№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » АСЫЛДЫҢ ДӘУЛЕТІ ЕМЕС, ІСІ МҰРА

АСЫЛДЫҢ ДӘУЛЕТІ ЕМЕС, ІСІ МҰРА

Туған жеріміздің бүгінгідей өсіп-өркендеген көрікті келбетінде қаншама тұғырлы азаматтардың қолтаңбасы жатыр. Өзінің қызметтік, лауазымдық деңгей-дәрежесімен атамекеннің тынысын ашып, алдыңғы қатарлы аймақтың қатарына қосу бір басқа, өзі өмір сүрген ортада көптің көңілінен шығып, жабыққанды демеуімен жұбатып, жылағанның көзінің жасын құрғатып, көкіректерге үміт шуағын жаға білу сәулелі сезімді, мейірімді жүректі азаматтарға тән қасиет болса керек.


Үлкен жүректі қадір-қасиетімен өзі аз ғана ғұмыр жасаса да көп көкейінен орын алып, саф тазалықпен астасқан ақжарқын бейнесі мыңдардың жүрегінде асқақ қалпында сақталып келе жатқан осындай тұлға – Назарбекұлы Алғашбек туралы айтылар сыр аз емес.
Ол 1954 жылы шілде айының 28 жұлдызында дүниеге келді. Әкесі Назарбек партия қызметкері, анасы Дина Абытова көп жылдар ұстаздық етті. Алғашбек аудан орталығындағы №169 орта мектебінде оқыды. Онжылдықтан соң Алматы қаласындағы ауыл шаруашылық институтында инженер мамандығы бойынша білім алды. Еңбек жолын аудандық ауылшаруашылық бөлімінде инженер-механик болып бастайды. 1981-1985 жылдары аудандық комсомол комитетінің 1-ші хатшысы болып қызмет атқарды. 1982-1992 жылдары поселкелік совет атқару комитеті төрағасы, одан әрі аудандық кеңес атқару комитетінің жауапты хатшысы, кейін ол тараған соң аудан әкімі орынбасары болып қызмет атқарды.
Бар-жоғы қырық төрт жыл ғұмыр кешкен ол қаршадайынан қоғамның қызу ортасынан табылды. Қысқа да болса мағыналы ғұмырында жастарды жақсылыққа жігерлендірген инициатор, өткен тарихтың өнегесіне адал ұлтжандылығынан танбады.
Алғашбек кентті басқару тізгінін қолға алған жылдары көптеген тіректі бастамалар дүниеге келді. Көпшіліктің тілегіне орай қоныс ортасын кесіп ағып жатқан көлдің үстінен көпір салып, айналасының реттелуіне күш салды. Кент көшелерінің абаттануына, көркейту-көгалдандыру жұмысына барынша ден қойды.
Осы жылдары орталық мешіт пайдалануға берілді.
Жеңістің 50 жылдығына орай орталық алаңда соғыс құрбандарына арналған еңселі ескерткіштің тұлғаланып, «Ерлікке-тағзым» аллеясының ашылуында сол кездегі кент әкімі Алғашбектің бастамашылдық еңбегі зор. Бүгінде ол мәңгілік ерліктің мұрасындай мызғымас құдыретімен жас-кәріге бірдей қайсар рухтың қасиетін ұлықтап тұр.
Онда туған топырағымыздан соғыс даласына аттанып, қайтып оралмаған, хабарсыз еткен боздақтардың есімі түгелдей жазып қойылған.
Жастар ұйымының жетекшісі, одан кейінгі кезеңде партия жауынгері болған Кеңес қызметкерінің карьерадағы жетістіктерін тізбелеу емес еді мақсатым. Кез-келген алдына мақсат қойған қоғам қайраткерінің қарым-қабілетіне қарай түрлі сатылардан өтуі заңдылық. Сонымен қатар керітартпа кедергілердің көлеңкедей еріп, жарқын ниеттіге көсе-көлденеңдеп тұрар көріністеріне куә болған сәттер де аз болмады. Бірақ ең бастысы, тұлғаның жақсылыққа өте құштар жеке басы қадір-қасиетіне ешнәрсе тосқауыл бола алмасы анық. Ағамның бүкіл өмір жолынан мен осыны таныдым. Ата-әжемнің тұңғыш немересі болғандықтан әке-шешемді «аға, жеңеше» деп атап ержеттім. Ол екеуі де ата-анасының көзінше бізді еркелетіп, баламыз деп бауырына басып, еркін құшып сүйген емес. Тіпті менен кейінгі бауырларым да осы көрген тәртіппен өсті. Ағамның үйден гөрі түзде көп болып, уақытпен санаспай, жұмысты беріле атқаратыны көз алдымда қалыпты. Жұмыстары жөнінде ата-анасына есеп беріп отыратын. Көшелердің жөнделгені, тас төселгені, шет көшелерге ауыз су келгені, жалпы халықтың мүддесіне сәйкес келетін жетістіктердің барлығында ағамның қолтаңбасы бар екеніне әрине жүрегімді мақтаныш кернейтін. Сол кездің өзінде ағам маған алатаудай биік көрінетін.
