№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМ

ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМ


«Біз тойларды тарихтан тағылым алу, ұлылықтан ұлағат алу үшін өткізуіміз керек». Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл ұлағатынан тарихтан өнеге алмай болашаққа байыпты қадам жасау қиын екендігін ұғасыз. Біз тарихтан қандай тағылым алуымыз тиіс?
Биыл Жаңақорған ауданының құрылғанына 90 жыл. Айтулы дата ауыл-ауылда жоспарға сай кең көлемде аталып өтуде. Әрине, бұл – Жаңақорған топырағында 1928 жылдан бергі уақытта тіршілік болды деген сөз емес. Мұнда адамзаттың ізі ықылым замандардан сыр тартады...
Жаңақорған тарихы киелі Қаратау өңірінің сонау көне замандардан бастап, Ұлы Далаға кең тараған көшпелілер өркениетінің ошағы болғандығын көрсетеді. Көнеден жеткен ескерткіштердің құндылығына сай баға беріп, «Қаратау – адамзаттың тас бесігі» деген тұжырым тарих ғылымында нық орныққан. Оған таудағы петроглифтер дәлел. Бүгінде әр түрлі тәсілдермен салынған жануар мен адамдар бейнесіндегі таңбаларды Қаратаудан көптеп табуға болады...
Бұл далада Орта Азия мен Қазақстанды қоныс еткен сақтардың мәдениеті қалған. Жаңақорған кентінің оңтүстік-шығысындағы (МАИ бекеті) көне Сақ дәуіріне жататын қорымдар соңы айғақтайды. Кент аумағындағы 18 сақ обасы 45 жыл бұрын космостан түсірілген сурет арқылы белгілі болды. ХХ ғасырдың 80 жылдардың басында аудан басшылығы арнайы қорғау аймағы ретінде белгіледі. Қорымдарға зерттеу жұмыстарын жүргізген Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің жанынан ашылған «Archeo-service» ЖШС б.з.д. 1-мыңжылдықтың орта шеніне жатқызыпты.
Одан кейінгі дәуірлерде де тіршілік үзілмей, өркениеттің өзегіне айналды. Сыр бойын қара шаңырақ деуі де содан. Ғұндар мен қаңлылар, оғыздар мен қыпшақтар құрған мемлекеттің құтты қонысына айналды.
Орта ғасырларда Жаңақорған аумағы тоғыз жолдың торабына орналасқандықтан да ру-тайпалардың көші-қон үдерістері мен елдік жолындағы шиеліністі оқиғалар өрбіді. Содан болса керек-ті, Дешті-Қыпшақ пен Ақ Орданың, Қазақ хандығы кезеңіндегі аңыз-әңгімелер мен жырлар, жер-су атаулары атадан балаға беріліп келді.
Ынтымақ пен ырыс, береке мен бірлік дәуірлеген замандарда ондаған гүлденген қалалар болды. Бүгінде Сыр бойында сыры ашылмай, құмға көмілген қалалар мен қорғандар содан хабар беретіндей. Көнекөз қариялардың айтуынша, Сайраннан шыққан лақ үйлердің шатырынан-шатырына секіріп Сығанақтан түседі екен. Расында, Сыр бойындағы Өзгент, Ордакент, Аққорған, Келінтөбе, Балапантөбе, Мейрамтөбе, Тақиятөбе, Аркөк, Асанас, Баршынкент, Құмиян және т.б аты белгіліс ескі орындар осы ойға еріксіз жетелейді.
Жаңақорған жерінде қазақ халқының басын құраған Ақ Орданың астанасы Сығанақпен мақтанамыз. Онда Орыс, Тоқтамыс, Әбілхайыр, Қасым хан билік құрды. Жаңақорған даласы – Қазақ хандығының құрылуы және қалыптасу кезеңіндегі тағдыршешті тарихи оқиғаларға да куә болды.
Жалпы, қазақ даласына ислам өркениетін әкелген Әбді-Жәлил баптың жамбасы тиді. Хусамиддин Сығанақи, Қылышты ата мен Төлегетай, Қылауыз, Бақсайыс, Айқожа ишан Жаңақорған өңірінің төл тұлғалары.
Ұлы Дала Елінде алауыздық пен бытыраңқылық жайлаған заманда моңғол басқыншылығын, жоңғар шапқыншылығын көрді. Одан кейін қоқандықтардың өктемдігі мен орыстың езгізін сезінді. Одан кейінгі кезеңдер хатқа түсіп, қатталды...
Бір сөзбен айтқанда, ерте замандардан Қаратау мәдениеті үздіксіз дамыды. Бұл далада көшпелілер өркениетінің алғашқы іргетасы қаланды. Қала мәдениеті қалыптасты. Көшпелі өркениет пен отырықшылық дәстүр қатар дамыды. Ислам дінінің байрағы тігілді.
Міне, біздің ұлттық жады мен тарихи тағылым осыған меңзейді. Жастардың санасына осындай ұлық кезеңдерді сіңіріп, жаһандануға қарсы иммунитетін күшейту қажет-ақ...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
16 қазан 2018 ж. 1 818 0