№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » КІШІПЕЙІЛДІЛІКТІҢ КӨРІНІСІ

КІШІПЕЙІЛДІЛІКТІҢ КӨРІНІСІ

Жаһандану заманында өшкенді жандырып, өлгенді тірілтіп, ұмыт болғанды жаңғыртып, ұлттық иммунитетті арттыру маңызды. Осы ретте, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында адамдар арасындағы сыйластықты арттыратын ат тергеу салтын жаңғыртсақ қайтеді? Себебі, ат тергеу – ізеттілік, көргенділк, кішіпейілділік қасиеттерінің биік көрінісі емес пе еді?

Жасыратыны жоқ, қазіргі жастар ат тергеу дәстүрін ұмыта бастады. Жаңа түскен келінге ағайындарды таныстырудан соң, олардың өзіндік ерекшеліктерін де ескертеді. Мұны дәстүрімізде «ат тергеу» немесе «ат қою» деп аталады. Жас келін үлкен кісілерді тура атын атамаса, жас балаларды еркелетуі тиіс.
Расында қазақтың келіндері ата-енесі, қайын ағасы, қайын сіңлісі мен қайныларының атын атамаған. Дәстүр бойынша келін отбасы мүшелеріне өзіне қолайлы ат қойып алады. Мұның бәрі үлкенге құрмет, кішіге ізет етуден шыққан әдептіліктің бастауы, сыйластықтың белгісі. Мәселен, жеңгелері үйдегі қыз балаларды «шырайлым», «кекілдім», «үкілім», «арайлым», «күлімкөз» десе, ер балаларды «кенже бала», «ерке бала», «төре жігіт», «мырза жігіт» деп еркелетіп атаған.
Қазақ халқында өзінен үлкен адамның атын тура атау анайылық болып саналады. Мәселен, дәстүрімізде шаңыраққа келін түскен кезде, сол әулеттегі адамдарға сәлем салуды, әулеттегі үлкен-кішінің аттарын тікелей атамай астарлы теңеулермен айту керек. Бұл дәстүр келіннің қайын жұртына білдіретін сыйластығы.Бір жағынан келіннің көрегендігін сөз тапқырлығын, әзілқойлығын анықтау үшін, қазақтар осы дәстүрді ойлап тапқандай. Қайын аға, қайын әпке-сіңілерінің, қайын інілерінің келбетімен, түр тұлғасына, қызмет бабына қарай: «мырза жігіт», «үлкен ата», «би аға», «бай ата», «төре жігіт», «мырзатай», «еркетотай» секілді атаулармен түскен келін астарлап атайды.Жалпы айтқанда ат тергеу салты туысты құрметтеуге, сыйлауға үйрететін дәстүр болып табылады.
Жеңгелер жағы небір күлкілі аттар да қоя береді. Мысалы: тапалды «сұңғағым», жайбасарды «жүйрігім» дейді. Мұның бәрі шын мәнінде сыйлас­тық пен құрметтің ерекше белгісі болып табылады. Ер адамдар да ақсақалдар мен өзінен үлкендерді ата, әке, Ереке, Аха, Жәке, Сәке деп құрметтеген. Бұл да осы ғұрыптың бір түрі. Бірақ осы аттарды бизнес көзіне айналдыратын жылпостар да бар. Мәселен, елімізде «Бәке, Сәке, Мәке» деген ішімдіктің түрі де сыйластықты жарнамаға пайдаланып, ішімдікті өтімді тауарға айналдырды. Оны көбіне құдалық тойларға көптеп алдыратын. Бертін келе, халал дастархандар көбейгесін мұны үстел басынан алдыртып тасталды. Келіндер мен жеңгелердің өмірінде кездескен небір қызықты жайлар да бүгінге жеткен.Халық аузында мынадай қызықты әңгіме бар: Бір келіншек «сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр! – депті. Сөйтсе ол Өзенбай, Қамысбай, Қойлыбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Пышақбай деген қайны, қайынағаларының аты тұр екен!
«Ат тергеу» басқажағдайларда да қолданылады. Мысалы, халық қасқырды «ит-құс» деп, қорасан, шешек, қызылша сияқты ауруларды «әулие» деп атайды. Осындай пәле-жала бізден аулақ болсын деген ырым.
Кей келіндер қайынағаларының аттарының бір әрпін ауыстырып та айтады. Мәселен, қайнағасы Бәкір болса «Сәкір қайнаға» дей салады. Қазір көненің көзін көрген әжелерімізден «Фермер бала», «шопыр қайнаға», «майор қайнаға», «әкім қайнаға» деушілер сирек болса да кездеседі. Өкінішке орай бұл дәстүр ұмытылып бара жатыр.
Кеңес Одағы тұсында «Октябрь», «Съезд», «Майор», «Жеңіс» деген аттар да көп болған. Қазір елімізде ең көп есім – «Нұрсұлтан». Қызына «Астана» есімін қойғандар да бар. Соңғы кездері ұл-қыздарының есімін Құранға қарап, сахабалардың есімдерін қоюшылар көбейді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Алаштың арыстарының есімдерін иемденген жастар легі қазір жиырмаға тола бастады. Соңғы жылдары сериалдардағы басты кейіпкерлерді таңдау да басым. Технология мен ақпараттың дамуымен ат тергеу дәстүрі ғана емес, басқа дәстүрлер де ұмытылып бара жатыр. Біз батыс елдеріне еліктейміз деп, өзіміздің түбімізді ұмытып бара жатырмыз. Бір жағынан батысқа технология жағынан еліктеуміз дұрыс болатын шығар, бірақ олардың мерекелерін, дәстүрлерін тойлап, өзіміздің дәстүрлерімізді ұмытып қалмайық.

Иса БЕРКІМБАЙ
29 маусым 2019 ж. 1 415 0