№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ою-өрнек – рух өлшемі

Ою-өрнек – рух өлшемі

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық жаңғырту жолын ұсынып, өз-өзіңді танудың маңыздылығын түсіндірді. Ұлтты танудың бірден-бір жолы қолданбалы өнер түрлерінде жатқаны анық. Осы ретте, ұлттық таным-түсінікті бедерлейтін ою өнерінің тағылымын көпшілікке насихаттап жүрген Ақтоты Сағымбайды мақалаға арқау етпекпіз.

Инстаграм әлеуметттік желісіндегі Kurak_baikenzhe001 парақшасын аша қалсаң, постқа салынған әрбір бұйымға еріксіз тәнті боласың. Бір-бірімен үйлесе иіліп, түс-түсімен өрнектеліп, мата бетіне түскен оюлар мен көрпешедегі құрақтарды көріп, қазақтың ою-өрнегіне таңқаласыз, тамсанасыз. Бұл менің емес, Ақтотының жауһар өнеріне құштар, жүрегі қазақы руханият деп соғатындардың сөзі. Шебердің қолынан туған асыл бұйымдарға жаңақорғандықтардан бұрын, Ақтау, Қызылорда, Семей сынды қала тұрғындырының сұранысы жоғары. Екі баланың бабын жасап, отағасы Нұрғисаның қас-қабағын тауып, күйбең тірліктен қолы қалт етсе сүйікті ісімен айналысатын өнерлі жанның шығармашылық ізденісінен туындаған ою-өрнектің де, құрақтың да түр-түрін көресіз. Өз жұрты әлі күнге дейін қазақы киіз басып, текемет тоқыса, нағашы жұрты тігіншілік өнерден ырысын ажыратқан шеберлер екен. Бәрінен бұрын, Жаңақорғанда қолөнерін жетік меңгерген анасы Айманды білмейтін адам кемде-кем. Осыдан-ақ Ақтотының қолөнерге жастайынан машықтанғанын, анасынан үлгі-өнеге алғанын білуге болады. Яғни, оның бойына бұл қасиет текпен дарыған.
– Менің мақсатым – халық арасында ұмыт бола бастаған ою-өрнектің түрлерін жаңғырту. Қазақ өнерінің шексіздігі сонау аспан әлемінен бастап, құрт-құмырсқаның жүрісін де бейнелей білген. Қазір қолөнершілер тек қошқар мүйіз оюын негізге алып, бұйым жасайды. Ал менің туындыларым қазмойын, қазтабан, құсқанат, құсмұрын, ағаш, бітпес, гүл, жапырақ, жауқазынгүл, ирек, ирексу, өткізбе, райхангүл, су, үзілмес, үшжапырақ, шиыршық, айыртұяқ, арқар мүйіз, атерін, тайтұяқ, түйетабан, омыртқа сынды көпшілік біле бермейтін оюлармен әсемделген. Құрақ құрау да сондай. Көпшілігі ши құрақты негіз етеді. Шын мәнінде, құрақтың табиғатқа, жануарларға және геометриялық, аспан әлеміне байланысты түр-түрі бар, – дейді Ақтоты Әбибуллақызы.
Па-шіркін, шебердің қолынан шыққан өнер туындыларын қарап, көшпелі қазақтың салт-санасы табиғатпен үндесіп, тіршілік атаулыны тануға бағытталғанын аңғарасыз. Арыстанның айбатынан, көк бөрінің келбетінен, қаздың табаны мен құстың мойнынан шабыт алып, нәзіктікті әспеттеп, ою шығара білетін кемеңгерлік әпсана тек біздің халыққа тән шығар, сірә! «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған «Аң стилі» дәстүрі де осынау табиғаттан туған ұғымдармен етене жақын. Қысқасы, Ақтотының таңқаларлық туындыларымен танысу арқылы қазақ өнерінің шексіздігіне, ұмыт бола бастаған ою-өрнек пен құрақ түрлеріне қанық болдық.
Ою – бүгінгі күннің брендіне жататын өнер түрі. Қиыннан қиюластырып, ойдың ұшқырлығымен, қолдың ептілігімен өрнектелетін қазақы оюға шетелдіктердің өзі таңданыспен қарайды. Әттең, мұндай асыл өнерді дәріптей алмай жүргеніміз өкінішті.
–Қызымды ұзататын болғандықтан, қыз жасауын жасайтын түрлі кәсіпкерлердің туындыларын көрдім. Алайда, Ақтотының қолынан шыққан құрақ көрпешелері мен жастықтары ерекше тартымды. Өнімінен жылылық, нәзік сезімді байқайсыз. Алыста болсақ та, бір-бірімізбен байланысып, қажетті жабдықтарды алдырдық. Көрпе-төсектің сапасы да жоғары. Сондықтан жаңақорғандық жас анаға өнерің жандана берсін деп тілеймін, – дейді байқоңырлық Оңталап Каукабаев.

P.S.: «Өткенді еске алып, ойға толам,
Сұрыптап тезге салып, көп ойланам,
Ой түбіне жете алмай титықтасам,
Қолыма қайшы алып, ою оям». Бұл – мұзбалақ ақын Мұқағалидың ою туралы жазғаны. Оюдың қазақ тіршілігіндегі рөлін бір ғана шумақ суреттеп тұрғандай. Ал оны меңгере білу – қас шебердің ғана қолынан келмек. Біз Ақтотының бойынан өнерге, салт-дәстүрге құштарлықты, руханиятқа деген адалдықты аңғардық.

Ханзада ДОШАН
13 шілде 2019 ж. 1 641 0