№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «ҚОШҚАР МҮЙІЗ» –қазақылықтың қастерлі символы

«ҚОШҚАР МҮЙІЗ» –қазақылықтың қастерлі символы


Ұлы Дала елінде ұлы өркениеттердің болғаны тарихтан мәлім. Сол өркениеттің өріс алып, кең қанат жаюына сүбелі үлес қосқан өнердің түрі – сәндік қолданбалы қолөнері екендігі айқын. Бұл атадан балаға даритын дара қасиет. «Ою ойғанның ойы артық», «Ісмердің қолы артық» деген мақалдан ісмерлердің ел өміріндегі маңызын байқауға болады. Жалпы, ою-өрнек – ұлттық өнердің ең көнесі, әрі кең тараған түрі һәм мәдени шежіресі. Бүгінде оюдың 230-ға жуық атауы белгілі. Сол атауларды таныстырып қана қоймай оны қолөнер, сурет, сәулет өнері және өндіріс салаларына қолданғанда қандай мән-мағына беретінін түсіндіруді міндет еттік.


Зерттеушілер қазақтың ою-өрнегінің бастауларын қола дәуіріне жатқызады. Оған дәлел осы дәуірге тиесілі бұйымдардың Қазақстан аумағынан көптеп табылуы. Айта кететіні, осы уақытта қыштан, сүйектен, қоладан жасалған бұйымдар шаршы, үшбұрыш және әртүрлі геометриялық пішінде әшекейленген. Осыдан ою-өрнектің ақыл-ойдың толқуымен, өзін айнала қоршаған ортадан туған бейнелер екенін аңғаруға болады. Жан-жануардың, гүлдің, жапырақтың бейнелері нақты сол қалпында берілмей, белгілі бір бейнедегі ою-өрнекке айналып, қолдану аясына дейін шарықтаған.
Қолымызға тиген «Мәңгілік өнер: ою-өрнек тарихы» атты кітапта ертеректегі адамдар күншуақ немесе шұғыла бейнесіндегі бойтұмарларды денсаулық, бақыт және амандық әкеледі, иесін жаман көзден қорғайды деп есептеген. Одан бері көшпелі заманда түркі халықтары қасқырға ерекше құрметпен қарады. Өйткені өз сүтімен он баланы, одан рубасыларын емізген қасқыр осылайша құрметтеліп, байрақтарында бейнеленді. Ғұндар болса аққуды ерекше құсқа бағалап, өлтіруге тыйым салса, жылқыны құдіретті және билік әкелетін патшалық жануары деп саналған.
Байлық пен саулық символы ретінде қойды дәріптеу қазақ халқында ерекше сақталған. Оның ішінде «қошқар мүйіз» өрнегі қазақ ою-өрнегі ішінде ең көп қолданыста болғанын айта кеткен жөн. Аталмыш оюмен бұйымдарын, үйлерін өрнектеген отбасылар әлеуметтік жағдайы жағынан бақуаттылар санатына жатады деп есептелген. Сондай-ақ ата-бабаларымыз ою-өрнек арқылы адамның қай ру немесе қай жүзден екенін білген.
Қазақ халқының сәндік қолданбалы өнерінде ою-өрнектің орны ерекше болған. Барлық жасалған қолөнер заттарын табиғатпен байланыстырып ою-өрнектермен безендірген. Киіз, мата кілемдер, ағаш және зергерлік бұйымдарда алуан түрлі ою түрлері көрініс тапқан. Сонымен қатар оюларды пайдаланарда түстер де маңызды рөл атқарады. Ашық түстер қуанышты көңіл күйді, саулықты, бозғылт түстер болса көңілсіздік пен абыржуды білдірген.
Қазақстан аумағында көбінесе «қош­қармүйіз» қолөнер шығармалары кең қолданыста болды. Өйткені бұл өрнек түрі сонау андроновтар мәдениетінен бері белгілі.Одан бері ою-өрнектің негізгі дамыған кезеңі сақ, ғұн, үйсін тайпаларының уақыты. Бұған Есік қаласынан табылған «Алтын адамды» жатқызуға болады. Осыдан-ақ сән-салтанатпен нағыз көрнекі нақышта бейнеленген бұйымдарға қарап мәдениеттің қарыштай түскенін байқайсың. Сақ заманында әшекей-бұйымдарға мән берілсе, VI ғасырдан бастап ғимараттар ою-өрнекпен әсемделе бастады. Оған Тараз моншасын, Отырар, Сауран, Сығанақ сынды қазақ ұлттық ою-өрнегінің қолтаңбасы қалған тарихи орындарды жатқызуға боады. Мысалы, Тараз моншасында «кереге» өрнегі Айша бибі кесенесінде геометриялық жағынан дами түскен. Бұл мәліметтер қазақ ұлттық ою-өрнегін зерттеуші Ұлжарқын Әбдіғапбарованың еңбегінде кеңінен жазылған.
