлғамен қимай-қимай қоштастық. Ұлы ақынның шексіздікке созылған ғұмырын жалғайтын қалың қазағынан басқа өз қанынан тараған жалғасының өзімізбен қатар жер басып жүргенінің өзі қандай қуаныш.

Баян ҮСЕЙІНОВА
30 қазан 2019 ж. 3 087 0