Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

СЫНЫПТАСҚА ХАТ


Қадірлі дос, ақ Баяным! Екеуміздің көріспегенімізге отыз бес жыл зымырап өте шығыпты. Бұл аз уақыт емес. Осы уақыт ішінде басымыздан не қилы жағдайлар өтті. Уақыт деген құдірет қуатты, біз соның құлы ғанамыз. Өмір-күресте жеңген де, жеңілген де, қуанған да, жұбанған да, сүрінген де, жығылған да кезіміз аз болмапты. Соның барлығында тап-таза мөлдір шықтай балалық шағымыздың тәтті елестері таңғы ұйқыда әлдилеп оятады. Сол елестердің бір түкпірінде сенің де бейнең күлімдеп тұр.


Екеуміз айырылмастай дос едік. Мектептегілер "Володья Ульяновтың қарын­дастары келе жатыр" дейтін қолтықтасып жүретін екеумізді. Сынып­тың үздігіміз. Қысқа бұйра шаштарымыз желбіреп, мектептің белсендісі едік қой. Сен староста, мен тазалықшы едім. Жетінші сыныпты бітірген жылы сендер ауылдан көшіп кеттіңдер. Менің жылағанымды көрсең. Бір жылға дейін жалғыздыққа үйрене алмай жүрдім.
Оныншыны бітіргеннен кейін мен Қазақ химия-технология институтына оқуға түсіп, инженер-технолог маман­дығын алып шықтым. Бір жыл ғылыммен шұғылдандым. Тұрмысқа шығуыма байланысты қызметтен қол үзіп, Сарыағаш ауданы Абай ауылындағы орта мектепте химия-биологиядан сабақ беретін мұғалім болып орналастым. Еңбектен қол үзбей Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті химия-биология факултетінде білім алдым. Жолдасым өте тамаша азамат еді. Тағдыр ғұмырын қысқа етті. Соңында өзі болмаса да көзі - Нұрсұлтан, Ерсұлтан, Нұрғиса атты перзенттерді маған аманатқа қалдырып, өзі өмірмен қош айтысып кете барды. Біз бар болғаны 8 жыл ғана отастық. Отыздан енді ғана асқан шағымда балаларымды құшақтап қала бердім. Сол ауыр шақтарда маған не көмекке келді дейсің бе, Баян? Болашаққа деген зор сенімім. Сол маған қайтпас қайсарлық, сарқылмас қуат, үзілмес үмітті сыйлады. Ешкімге де, ешнәрсеге де кіріптар етпей, өз еңбегіме, Абай ақын айтқандай "Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап" деген қағиданы қазық санатты.
Баян, біз мектепте жүргенде намысшыл едік қой. Мектепішілік қандай жарыс ұйымдастырылса да жеңіске жетуге тырысып, тынымсыз ізденуші едік. Пионерге, комсомолға өткенде берген антымызға адал боламыз деп тырысыппыз. Сөйтіп жүріп өз-өзімізді әбден шыңдаппыз. Қоғамшылдық, көптің мүддесіне тер төгу қанымызға сіңіпті. Сол қасиет бізді қандай сында да рухымен демеп, жығылғанда жебеп келіпті.
Өмір тек сәттіліктен тұрмайды екен. Осы ретте маған анамның өмір жолы үлкен сабақ болды. Анам Ажайым ағасы Айдарбек екеуі ата-анадан жастай жетім қалып, ағайынның қолында тәрбиеленген. Анамыз қанша зерек болса да жетіншіден кейін оқуын жалғастыра алмай, шаруашылықта жұмыс істеп, жалақысымен зооветеринария тех­никумында оқып жатқан ағасынан жәр­демін аямаған екен. Өзі он жеті жасында менің әкем Арысбеков Базарбекке тұрмысқа шыққан. Есі-дерті білімге ауған көзі ашық жан енді келген жерінде ата-енесіне көмекші болып, ерін оқуға аттандырып салады. Совхоздың қарауындағы бір отар қойды меншіктеп күтіміне алған атасының жәрдемшісі бола жүріп, үй шаруасын, бала күтімін өзі атқарған.
