№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Абайдың шөпшегі Жаңақорғанда жүр

Абайдың шөпшегі Жаңақорғанда жүр


Ләззат Нәлібаева басшылық ететін №3 мектеп-интернаты рухани-мәдени маңызды шараларға ұйытқы болып жүргеніне талай рет куә болдық. Сондай шараның бірі – Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында өрбіді. Нақтысын айтқанда, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы Абай Құнанбайұлының шөпшегімен кездесу өтті. Риддер қаласынан арнайы келген Шәмшия Шәкіртқызының қатысуымен «Абай тағылымы – халық даналығы» атты әдеби-сазды кешінен рухтандық.


Шәмшия апамыздың шығыстан Сырға келуіне интернаттың ұстазы Шолпан Маханбетова апай дәнекер болыпты. Өнерлі өрендердің дана Абай жайлы шағын көрінісінен басталған кеш мазмұнға толы тәлімімен есте қалды. Ибраһимнің балалық шағынан бастап, қалыптасқан тұлғалық кезеңіне дейін сахналанған кеште оқушылардың ұлы ойшылға деген құрметін байқадық. Расында Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы. Ақынның мол мұрасы ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра берері сөзсіз. Оның айқын дәлелі, «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» деп Абай айтқандай, №3 мектеп-интернатта да талай талантты жас өрендер түрлі додаларда топ жарып жүр. Солардың бірі сахна төріне ұлы ақынның кез келген өлеңінен оқылған үзіндіні жалғастыра кетіп, Абай өлеңіне деген өзіндік ілтипатын білдірген Ақниет есімді озат оқушы. Ақниет Жеткергенова жетінші сынып оқушысы. Ол Абай атасының алпыстан астам өлеңін жатқа оқиды. Онысын дәлелдемекке шара жүргізушілері Дәулетқазы мен Еркежан көп алдында ақынның шығармаларынан үзінді оқыды. Ал Ақниет еш саспастан жалғастырып отырды. Дана Абайға деген құрметіне дән риза болған ақынның шөпшегі Шәмшшия Шәкіртқызы Ақниетке ақ батасын беріп, самайынан сүйді.
Соңыра шараға қатысушы шәкірттер бірінен соң, бірі ұлы ақынның өлеңдерінен шашу шашты. Ал білім ордасының басшысы Ләззат Машбекқызы мен Дариха Әсілханқызы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін жанды дауысты орындағаны сол еді, барлық оқушылар мен ұстаздар қауымы да қосыла кетті. Шыны керек, мұндай ықыласты күтпеген Шәмшия Шәкіртқызы мектеп ұжымына алғаусыз алғысын білдірді.
– «Ауылына қарап азаматын таны» демекші, бір кездері сіздердің жерлестеріңіз, біздің Шығыс Қазақстан облысының әкімі болған Бердібек Машбекұлының ақкөңіл адамгершілік қасиетін туған жер топырағынан алған тәлімі деп білемін. Әріптестеріңіз Шолпанның шынайы шақыртуымен Риддер қаласынан Жаңақорған даласына келдік. Абай атамыздың жиен шөпшегі ретінде Сыр жұртына алғысым шексіз. Әсіресе, осы білім ошағына рахмет. Келесі жылы Абайдың 175 жылдығы аясында Өскеменде республикалық кең ауқымды шаралар өтеді. Мен сіздерді және ақынның өлеңдерін жатқа оқыған Ақниет есімді оқушыны қонақ болуға шақырамын, – деді Шәмшия Шәкіртқызы.
Сондай-ақ ол бабадан дарыған қасиет болуы керек деп, өзінің алтыншы сыныптан оныншы сыныпқа дейін өлең жазғанын тілге тиек етті. Оған қоса, ең басты арманын айтты. Сәтін салса, Риддер қаласынан үш бөлмелі үйге қол жеткізіп, бір бөлмесін Абайдың атындағы әдеби әдістемелік кабинет жасағысы келетінін жеткізді. Себебі, өзі тұратын аумақта қазақ тілінің мерейін арттырып, жас өрендерге шығарма, мазмұндама жазудың қыр-сырын үйретпек ойы бар екенін жасырмады.
Мұнан кейін микрофонды қолға алған директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Сабырханқызы барша қазақ баласы Абайды тануға һәм мақтануға тиіс екенін тілге тиек етті. Әрі мектепішілік үрдісін үлгі етті. Интернаттың жоғары сынып оқушылары жыл сайын міндетті түрде «Абай жолы» роман-эпопеясын түгел оқып шығып, түсініктерін дөңгелек үстел басында талқылайды. Сондай-ақ мектеп-интернаттың Ұлболсын есімді түлегі Абай оқуларынан республика жеңімпазы атанып, аудан абыройын асқақтатқанын еске түсірді.
Келесі кезекте аудандық білім бөлімінің әдіскері, тіл жанашыры Дариха Айдарова бұл күнді тарихи сәтке теңеді. Себебі, Ұлы Абайдың ұрпағымен ұшырасу – үлкен қайталанбас оқиға екенін жеткізді. Жасы жетпіс үшке келсе де, жаңақорғандық ұстаздың өтінішін құп көріп, кездесуге келгеніне аудандық білім бөлімі атынан рахметін айтты. Абайдың даналығы мен даралығы әрбір қазаққа үлгі екенін жеткізген Дариха Әсілханқызы сөз соңында ақынның «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты өлеңін қатысушылармен бірге хормен айтып берді.
Осылайша мектеп-интернаттың пән мұғалімі Мөлдір Баймаханова ұйымдастырған әдеби-сазды кеш жоғары деңгейде өз мәресіне жетті. Жалпы шараның өтуіне себепкер болған Шолпан Маханбетованың бойынан дана Абайға деген ұрпағының құрметін көрдік.

Әбдісамат ӘБДІШ
26 қазан 2019 ж. 1 129 0