№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » УАҚЫТТЫ ҰТЫМДЫ ПАЙДАЛАНАЙЫҚ

УАҚЫТТЫ ҰТЫМДЫ ПАЙДАЛАНАЙЫҚ

Бұрындары ата-баба әдебімен біреумен амандасқанда жүзінен мейірім, сөзінен жылылық төгіліп тұратын еді. Мал-басы, тума-туыстың аман-есендігін сұрасып, құшақтасып, төс қағысып бауырмалдығын білдіретін. Сондайда бір жадырап, алға қарап талпынып қалатынбыз. Ал, қазір «кішіден ізет, үлкенге құрмет» деген қастерлі ұғымды жоғалтып алғандаймыз. Менің айтпағым бүгінде әр нәрсенің қадірін кетіріп алып жатқандай көрінеміз. Соның салдарынан уақытты да ысырап етіп жатқанымыз жасырын емес. Амандасу арқылы тәрбиені, тәрбие арқылы уақыттың тиімділігін түсіне білуден қалдық...

Соңғы кездері төл басылымда той мәдениеті жайында көтеруде. Оның ішінде, тойдың уақытылы басталмауы шын мәнінде біздің аудандағы бас ауыртатын жағдай. Расында, «той десе қу басы домалайтын» қазақтың думансыз күні жоқ. Әрине, той халықтың қазынасы, қызықшылығымыз таусылмасын дейміз. Десе де, барлығына уақытты ұтымды пайдалана білгеніміз жөн. Ол үшін тәртіп керек. Бауыржан Момышұлының «тәртіпке бағынған құл болмайды» деген нақылының астарында үлкен тағылым жатыр. Сондықтан, той болсын, жиын болсын, барлығына уақытты үнемдей білейік.
Ал, той-томалаққа уақытылы бармаған адам бармай-ақ қойғаны дұрыс қой! Егер адам өзі-өзі қадірлесе уақыттың да салмағын түсінер еді. «Судың да сұрауы бар» демекші, ертең уақыттың да есебін алатын кез келеді. Сол кезде өз-өзімізді жазғырып жүрмейік. Сондықтан, осы бастан өз-өзімізге есеп беріп үйренейік. Ол үшін біреуге ақыл айтпас бұрын өзіміз тәртіпке келіп алуымыз қажет.
«Уақыт тас екеш тасты да тоздырады» деп бекер айтылмаған. Сондықтан, әрбір сәтіміздің қадірін біліп, уақытты пайдалы істерге арнаған дұрыс. Себебі, қазір бәсекенің заманы. Әлем күн санап өзгеріп, жыл сайын жаңарып келеді. Біздің ұрпақ сол көштен қалып кетпеуі керек. Сонда ғана озық елдердің отыздығына ене аламыз. Ол үшін бабадан мирас болып келе жатқан құндылықтарды жаңғыртып отыруымыз тиіс.
ХХІ ғасыр – білімнің алтын ғасыры. Білімі озық елдің ертеңі еңселі, келешегі кемел, болашағы баянды болады. Түптеп келгенде осының астарында уақыттың көші жатыр. Міне, біз жас ұрпаққа осыны үйреткеніміз жөн. Асыл дінімізде де уақытқа қатты көңіл бөлінеді. «Ең ізгі амал қандай?» – деп сұраған кісіге, «Уақытында оқылған намаз» делінген.
Адамның әрбір күні, әрбір сағаты мақсатсыз өтпеуі керек. Өмірдегі әрбір уақытын, өз бойындағы қайрат-жігерін, ақыл-ойын өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға жұмсап, қалтықсыз еңбек етуге жұмсауы керек. «Көктемнің бір күні – жылға азық», – дейді дана қазақ. Сондықтан, зымырай шапқан асаудың мойнындағы арқандай шұбатылып, ол тез өтіп кетпек, оны өз тұсыңнан өте бергенде бас салмасаң, өтіп кеткеннен кейін қусаң да жете алмайсың. Уақыт зымырап өтіп жатыр. Ол ешқашан тоқтап тұрмақ емес. Бір данышпанның мынандай бір қанатты сөзі бар: «Кешегі күн өтіп кетті. Ертеңгі күн белгісіз. Сондықтан бүгінгі күннің құны мен қадірін біл». Расында да, біз өтіп жатқан уақыттың құнын біле бермейміз.
Уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Өйткені уақытты біз қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Уақыттың өлшемі – Ұлы Жаратушының қалау еркіндегі мәселе. Сондықтан, той болсын, басқа да мәселелер болсын уақытты тиімді пайдалана білген абзал. Себебі, уақыт қайта айналып келмейді...

Әбіл Сейданов,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.

13 ақпан 2019 ж. 996 0