Бірде атасы көрші шопанға қой айдайтын болып, өзі жарамай малды келінінің алдына салып береді. Мал өргізіп шыққан келіншектің алдындағы ақтылы қой дүрліге шауып, опыр-топыр болады да қалады. Қой шетіне қасқыр тигенін жорамалдаған жалаң қол жаулықты не істерін білмей "Алыпсоқ, Алыпсоқ!" деп ауылда қалып кеткен итінің атын атап, айқайға басады. Әлден уақытта тыншып, бас-аяғын иірген тірсектілерді қуалап әкеп, межелі жерге жеткізген соң "қасқыр көрдім, мылтығыңызды беріңізші" деген сөзіне көрші шопанды иландыра алмайды. Қайтар жолда қолына томар алып, әр бұтаның арасынан аңдап басқан жүректі келіншек ақ шеңгелдің түбіріне басын тыға қалғыған қасқырдың үстінен түседі. Жаралы ма, жәй жатыр ма, шамалауға жағдай қайда, жалма-жан қолындағы дәу томармен қасқырды қақ маңдайдан бір перді. Көкжалдың ең жанды жері осы дегенді естіп қалғаны бар еді, үсті-үстіне соққыны періп-періп жіберді. Бар ойы, қазір мені жеп қояр деген қауіппен аяу, аяну дегенді ұмытып, өзі де қара терге түсіп, саусақтары қарысып қалды. Сылқ түскен қасқырды өлдіге жорып, не де болса елге әкелейін деп аяғынан сүйреп, ауыл шетіндегі Меңлібек қарияның үйіне тоқтады. Әлем - тапырақ болып кеткен келінінің түрінен шошынған қария қолындағыға көзі түсіп жай сұрады.
– Ит пе, қасқыр ма, білмеймін, соғып алдым, – деп келіні болған жайды баяндады.
– Бұл - қасқыр, – деді Меңлібек қария. - Қасқыр болғанда да қасқырдың арланы. Таңданысын баса алмай таңдайын қаға берді. Терісін сыпырып беріп, одан ісмер ене ішік тігіп, сатып, қаржысына қанша күн бала-шағаға азық етіпті.
Міне, анамыз осындай қарулы кісі болған. Совхоз басшылығы осы ерлігіне медаль табыстап, аудандық газет редакторы Айдархан Бибасаров, "Қасқыр соққан келіншек" деген очерк жазыпты. Анамыз үй тірлігіне де өте ұсынықты еді. Бізді де дәл сондай ұқыптылыққа тәрбиеледі. Кілем тоқып, киіз басу, ағарғаннан түрлі дәм дайындап, дастарханды жайнатып қою, іс тігіп, бала-шағаның иығын тоздырмау – бұл анамыз меңгеріп қана қоймай біздің бойымызға сіңірген салт-дәстүрдің сырлы сипаттары еді. Отбасында екі ұл - Дәулетбек пен Шекербектен өзге алты қызы - Дариха, Маржан, Балжан, Ұлсерік, Ұлбосын, Қанағаттың бойына осы қасиеттерді егуге барынша тырысыпты анамыз. Біз содан жаман болдық па? Еңбекқорлықтан. Өз күш-жігермізге сыйынған бейнеткештіктен. Қайта ата-ана бойынан ауысқан сол үлгімізді өмірімізге өзек етіп алып, тағдырдың тайғанақ жарында таяныш еттік емес пе? Тіршілік атты ұлы майданда ата-ана өсиетін мұрат тұттық. Сол заманның иделогиясы деген осы ғой. Ата-ана тағылымы ғой. Иделогия деген аспаннан түспейді. Ол сенің алдыңғы толқыннан көргенің, айналаңнан алған тәлімің, тәрбиең, насихатың емес пе? Кешегі ұрпақтың ұтқан тұсы-осы. Яғни тәрбие тіні мықты болды. Біздің не қиындықта тура жолдан адаспай, абыройға қол жеткізуіміз осынау ғазиз жандардың ғажап тәрбиесінің арқасы. Бүгінде жастарға берілетін иделогия әлсіз деп жүрміз. Иделогия емес, өзіміздің ертеңге деген сеніміміз селсоқ, жігеріміз кем, әдебіміз әлсіз, тәртіміз тиянақсыз болып жүрген жоқ па деген ой мазалайды мені.
Елбасы "Рухани жаңғыру" дегенде алдымен аға ұрпақтың есін жинап, асылын аңдап, қадір -қасиетін түгендеуін меңзеп тұрған жоқ па? Иделогияның жауынгері ретінде өзің не деп жауап айтасын бұған, құрбым?
Соңғы жиырма жылда Шымкент қаласында әйелдерді түзеу колониясы жанындағы кешкі мектептің директоры болып қызмет атқарып келемін. Әрине, тағдырлы жандармен жұмыс екі есе ауыр. Оларға білім беріп, толыққанды азамат қатарына қосуды парызым деп есептеймін.
Қазірде балаларымның алақанында отырған бақытты әжемін. Соңғы кезде газет сайты арқылы сенің мақалаларыңды түгел оқуға мүмкіндік алдым. Әр жазғаныңнан өзімді, өзімнің ой -пікірімді көргендей боламын. Мұнда не сыр бар? Уақытымыз бір, тәрбиеміздің егіздігі ме, әлде сыныптас атаулының сыры бір, жан-дүниесі ортақ болады ма екен? Бәрінен бұрын өмірде өзіңді түсінетін жан досыңның болғаны қандай жақсы. Мен сондықтан да өзімді бақытты сезінемін.

Сәлеммен сыныптасың Ұлбосын АРЫСБЕКОВА.
06 шілде 2019 ж. 943 0