Біз ою-өрнектің қашан, қалай, қайда пайда болғанына, шығу тарихына, қолданысына тоқталып азды-көпті мәлімет бердік. «Қазақтың ұлттық ою-өрнектері» атты туындыда ұмытыла бастаған екі жүзден астам ою түрлері төмендегіше түсіндіріледі.
Қошқармүйіз – неше түрлі формаға еніп, қазақы бұйымдарда кездеседі. Әсіресе киіз жасауларының барлық түрінде қолданылады. Мәселен текеметтің ортасына осы ою түрі түссе, шетіне «тұмар», «шаршы» деген сияқты ою түрі салынады.Бұл туған жер отар-отар қойға толсын деген мағынаны білдірсе керекті.
Омыртқа – бұл да мал шаруашылығымен байланысты ою түрі. Ол қайраттылықтың, ерліктің белгісі саналған. Көбінесе батырлардың киімінде бейнеленген.
«Тасбақа» оюы – мәңгіліктің символы. Бұл ою ханның, батырдың киімі мен қалқандарында бейнеленген. Онысы мәңгілік өмір мен бақыт дегенді білдірген.
«Бауырсақ» өрнегі – кейде ботакөз деп те аталады. Аталуы екі түрлі болғанымен бір мағынаны білдіреді. Қазақтың ұғымында нан киелі де қасиетті ас саналғандықтан аяққа басуға болмайды деп тек бас киімдерде бейнеленген екен.
Үй жануарларына байланысты «ашатұяқ», «атбас», «түйетабан», «түйемойын», «ботакөз», егіншілікке байланысты «су», «ирек», «арық», «тасқын», «арпагүл», ал құрал-жабдыққа байланысты «балға», «орақ», «тырнауыш» деген сияқты өрнек түрлері болған.
Ғасырлар бойы қалыптасқан мұраның бүгінгі күнге жетуіне халық шеберлерінің қосқан үлесі зор. Шеберлер қолынан шыққан көз тартарлық өнер туындыларының эстетикалық маңызы мен тәрбиелік мәні ерекше. Осы орайда аудан қолөнершілерінің ішінде тың туындыларымен ерекшеленетін суретші Ұлмекен Мауытованың ойын білдік. Ол:
– Менің түсінігімде ою — өрнек дегеніміз – дәлдік, есеп, теңдік, теңеу, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, сәйкестік, тазалық, нәзіктік, сүйкімділік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ойлылық, ақылдылық, зеректік, көңіл — күйдің жақсылылығы. Шабыт береді. Ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Тәрбиелейді. Өйткені, бұл - өнердің бастау – бұлағы, – дейді қолөнер шебері.
Қазақ ою-өрнегін әлемге танытып, талдау жасап, бір жүйеге топтастыруда этнограф, тарихшы, әдебиетші, өнертанушы ғалымдарымыздың да еңбегі орасан. Олар Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, Х.Арғынбаев, Ө.Жәнібеков, Б.Тұяқбаева, Б.Әлмұхамбетов, Б.Ибраев, Ұ.Әбдіғаппарова.Сонымен қатар ою-өрнекті зерттеп, тарих беттерінде жазып қалдыруда шет ел ғалымдарының да орны ерекше. Олардың ішінде В.Стасов, Г.Потанин, П.Паласс, И.Георги, А.Гейнес, С.Дудин, және т.б. айтуға болады.
Өрнектер бір-бірімен қабысып, үйлесіп тұрмаса, ою өзінің сәнін, сұлулығын, үйлесімін тіпті мазмұнын жоғалтуы мүмкін. Қазақ халқының қолөнерінде кеңінен пайдаланылатын ою-өрнектер мазмұны, тәрбиелік мәні жағынан басқа ұлт мәдениетінен ерекшеленіп тұратыны да осыдан.

Лаура БИБАСАРОВА
27 шілде 2019 ж. 12 304 0