№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҰСТАНЫМЫ БИІК ҰСТАЗ

ҰСТАНЫМЫ БИІК ҰСТАЗ

   Білім жолы қашан да бәсекеге бастайды. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана жетістікке жете алады. Міне, осындай ұлағатты ұстаздың бірі – Шолпан Құлмұратова. Мамандығына жан-тәнімен беріліп, жүрек жылылығын, адамгершілік ұлылығын шәкірттеріне дарыта білген парасатты педагог Еңбек елдімекеніндегі №242 негізгі мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс жасайды.
Еңбек жолын 1981 жылы Сунақата ауылындағы №194 орта мектептен бастаған ұлағатты ұстаз бүгінде ізінен ерген жастарға 37 жылдық тәжірибесін бөлісуден аянған емес.


   Қашанда аудандық, облыстық деңгейдегі коучинг пен семинар-тренингтерге қатысып, тың тәсілін ауылдағы әріптестеріне үйретеді. Әрі өзі де заман ағымына ілесіп, білім, біліктілігін жетілдіруді ұмытпады. Республикалық деңгейлік оқыту курсынан қалмай, заманауи әдістемелерді меңгеріп, қажетіне жаратады. Қолы қалт еткенде компьютерге отырып, интернет арқылы ғылыми сайыстарға да сабағын жібереді. Осындай ізденімпаздық қабілетті – оқушылардың озат ойлы һәм зерек болып қалыптасуына даңғыл жол ашты. «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап» деп дана Абай айтпақшы, Шолпан Әнуарбекқызының бастауышта негізін қалаған шәкірттері биік шыңдарды бағындыруда. Олардың қатарында; Ахметқали Құлпынай, Өтебек Нұрай, Русланқызы Айсана, Балабек Ғалым, Қалдыбай Мереке, Мәдібек Жандарбек, Ахметқалы Гүлімай сынды білімпаз оқушылар аудандық, облыстық білім бәйгелерінде оза шауып, ұстаз мерейін үстем етіп жүр. Тағы бір айта кетерлігі, «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, Шолпан апайдың тәрбиелеген шәкірттері бүгінде өзімен әріптес. Ол – Арман Кенжаев пен Гүлбану Ерсінова. Қос шәкірттен ұстазы жайлы пікірін білдік.
– Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұлағатты ұстаз Шолпан апайымыз қырық жылға жуық еңбек жолында шәкірттерінің сапалы білім алып, зиятркерлік қырының ашылуы мол мүмкіндік туғызды. Әлі де болса, біз Шолпан Әнуарбекқызының тың әдістемелік жұмыстарын үйренуден жалыққан емеспіз. Өйткені, бүгінгідей бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін – ойы жүйрік, тез шешім қабылдайтын алғыр шәкірттерді дайындауда бастауыш сыныптың орны бөлек. Сондықтанда үнемі Шолпан апайдың қалыптасқан тәжірибесін өзімізге үлгі етіп жүреміз, – дейді шәкірті Гүлбану Ерсінова.
Мектептен тыс қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып жүретін Шолпан Құлмұратованың ұйымдастырушылық һәм іскерлік қабілеті тағы бар. 2010 жылы №242 негізгі орта мектеп ашылғанда облыс әкімінің алдында дәріс өткізу бақыты бұйырған. Одан бөлек, «Рухани жаңғыру – ұлт болашағы» атты өнер байқауында данышпан ананың рөлін сомдап, көрерменнің көзайымына айналды. Өткен жылы халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында аудан әкімінің қатысуымен өрбіген форумда сөз сөйлеп, ұрпақ тәрбиесі тақырыбында тұщымды ой қозғаған.
– Елімізде әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің маңызды мәселелеріне белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан біздің елде әйелдің саяси һәм қоғамдық белсенділігіне айрықша көңіл бөлініп, белсенді де іскер, білімді де білікті қыз-келіншектерге даңғыл жол ашылған. Бұл жөнінде Елбасы: «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деген болатын. Яғни, қазіргі таңда қоғамның әрбір бөлігіндегі қызметте – көшбасшы, жұмыста – жігерлі жандарсыз елестету мүмкін емес. Сол үшін әрбір жан өз саласының майталман маманына айналса, мемлекетімізде қарыштап дами түсері айқын, – дейді Шолпан Құлмұратова.
Түйіндей айтқанда, бүгінгі жас ұрпақтың ата-баба өсиеттерін бойына сіңіріп, салт-дәстүрін дәріптеп, ел қамын ойлайтын бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыруда ұстаздардың орны айрықша. Осыдан-ақ ұстаз бен мектептің болашақ ұрпақ үшін қаншалықты құнды екенін аңғаруға болады. Ұстаз еңбегі қашанда өлшеусіз. Еңбектің еленгені де бір абыройы. Бұл тұрғыда Шолпан Әнуарбекқызы аудан әкімі мен аудандық білім бөлімінің марапатына лайықты деп танылып, «Алғыс хатқа» ие болған. Негізінде марапатқа қызықпайтын біздің кейіпкердің басты ұстанымы: артымда «Шолпан апайдың шәкірттері» деген сөз қалса жеткілікті дейді.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.

09 қаңтар 2019 ж. 1 328 0