№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Базарымыз тарқамасын

Базарымыз тарқамасын

Жұмыс аяғына таман ұялы телефоным шырылдады. Көтеріп едім: «Хал-күйің қалай? Есен-сау барсың ба? Мені танымадың ба, Ұлбосынмын ғой» деді қоңыр дауыс. Көз алдыма өзім білетін Ұлбосындар елестеді: Түкібаева, Юбилейныйдағы сары қыз, тағы кім? Осылай ойлағанша болмады. «Мен баяғы «Коммунизмдегі» Арысбекова Ұлбосынмын ғой. Ұмытып қалған жоқсың ба?» дегені. Тосын сезім сана түкпірінен жарқ етті. «Қалай ұмытайын мен сені, Ұлбосын? Екеуміз жетіншіге дейін бірге оқыдық. Айырылыспас дос едік. Сегізіншіге көшкен жылы біз аудан орталығына көшетін болдық. Екеумізге айырылысуға тура келді. Содан бері аттай отыз алты жыл өтіпті арада. Жылдар зулап, көп нәрсе ұмыт қалар. Бірақ балалық шақтағы естеліктер көңіл түкпірінде өшпестей орнығып қалады екен. Оны ұмыту мүмкін емес. Ұмытпақ түгілі анда-санда есіңе түскенде ет-жүрегіңді елжіретіп, бейкүнә қалыпқа бөлеп, барлық нәрседен азат, ерке де, еркін, тәп-тәтті естеліктермен жаныңды аялай тербейтіні ше? Ауылымның адамдарын да ұмытқаным жоқ мен әлі. Ұлбосын тұрмақ Ұлбосынның отбасын түгел білем. Тұңғыштары Дәулеттен соң үш қыз өмірге келген, ата-ана шіркін ұлымызға серік болсын деп келесі перзентінің есімін Ұлсерік қойған, одан кейін тағы қыз болған, ендігісі ұл болса екен деген тілекпен оның есімін Ұлбосын қойған, содан кейінгісі ... тағы да қыз. Қой, барына шүкір, осыған да қанағат деп Қанағат қойған. Ұлбосын өзі баяғыда айтып берген осы сөзі ойыма оралды. Дәулет, Балжан, Маржан, Дариха, Ұлсерік, Ұлбосын ... Қанағат, – дедім. Ұлбосыным рахаттанып тұрып күліп алды.
«Мен де ұмытқан жоқпын» деп үй-ішімді түгел сұрап шықты. «Сендер Жаңақорғанға көшіп кеткен соң біраз уақытқа дейін жылап жүрдім» деді ол. Көңілімді дәл баяғыдай сағыныш биледі. Емен-жарқын әңгімелесе келе Ұлбосынның айтқаны, онжылдықтан кейін бұлар да Шымкентке қоныс аударған екен. Содан кейін ауылға ат ізін сала алмапты. Енді екі жеңді түрініп, кластастарды іздеуге ден қоя кірісіпті. Біразын тауып, 68-дердің группасын ашыпты. Енді осы группамен байланыста болып, ауылда өтетін кездесу кешімізді нақтылауға тиіс екенбіз. Ұлбосын екеуміз бірінші кластан староста, класком болып үйреніп қалғанбыз ғой, біраз нәрсені талқылап тастадық. Сонымен, маусымның жиырма төртінде туған ауылымыздағы алтын ұяда бас қостық. Ауыл мешітіне барып, өмірден озған құрбыларымызға дұға бағыштадық.
Жан-жақтан жиылған құрбы-құрдасқа Серік пен Сәбиттің үйі арнайы дастархан жайып қойыпты. Сол жерде біз бір-бірімізбен кездестік. Гүлназ, Мәди, Сәуле, Бикелді, Қошақан, Жәмила, Зәбира...
Жетіншіден кейін енді кездесіп тұрғандықтан 1 клас­тан бірге оқыған құрбыларымның бір-екеуін жыға танымай қалдым. Оған күлмей-ақ қояйын, олардың да біразы мені әрең шырамытты. Менің көз алдымда сақталған бейнелерді естияр қалпында елестетуге болады, бірақ көзқарас басқа. Ал мінез... Кісінің мінез-құлқы, әдет-дағдысы көп өзгере қоймайды екен. Баяғы ұяң мінезді Серік. Әлі сол қалпы. Көп үндемей, тек тыңдап қана отыр. Бірақ бұл Серіктің жүрегі сондай нәзік. Баяғыда сабаққа келе жатып, өзімен ере шыққан күшігін көлік қағып кетіп, Серіктің партаға жатып алып жылағаны есімде. Бірінші сабаққа енген Хадиша Шүкірова апай «не болды?» деп сұрап еді «қағып кетті» дедік бәріміз. Апайдың зәресі ұшып кетті. «Күшігін қағып кетті, соған жылап отыр» дегенді естіп, енді Серіктің өзіне ұрысты. Осы оқиғаны айтып біраз күлістік. Өзі дым сөйлемей, күліп қана отырған Ғаниға назарым ауды, екінші қатардың бірінші партасына отыратын, өйткені көзі нашар, көзілдірік киетін. Бір күні алыс-жұлыста көзілдірігінің ілмешегін сындырып алды, ол кезде оптика қайда, сатып ала қоятындай жалғыз дүкенде оны таппайсың. Біздің Ғанекең еш саспады, сынған көз әйнегіне бау тағып алды.