Аз ғана уақыт ауырып, өмірден өткен әкемнің қазасына дұға қылып келгендердің ішінде бейтаныс апалардың: «Айналайын-ай, қаза болғанын естіп, үйімізде отырып қатты егілдік. Қысылғанда жағдайымызды айтып, алдына кіргенімізде лебізімізді жерге тастамай, қолынан келген көмегін жасап, нан-суымызға дейін қамтамасыз етіп қиын күндерде таяныш болып еді. Тәңір-ай, ол жаққа да жақсы жандар керек екен-ау» деп күйзелгендері есімді.
Жағдайы төмендерге жаны ашып, қолдан келген қайырын аямайтын кеңпейіл қасиеттерін көп адамның аузынан естуге болар еді. Кент әкімшілігінің есепшісі Сапура апай бірде оның алдына келгендерге өз айлығы есебінен ақша бергізгенін айтқаны бар еді.
Өтпелі кезеңдерде халық бес-алты айлап жалақы, зейнетақы, жәрдемақы ала алмай қатты сансыраған кездер болды ғой. Осындай күндері үйге деп әкеле жатқан көмірді көп баласы бар көрші үйдің жағдайына жаны ашып, сол үйге түсіріп бергенін көргенмін. Мұндай жомарттық басшының барлығының бойында бар деп айта алмас едім.
Ағам өмірден озған 1998 жылы мен оныншы сыныпты енді тәмамдаған кезім еді. Айран-асыр түс көргендей болып жан-дүниеммен «әкешім» деп жылай да алмадым.
Оның соңында бүкіл болмысының бекзат белгісіндей болып мыңнан астам күн сайын, қолы қалт еткенде өзі сүйіп оқитын көркем әдебиеті қалды. Қазақтың, орыстың, шетел классиктерінің том-том кітаптары әкемнің ең жақын сырласы еді. Біреуді аса қуантқысы келсе де кітап сыйлайтын. Әдебиетке қатты құштар еді. Ең үлкен демалысы – күнделікті газет-журналды оқуға уақыт тапқанын қымбат олжа санайтын.
Үй ішінің ұйғарымымен соңында қалған кітаптарын өзі оқыған алтын ұясы – аудан орталығындағы №169 орта мектебіне сыйға тартуды жөн санадық. Қазірде бұл оқу ошағында Алғашбек Шаухаманов атындағы арнайы сынып бар.
«Орнында бар оңалар», дегендей, ата-әжеміз, анамыздың арқасында кемдік көрмей өсіп-жетілдік. Отбасындағы үш қыз, екі ұл, барлығымыз да жоғары білім алдық. Қазірде үш қыз тұрмыста, балалы-шағалы болып, өсіп-өркендеудеміз.
Атамыз Назарбек ауданның «Құрметті азаматы» атанса, әжеміз Дина Абытова «Құрмет белгісі» орденін алған ұстаз еді. 2010 жылы өмірден озды. Бүкіл отбасының жауапкершілігін арқалаған анамыз Аягөз Алпамысқызы аудан орталығындағы №51 орта мектебінде қырық жылға жуық ұстаздық етіп, биыл зейнеткерлікке шықты. Кешеге дейін қарт атамызды бағып-қағып мәпелеп батасын алды.
Төркініме кеп, бірер күн қонып жатып, байқағанымда інім Сырлыбектің атасының жағдайын бес саусақтай біліп, бабын жасай білетіні таң қалдырды. Әкеміз біздің ата-анаға сондай мейірбан болатын. Арман – қалауын айтқызбай біліп, орындайтын. Әкенің осы дағдысынан өнеге алған ғой дейтіндей емес, ол кісі өмірден озғанда Сырлыбек бірінші сыныпқа енді барған болатын. Қаршадай бауырымның бойындағы бұл үлгі-қалыптың барлығы қаннан, қасиеттен деп санап, соған разы болдым.
Жасы тоқсаннан асқан шағында қадірлі атамыз да өмірден озды. Атамның төрдегі орны қаңырап бос тұр. Кешегі жолы Қызылордадан арып-ашып, туған шаңырағыма келгенімде анамыздың жас келін кезіндегідей кәдуілгі тірлігінен үстінен түстім. Көңіл қойып, қолы босап, бұрылатын рай байқалмайды. «Үйге кіре бер» деген соң ішке еніп, жым-жырт үйде бұған дейін дүниеде ең жақын тұтқан атамды да, әжемді де таба алмай, шын жалғыз қалғандай жылап жібердім. Сырттан енген анам болса маған аңтарылып қараған күйі бұдан былай атаның да, әженің де, әкенің де, барлығының орнын өзі жоқтатпай, бізге шын еге болуға тиіс алатаудай жауапкершіліктің салмағын енді мойындағандай көңілі толқып келіп зор мейіріммен мені құшағына алып, шашымнан сипады.
Менің де бізді осы күнге жеткізген анама айтар алғысым шексіз еді. Мен ғана ма, бүкіл әулет ол кісіні құрметтеп «біздің Бибіпатыма анамыз» деп атауын ешқандай құрмет-қошемет алмастырмақ емес.
Меруерт ШАУХАМАНОВА
26 шілде 2019 ж. 713 0