№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Әдептілік – әкеден

Әдептілік – әкеден


Әкең келе жатыр! Бала-шағамызға ең ықпалды ескертуіміз осындай еді. Қазір қандаймыз?
Бірде балабақшаға баратын немеремнің ашық тәрбие сағатына қатыстым. Бүлдіршіндер ата-әже, әке-ана жайында тақпақтарын жарыса айтып жиналған көпшілікті бір марқайтып, көңілдеріне қуаныш нұрын себеледі.


Атам қазақ бала бойынан жақсы я жаман қасиеттерін байқаса, «тегіне тартқан» деп жатады. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы кісі» деп ер адамның берген тәрбиесін сөз еткен. Өйткені әке мен атаның балаға қалдырған ең асыл мұрасы – оның берген тәрбиесі.
Алты ұл-қызыма да әкені сыйлауды, қадірлеп-құрметтеуді бойларына сіңіріп, соған тәрбиеледім. Содан болар, әкелерінің жүзінен мейірім нұры төгіліп тұрғанымен, қас-қабағына қарап бәрін түсіне қоятын. Айдекең балаларына ешқандай ауыр сөз айтпай-ақ, ұрсып, жекімей-ақ өнегелі сөзімен, тәрбиелік ісімен балаларының ғана емес, ағайынның, елдің жүрегінен орын алды. Сондықтан ұрпағының әкеге деген құрметі ерекше болды. Қасиетті Құранда «Еркектерді биік қылып жараттық. Әйел еркекпен таласпасын. Олар несібесіне қанағат қылсын» деген екен. Сол себепті отағасының беделінің жоғары болуы жолында тырысып бақтым. Ерін сыйламаған әйел отбасында өсіп келе жатқан ұл мен қыздың болашағына кері әсерін тигізуі мүмкін. Яғни әйел адам қанша жерден ақылды не болмаса қызмет дәрежесі одан жоғары болса да балаларының болашағы үшін ерінің алдында иіліп тұруы керек.
Біздің уақытта кез келген отбасында әке рөлі ерекше еді. Өйткені ол отбасының асыраушысы,тірегі, қамқоршысы болды. Ол кездегі балалар әкенің мінез-құлқына қарап бой түзеді, үлгі-өнеге алды. Осыдан дұрыс тәрбие ала алған бала қоғамға пайдасын тигізетін азамат болып өсетіні ақиқат. Осы жолда менің асыл жарым, елінің арда азаматы, бала-шағасының тәртіпті болып өсуі мен үй ішінің жайлы өмір сүруі үшін тіршіліктің күйбеңімен арпалыса жүре еңбек етті.
Балаларым мен немерелерім, ағайын туыс үшін ерімнің есімі үлкен үй, қара шаңырақ деген сияқты қасиетті ұғымдармен құрметті болды. Ол басшылық жасаған жылдары үйге келіп дәм ауыз тимеген кісі қалмады. Таңнан таңды жалғап әңгіме дүкен құратын күндер де болған. Сонда бір қабақ шытып, жақтырмау, ұнатпау деген нәрсе менде болмапты. Балаларым мен келіндеріме де осыны үйретттім. Менің қонақжайлылығыма Айдекең өзі риза болып кетті ғой.
Айдекең қашанда ұл-қыздарына оқып, білім алу жолында өздерің еңбектеніңдер, тапқан табыстарың адалынан болсын, бар болса тасымай, жоқ болса жасымауға, қолда бар қаржысын бей-берекет шашпай, орнымен жаратуды үнемі айтып отыратын. Осы айтылған мәселеде өзі үлгі бола білді.
Біздер баланы қазіргідей әке - сенің досың деп емес, әке - сен бас иер тұлға деп қазақи ұғымды құлағына құйып өсірдік. Себебі біздерді кішкентайымызда шешеміз солай тәрбиеледі. Бала кездерінен бастап ойынға кетсе де әкең жіберсе барасың деп әке орнын айтып отырдым. Мұны менің замандастарым жоққа шығармас.
Айта берсең таусылып бітпейтін әке орны, беделі, тәрбиесі бір Айдекеңнің бойынан табылып жататын. Біздер айқай-шу түгілі ұрысуды да білмеппіз. Балалары әкесі дастархан басына отырмай дәмнен ауыз тимейтін. Ағайын, туыс, басқа да адамдар арасында қашанда беделі биік болған Айдархан шешілмес дауды шешіп, араздасқанды татуластырып, бір сөзге тоқтата білген жан еді. Амал не, өзі өмірде болмаса да қаламынан туған туындылары артында қалған ұрпақтарына үлгі, өнеге, мұра болып қалды.
Осы орайда қазіргі әкелер неге өзгерді? Аталар мен әкелер бойынан бұрынғы әкелер бойындағыдай ірілік неге байқалмайды? деген сұрақ туындайды.
Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Әйел ер адам орнын басып, басшылық қызметке дейін көтеріліп, ақшаны көп тауып жатыр. Ал ер азамат болса бар жұмысты істеп, жоқ болса жатыпішер болды. Сондықтан ер азамат деген атқа сын да тағылу үстінде. Отбасында да көбінесе мәселелерді әйел адам шешуде. Осы тәрбиені көріп өскен ұл мен қыз әке беделін қайдан білсін?!.
Олай болса әке рөлін қайта қалыптастыру үшін не істеу керек? Ол үшін әкелер қоғамдағы өз орындарын қайта иеленуі керек. Балабақшада, мектепте болсын әкеге құрмет жайында тағылымды шараны арттыру қажет. Соңғы ойым, бала бойындағы ұлттық тәрбиенің қалыптасуы жолында әкелер мектебі жұмыс жасап, газет-журнал беттерінде әке беделі жайында тәлім-тәрбие аларлықтай мақалалар көптеп жазылса.
Түйін. Шаңырақтың тірегі бола алатын білімді, іскер, намысшыл ер азаматтар көбейгенде ғана келешегіміз кемел болмақ. Себебі «Ері жоқ елдің күні қараң» деген сөз бүгінгі күні үлкен маңызға ие болып отыр.

Марфуға Керейбаева,
Айдархан Бибасарұлының жары.










03 тамыз 2019 ж. 1 204 0