Ғани әлі де көзілдірік киеді екен. Өзі тауда қой бағады деді. Баяғы оқымайтын Ғани емес, әрнеден хабары бар сияқты. Тіпті маған ойлы көзбен қарап, «Мен сенің мақалаларыңды қалдырмай оқып тұрамын. Бізге газет-журнал бармайды. Сайттан тауып оқимын. Ертең Шиелі ресторанында елуге толған туған күнімді тойлаймын. Соған бір сағатқа болса да келіп кете аласың ба? Жазушы кластасым келді деп мақтанайын» дегенде жиырма бір кластасымның ішінде қарапайым қалам иесін бағалап, құрметтей білген Ғанидың парасатына таң-тамаша қалдым. Балалық шақтағы тым ұяң, қиялшылдығының астарында бізге беймәлім болмысы жасырынып жатыр екен ғой. Мынау біздің Бақытымыз. Бәрін өзі өлшеп-пішіп кесіп отыр. Өйтетін жөні бар. Кластастардың ресторандағы кешкі дастарханына қаржыдан қысылғандарды өзі көтермек. Негізі ақшасы көптің мысы басым, беделі биік болады ғой. Дегенмен Бақыт мәрт екен. Ақтаудан Шымкент аэропортына ұшып келіп, осы маңдағы қыздардың барлығының бару-келуін өзі көтермек болыпты. Бүгінде ақшасы көп адамдар аз емес. Бірақ дос көңілі үшін осындай амал-әрекетке баратын жомарттарды табу қиын. Сондықтан бәріміз Бақытқа шын көңілден Алла разы болсын дедік. Оның дос көңілі үшін атқарған жақсылығының сауабы қажылықтың сауабынан да ауыр келерін айтып, көңілін шаттандырып қойдық.
Мағынаға толы кездесу кешімізден соң жан-жаққа тарасқан кластастардың ұялы телефондағы «группасына» содан кейін де хат-хабар жауып жатты. Жақсы тілектер, жақсы әсерлер. Кейде 200-дің үстінде, кейде 300-дің үстінде, оқимыз да отырамыз, оқимыз да отырамыз. Ара-тұра анекдот, анайылау ойын-күлкі, «елудегі махаббат» секілді егде тартқан жасымызға жараспайтын жеңілтектеу қылықтар тұнық ойымызды тіксінтіп, сәл өкінтіп те тастады. Жан-жарының мезгілсіз мінез жамаған мерекесіне көңілі қалыңқыраған күйеу балдарымыздың күмәнін қалыңдатқан «жұмбақ жазбалар» ешқайсымызды бей-жай қалдырмайтын сияқты. Елуге келіп, ес жиып, етек қымтап, бала-шағаға бас-көз болар шақта біздің әр іс-әрекетімізден ерекше байсалдылық, ақылмен суарылған адамдықтың айнасы ерекше жарқырап тұрса оған анау-мынау өсек-аяңның жууы мүмкін емес. Бөтен еркек пен бөгде әйел оңаша отыра қалса шайтан міндетті түрде өз міндетіне кіріседі деген бар. Иманы мықты оған дес бермейді. Ал рухы әлсізді абыройдан жұрдай етуі мүмкін. Күнбе-күн группада шер тарқатып, селфи алмасуды селтеңбайлардың қымбат уақытты ысырап еткен ынсапсыз қарекетіне теңесем оны кешіре гөріңдер, құрбылар! Бұл дүниеде одан да қымбат, одан да аяулы бір ұғым бар. Ол – жүрек тазалығы.Біз балалығымызға саяхат жасап, бір тазарып, бір жасарып қалғандай болдық. Балалық шақ – біздің пәк күндеріміздің аяулы бесігі. Оны анау-мынау қияли романтикамен былғауға болмайды. Бәріміздің де алдағы өз өміріміз бар. Баяғы балғын жас жарты ғасырда бас қосып, арғы-бергісін таразылап, өз-өзіне есеп беріп, болашаққа бір тілекпен қадам басса несі ерсі, несі мін? Тек бір-бірімізге ізгі тілекте жүрейік дегім келеді. Сағынғанда телефон соғып, хал-жағдай білісіп, бір-бірімізді тойымызға шақырайық. Мен сендердің барлықтарыңды да жақсы көремін!
10 шілде 2018 ж. 899 0